
Әкімшілік полиция басқармасының берген хабарламаларына жүгінер болсақ, Сыр аймағында жол қауіпсіздігін сақтау бағытында біршама игілікті істер қолға алынып жатқан сыңайлы. Саралап айтар болсақ, 2012 жылы жергілікті бюджеттен 18 млн. теңге қаржы қаралып, автокөліктің ағынын дистанциялық бақылауды жүргізетін «Поток» мобильді ақпараттық кешені іске қосылса, 16 млн. теңгеге 20 дана «Визир-2М» жылдамдықты бақылау құралдары алынған. Сондай-ақ, жол қауіпсіздігін бақылау үшін 36 дана «Шкода Октавия» жол полициясының нысанды автокөлігі алыныпты. Өткен жылы Қызылорда қаласының Мұратбаев көшесі мен Абай даңғылы және Жібек жолы мен Бейбарыс көшелерінің қиылысында автоматтандырылған іздеу кешені орнатылды. Соңғы екі жылда мемлекет тарапынан қыруар қаржы қаралып, 30 дана бейнетіркегіш, 8 дана жылдамдық өлшегіш, тағы басқа ондаған жол қозғалысын бақылау құралдары алынып, іске қосылған. Осындай жылдамдық өлшегіш құралдарымен ағымдағы жылы 20553 жол ережесін бұзу деректері анықталып, 116 млн. 224 мың теңге бюджетке түсірілсе, автоматтандырылған құқық бұзушылықты анықтайтын жүйелермен 1408 жол ережесін бұзу деректері анықталып, олардан 13 млн. 376 мың теңге қаржы өндірілген екен. Соңғы жылдары қалалар мен кенттер көшелерін жарықтандыру, жаяу жүргіншілер қоршаулары мен сызықтары, жол белгілері мен бағдаршамдар да жаңартылуда.
– Десе де, – дейді облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ә.Шаймағанбетов, – жол қозғалысын бұзу, яғни, автокөліктер апаты мен соқтығысы, осының салдарынан адамдардың мезгілсіз қазаға ұшырауынан еліміз бойынша, жасыратыны жоқ, көш басында келеміз. Демек, әкімшілік полиция қызметкерлері ғана емес, бүкіл ел-халық болып жол қауіпсіздігін сақтауға, көлік жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жол ережесін бұзбауын бақылауға алуымыз қажет.
Қоғамдық кеңес отырысында осы кеңестің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Н.Ерманов, «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасы директорының орынбасары Ғ.Бәйімбет, «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Ш.Әбдірахманов, Қызылорда облыстық ішкі істер департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Пейісов, «Жастар» бірлестігінің төрағасы Б.Мастековтер көпшілікті толғандырып жүрген толғақты мәселелерді ортаға салып, өздерінің ұсыныс-пікірлерін айтты. Олардың айтуынша, автокөлік жүргізушілерін даярлайтын мектептердің олқылығы, көшелер тарлығына байланысты жаяу жүргіншілер жолдарының (тротуар) жоқтығы, жол патрульдік полиция қызметкерлерінің заңсыз іс-әрекеттері, қоғамдық және жекеменшік көліктердің техникалық байқаудан қалай болса солай өте салатындығы, тағы басқа түйткілді мәселелердің шаш етектен екенін аңғардық.
Қоғамдық кеңес отырысын қорытындылаған Ә.Шаймағанбетов кеңес мүшелерінің ұтымды ұсыныстарын қолдайтындығын, алдағы уақытта жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау бағытында қыруар шаруа бар екенін айтып, барлық жұртшылыққа «Абайлаңыз, алдыңызда адам келеді» деген шақыруын тастады.
Е.ӘБІЛ.
Қызылорда қаласы.