ЖОЛДАУ ЖӘНЕ ЕЛ ҮНІ

60

0

ҰЛТТЫ ҰЙЫСТЫРАТЫН ҰЛЫ ИДЕЯ
ЖОЛДАУ ЖӘНЕ ЕЛ ҮНІЖұмада облыстық прокуратурада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауға байланысты жиын болып өтті.
–Елбасы өз Жолдауында құқық бұзушылық пен қылмысқа мүлдем төзбеушілік принципін ұстанып, басымды бағыт –  қылмыспен күрестегі құқық қорғау органдарының қызметіне қатаң талап қойғаны белгілі, – деді жиынды сөз сөйлеп ашқан облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов. – Онда заң алдындағы теңдік құқық тәртібінің шынайы негізі болуға тиіс екендігі, барлық құқық қорғау жүйесі жұмысының сапасын арттыру қажеттілігі, зор өкілеттілік пен құқық иеленген шенділер мінсіз мінез-құлқымен және жоғары кәсіби деңгейімен ерекшеленуі тиіс екендігі айтылған.  Сондықтан күнделікті қызмет барысында осы талап деңгейінен көріну қатаң сұралады.
Жолдаудағы аса маңызды міндет – сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегияны қалыптастыру және оны іске асыруды жалғастыру болатын. Бұл бағытта облыстық прокуратураның бірінші басқарма басшысы Ғалым Едігеев баяндап берді.
Бұдан соң сөз алған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Өлмесхан Болатбеков, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Бисенов, облыс кәсіпкерлер палатасының директоры Дінмұхаммед Әбсаттаров Жолдаудың маңыздылығына тоқталды.
– «Мәңгілік Ел» идеясы ұсынылған биылғы Жолдау еліміздің жарқын болашағына жол сілтеді. Онда айтылған әрбір бағыт-бағдар мен міндеттер ел өмірі үшін ерекше маңызға ие. Сондықтан Елбасы идеясының аясына бірігіп, ол жүктеген тарихи міндеттерді жұмыла жүзеге асыруға шақырамын, – деді жиынды қорытындылаған облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов.
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.
МАҚСАТ АЙҚЫН
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы Жолдауы тәуелсіз мемлекетіміздің тұрақты дамуын қамтитын, барлық салаға серпін беретін, халқымыздың игілігін көздейтін шын мәніндегі тарихи құжат деп білемін. Онда Мемлекет басшысы әрбір қазақстандықтың, әрбір отбасының, жолымызды жалғастырар жастарымыздың, болашақ ұрпақтың мүддесін қорғаудың нақты жолдарын ұсыныпты.
Елбасының Жолдауы көп ұлтты Қазақстанның жаңа жетістіктерге қол жеткізуінің әбден сүзгіден өтіп сараланған тетіктері деп сеніммен айтуға болады. Осы ретте еліміздегі бүкіл қоғамдық институттар «Қазақстан – 2050» бағдарламасының мақсаттары мен міндеттеріне жетуге жұмыла атсалысулары қажет деп санаймын.
Жолдауда әдеттегідей, әлеуметтік салаға айрықша көңіл бөлінген екен. Атап айтқанда, студенттердің шәкіртақысы, дәрігерлер мен мәртебелі мамандық иелері мұғалімдердің, сондай-ақ әлеуметтік қорғау және «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметкерлердің жалақылары, мүмкіндігі шектеулі жандар мен асыраушысынан айырылғандарға төленетін жәрдемақылардың өсетіндігі көңілге қуаныш ұялатады. Ең бастысы, еліміздің рухын көтеретін, сөйтіп ұлы мақсаттарға жеткізетін Мәңгілік ел ұлттық идеясы жарияланды. Бұл мемлекетіміздің ұзақ мерзімді даму мен экономикалық өсуді мақсат еткен стратегиялық жоспары. Ол алдағы жасампаз істерге жаңа серпін туғызары сөзсіз. Сондықтан бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ жолында Елбасы айналасына бірігіп, Мәңгілік ел мұраттарына бірге жетейік дегім келеді.
Ашур ХАМИДОВ,
өзбек этномәдени орталығының жетекшісі.
ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯ ЖОЛЫНДА
Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы жылғы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауы халық арасында кеңінен талқыланып, орасан зор қолдауға ие болуда.
Әрбір қазақстандықтардың мақтанышына айналған сүйікті Отанымыздың жетістіктері «Қазақстан – 2050» стратегиясында қамтылып, жаңғырту жолына түседі. Қабылданған стратегия шын мәнінде ұзақ мерзімді жоспар. Дегенмен, әлемдегі дамыған елдердің барлығы дерлік осындай стратегиялық жоспар негізінде жұмыс істейді. Алдағы 15 жылда мемлекетімізді үлкен мүмкіндіктер күтіп отыр. Экономиканың ішкі жалпы өнімінің өсуін жыл сайын 4 пайыздан кем етпеуді жоспарлау, яғни инвестиция көлемін арттыру мақсаты да нақтыланды. Әсіресе, шағын және орта бизнесті дамыту, әлеуметтік саланы жетілдіру, халық санының өсуі мен өмір сүру ұзақтығын 80 жасқа жеткізу, адамдарға қауіпсіз әрі жайлы елде тұруға жағдай жасауды Мемлекет басшысының Yкімет алдына қойған талабы құба-құп.
Дамыған 30 елдің қатарына кіру мәселесін мақсат еткен стратегиялық бағдарлама ең бірінші индустрияландырудың басымдығын нақтылады. Бұл ретте мұнай-газ секторының игеру ауқымын ұлғайту қажеттігіне баса назар аударылған.
Екіншіден, агроөнеркәсіп кешенін дамыту. Бұл – еліміз үшін дәстүрлі сала. Жыл сайын азық-түлікке сұраныс арта береді. Фермерлер мен ауылшаруашылық мамандары өндіріске жаңа технологиялар енгізіп, сапа мәселесінде әлемдік стандарттарға қол жеткізуімізді мақсат еткен жөн.
Ауыл шаруашылығында бизнесті дамытуда, инвестиция көлемін арттыруда мол тәжірибеге бай аймақ – Сыр жұртшылығы соңғы жылдары үлкен жетістіктерге жетуде. Соның бірі біздің «Мәді қажы» ЖШС-ның азаматтары алған асулары айтарлықтай. Демек, біздер еліміздің әлеуметтік ахуалын арттыруда тың ізденіс, жаңа серпіліспен жұмыс жасай беретін боламыз.
Аппаз КАМАЛАТДИН,
«Мәді қажы» ЖШС-ның төрағасы. 
Сырдария ауданы.
МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ МӘДЕНИЕТІ
Сыр өңірі мәдениетінің мәйегі – туған жердің тамаша таланттарына ұстахана болған филармония ұжымының тәуелсіздік жылдарында да атқарып отырған жұмыстары қомақты. Өнер ордасының өрлеу үстіндегі міндеттері де айқын.
Елбасының Жолдауына сәйкес облыс әкімінің қолдауымен облыстық филармонияның материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында заманауи талаптарға сай дыбыс студиясын алу жоспарланып отыр. Дыбыс студиясы жұмысының жандануы өнер ұжымының кәсіби деңгейінің жоғарылауына, көрермен сұранысына сай болуға, бәсекеге лайықты жұмыс атқаруға мүмкіндік береді. 
Филармония өнер ұжымдарының қатары камералық оркестрмен толықтырылады. Облысымыздағы тұңғыш камералық оркестр Сыр елі өнерінің кәсіби деңгейінің өсуіне, репертуарының жаңаруына, әлемдік классикалық шығармалардың өңірімізде орындалу өрісінің кеңейюіне алып келеді. Облыс мәдениеті мен өнерінің дамуына ашылғалы тұрған ұжымның қосар үлесі зор болмақ. Филармония өнер ұжымдарын қажеттіліктермен қамтамасыз ету мақсатында облыс бюджетінен қаржы бөлініп, музыкалық аспаптар алу мен «Томирис» би ұжымына және Тұрмағамбет халық аспаптар оркестріне  костюмдер тігу  жоспарланып отыр. 
Мамандардың кәсіби шеберлігін, біліктілігін арттыру және шығармашылығын шыңдау жұмыстары жолға қойылған. Шеберлік дәрістерін ұйымдастыру мақсатында Мәскеу қаласына, Грузия мемлекетіне және Алматы қалаларына іс-сапарлар жоспарланып отыр. Сыр елі өнерін насихаттауға арналған гастрольдік сапарлар биылғы жылы жақын шет елдер – Түркия, Өзбекстан және Татарстанға да жоспарлануда.
Облысымыздың мәдениеті мен өнеріндегі жаңалықтарды жарнамалайтын қондырғылар қаламыздың барлық мөлтек аудандары мен орталықтарында орналастырылады. Бұл қондырғы қала тазалығының да, көше әсемдігіне де өз үлесін қосып тұратын болады.
Ұлттың тарихын, ел азаматын  қалыптастыруға өлшеусіз бағыт-бағдар болатын Президентіміздің әр жылғы Жолдауы мәдениет қызметкерлері үшін де үлкен серпін әкелетіні айқын. Мәдени мұрадан бастау алатын өнеріміз еңкейген қарт пен еңбектеген балаға дейін рухани азық. Балалар бақшасынан бастап ұлттық өнерді насихаттау бүкіл мәдениет ағартушылары мен өнер өкілдерінің қасиетті борышы деп ұғынуымыз керек. Жолдауды негізге ала отырып, әрбір өнер мектептері мен мәдени орталықтардың (клуб, мәдениет үйлері, колледж, университет, т.б) алдына үлкен-үлкен жоспарлар жасап, ұлттық өнерді насихаттау барысындағы жұмыстар жүргізіле беруі керек деп есептеймін. 
«Сыр елі – жыр елі» деген қанатты сөздің дәлелі есебінде аудандағы балалардың музыка мектептерінде, тіпті балабақшаларда да дәстүрлі  орындаушылықтың алғышарттарын жас ұрпақ құлағына сіңіре беру қажет. Сол дәстүрлі өнерден бастау алатын халық аспаптар ансамбльдері мен оркестрлерінің, жеке өнерпаздардың орындаушылық мүмкіндіктерінің биік деңгейде болуы – басты мақсат. Бұл жұмыс уақытша, мерзімдік болып қалмай, ұзақ мерзімді тұжырымдама дайындалып, жұмыс жасалуы керек. Жолдауда айтылған жалпы қазақстандық мәдениетті дамытуға жаңа серпін мен жаңа ықылас арқылы жетеміз деп есептеймін.
Міне, осы сара бағытта, мәңгілік ел мәдениетін қалыптастыруда облыстық филармония ұжымы ауыз тұшырлық жұмыстар атқарып отыр, оның онан арғы міндеті де – осы жол.
 
Талғат МАҚАШОВ, 
облыстық филармонияның директоры.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз