ЖОЛ

49

0

Асығып келемін. Мен жоқта бұл жолмен талайлар жүріп өтіп, талай өзгерістер болып кеткен шығар. 
Құлақ қойсаң, жолдан бір талып жеткен дыбыс естілетін сияқты. Не дыбыс болды екен? Күні бойы өткен жүргіншілердің дауысы ма екен жолға сіңіп қалған? Әлде, жер шеті қияннан алыс сапарға шақырып тұрған дауыс па? Мүмкін бұл менімен өз құпияларымен бөліскісі келетін жолдың өз дауысы болар. Не болғанда да жақсылықты айтып тұрғандай. Мен де жолдың үнемі бар болуын тілейтінімді айтып жатырмын.
Жолға түнде де келіп көрдім. Айлы түнде жол жалтырап ағып жатқан су сияқтанып көрінеді. Жол, өзен – екеуінің түбі бір-ау, сірә. Қай-қайсысына да көз салып қарасаң, бір сәт өтіп жатқан өмірдің өзін көріп тұрғандай сезінесің. Ағады, өтеді. (Өмірді жүріп өткен жолға, аққан суға теңеу де осыдан болар). Түнгі жол қараңғылыққа сіңген сайын әдеттегі бағытынан өзгеріп, бір тылсым дүниеге қарай бастайтындай көрінеді, қарадай елегзисің. Қайда болсын жол бастап алып барады емес пе?
Жол сенен ұзаған сайын өзіне тартатын сияқты. Көкжиекпен ұштасқан тұсы сағымданып, өткендердің барлығы сол жерде тоғысып, бір-бірімен қым-қуыт араласып, қайнасып жатқандай бұлдырап көрінеді. Одан әріде не бар екен? Күншығысқа көзімді көлегейлей қараған күйі сағымның арғы жағындағы жолдың алыс бөлігіне қиялмен сапар шегемін. Өз болашағыңа сапар жасағаннан қызықты, одан жарқын не бар, шіркін. Шығысқа қарай жүре берсең Арман қалаға апарады деп естимін. Осы бағытта сапарлап бара жатқанның барлығы маған үлкен мақсат арқалап бара жатқандай көрінеді, бақытына жетуге жақын қалған жандардай оларға қызыға қараймын. Жол оларды әсем де үлкен шаһарға жеткізеді. Бұл қаладағы адамдардың барлығы қайырымды жандар. Кісінің барлығына да көмектескілері келіп тұрады. Олар ертең мені де мақсаттаған жолыма сілтеп салып жіберетін болады. Шіркін, сол күн тезірек келсе екен. Мен де ертерек өзімнің жұмбақ әлеміме сапар шексем екен. Қиялымдағы сапардың мөлшер шегін білмесем де оның қуанышқа, ғажайыптарға толы екеніне күмәнім жоқ.
Жаздыгүні киіз үйде түн мезгілінде тас жолмен әрі-бері өткен көлік дауыстары жақсы естіліп тұрады. Бірі дауысы білінер-білінбес болып, зулап өтіп бара жатса, енді бірі түн тыныштығын бұзып, дарылдай ұзап бара жатады. Бірін әрі, бірін бері, естілмейтін жерге дейін ілесе шығарып салып жатып көзім ілініп кетеді. Таңертең ерте оятатын да осы үлкен жолдың дауысы. Тек күндізгі қайнаған тірліктің шуылында ғана бұл дауыстар естілмей кетеді, өзім де бір сәт сол қым-қуыт тірлікке жұтылып кеткендей боламын…
…Қаладан шығып ауылға қарай зулап келемін. Жол өзгерген, тегіс. Бұрынғы жолдың бетінде уақыт салған сызаттары болатын, шешемнің алақанындағы бейнеттің іздеріне ұқсататынмын. Қазір жол ғана емес, көп нәрсе өзгерген. (Қоғам да өзгерді). Бірақ жолдың беті тегістелген демесең, ізі бұрынғы, бағыты өзгермеген. Жаңарған демесең, жолдың өзегі сол. (Қоғам да қаншалықты өзгергенімен, адами құндылықтар, ұлттың өзегі өзгермеуі тиіс). Қасиеттім, жолым, сен сағынғанды шақырдың, адасқанға жол сілтеп, асыққанды жеткіздің. Жалғызбенен сырласып, шарасызға үміт бердің. Ел сенімен жүріп мақсатына жетті, сен арқылы жолғалтқанын тапты.
«Құмжарғанның» құм жалын жарып өте бере алдымнан жарқ етіп ауыл көрінді. Қасиетіңнен айналдым, ауылым, алтын қазығым. Бір кездері мына даңғыл жолмен өз сапарына аттанған өмірге құштар, арманшыл балаң бүгін есейген жігіт, осы жолмен өзіңе асыға, сағына оралып келеді. Өзіңе қайта оралудың өзі қандай қуанышты, қандай ғажап! Баланың қиялындағы сапары – есейіп кейін өзіңе қайта оралу екен-ау. Жол, сен мұны білдің, кезінде маған айтқың келген құпияң да осы болар.
Бір сәт бала күнгі бейнелер сол қалпы көз алдыма келді. Сондай ыстық көріністер. Қуану ма, сағыну ма, не күйге түскенімді өзім де түсінбедім, бір сезім билеп келеді. Өксік тығылғандай ма. Жол жиегінде көзін қолымен көлегейлеп, шығыс жаққа қарап тұрған баланы байқадым. Өтіп жатқандармен жұмысы жоқ. Көзін қыса қарап, ауызы ашылған күйі өз ойымен өзі алаңсыз болып тұр. Көрген балам сияқты. Тамағыма бір нәрсе кептелгендей, айналам бұлдырап кеткендей болды. Жылап келеді екенмін.
Мұрат АЙНИДДИН.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз