ЖОЛДАУ ЖӘНЕ ЕЛ ҮНІ

53

0

БІР-БІРІМЕН САБАҚТАС МӘСЕЛЕ
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ел халқына жолдаған Жолдауында біздің мемлекетіміздің болашақта жүзеге асыруға тиісті бірнеше жобалары атап көрсетілді. Бұл ірі жобалардың қай-қайсысы болмасын, еліміздің экономикалық жағынан серпінді дамып, алдыңғы елдер қатарына қосылуға берік негіз қалайды. Ал, экономиканың жақсаруы халықтың әл-ауқаты артуының негізі болып табылады. 
Елбасы үлкен міндеттер қатарына міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізу мәселесі қарастырылатынын айтты. Бұл орайда жұмыскердің денсаулығына мемлекет, жұмыс беруші және жұмыскердің өзі бірдей жауапкершілікті болады. Және ол медициналық қызмет жүйесінің ең басты талабы ретінде бекітілетіні атап көрсетілді. Елбасының билік алдына қойып отырған бұл міндеті көңілге сенім ұялатады. Демек, денсаулықты жақсарту мәселесі жан-жақты қарастырылады. 
Ұрпақтың өсіп-жетілуі бір ғана медицинаға байланысты емес, ол Елбасының әрдайым атап көрсетіп жүргеніндей, әрқайсысымыздың салауатты өмір салтын орнықтыруымызға да барынша байланысты болады. «Қазақстан-2050» стратегиясында қазақстандықтардың өмір сүру жасын ұлғайтуға байланысты айтылған Елбасының берік тұжырымы осы жоғарыда айтылған бір-бірімен сабақтас мәселелердің оңды шешілуіне байланысты болады. 
Сондай-ақ, Жолдауда ірі жоба ретінде елде қазақстандық қоғамның негізгі құндылықтарын негіздейтін жаңа құжат – «Мәңгілік ел» патриоттық актісі жасалатыны атап көрсетілді. Еліңді сүймей, оның кешегісіне құрметпен қарап, ертеңіне сүйсінбей шынайы азамат қалыптаспайды. Біздің, қазақстандықтардың бүгінгі ұрпағы үшін бұл барынша маңызды, өзекті мәселе болып табылады.
Меруерт АҢСАТОВА,
«Ақ босаға» әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы, тарих ғылымдарының кандидаты, академиялық профессор.

БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК БӘРІН ШЕШЕДІ
Елбасының биылғы Жолдауы әрбір адамның болашағына үлкен сенім ұялатады. Қазақстан 22 жылдың ішінде қоғам өмірінің барлық саласында экономикалық, саяси жағынан жаңартуды өте жоғары деңгейде жүргізді. Тәуелсіздігіміз өз қолымызда. Әлем танитын экономикасы мықты, дамыған отыз елдің қатарына кіру алдында тұрмыз. Елбасының мына бір сөзі барлығымызға қатты ұнады: «Біз қазақстандықтардың ел болашағының тұтқасын нық ұстауы үшін «Қазақстан-2050» Стратегиясын қабылдадық. Бүгінде көптеген табысты елдер – Қытай, Малайзия, Түркия ұзақ- мерзімді жоспар бойынша жұмыс істеуде. ХХІ ғасырда стратегиялық жоспарлау ең өзекті қағида болып саналады. Егер ел өз бағыты мен баратын айлағын білмесе, ешқандай жел оңынан соқпайды. 2050 Стратегиясы айқын шамшырақ секілді басты мақсатымыздан көз жазбай, азаматтарымыздың күнделікті тіршілігінің мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Бұл біздің 30-50 жылда емес, жыл сайын халық тұрмысын жақсартатынымызды білдіреді» деген. Ендеше қазақ халқы еліміздің одан әрі дамуы үшін аянбай еңбек етуі қажет. 
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Әбішұлы өз Жолдауында дамыған 30 елдің қатарына кіру жоспарын ұсынуы, Үкімет нақты тұжырымдама жобасын жасағандығы туралы мәселелерді көтеруі біздің көңілімізден шықты.
Жолдауда жылдағыдай әлеуметтік салаға да айрықша көңіл бөлінді. Соның ішінде, студенттердің стипендиясы, денсаулық, білім, әлеуметтік қорғау және «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы, мүгедектікке және асыраушысынан айырылғандарға төленетін жәрдемақылардың өсетіндігі атап айтылды. «Оқу инемен құдық қазғандай» демекші, Ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсарту, 2020 жылға қарай Қазақстандағы 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамтуды жоспарлау, заманауи бағдарламалар мен оқыту әдістемелерін, білікті мамандар ұсыну, орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу, түлектері қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетілдіру және оларды оқыту нәтижесі оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеру мәселелеріне байланысты Жолдауда жақсы аталып өтті. 
«Мәңгілік Ел» атты Елбасының Жолдауында көрсетілген мәселелер біздің дамыған 30 елдің қатарына кіру мақсатымызға жаңа серпін беретіні сөзсіз. Мақсатымыз бен мүддеміз бір, болашағымыз ортақ. «Мәңгілік Елді» бізді сол болашаққа бастайтын жол деп білеміз.
Жанұзақ ТАҢАТАРОВ,
Қызылорда гуманитарлық-экономикалық колледжінің директоры. 
КӘСІПКЕРЛІКТІҢ ОТБАСЫЛЫҚ ДӘСТҮРІ ДАМИДЫ
Биылғы Елбасы Жолдауының ерекшелігі әлемнің отыз дамыған елінің қатарына ену жолдары осы құжатта қамтылып, бағыттары нақтыланып, айқындалып отыр. Экономиканың өсімі жылына 4 пайыздан кем болмауы міндеттелді, саннан сапаға өту мәселесі ерекше аталып өтті. Озық нанотехнологиялар мен инновацияны, ғылыми жетістіктерді барлық салаға енгізу жайы айтылды.
Мемлекет басшысының халыққа Жолдауларында айтылатын келелі тақырыптардың бірі – кіші және орта кәсіпкерлікті дамыту жайлы. Отандық кәсіпкерлікті жаңа экономикалық бағыттың қозғаушы күші деп бағалаған Елбасы, бүгінгі күні шағын және орта бизнесті дамыту – ХХІ ғасырдағы Қазақстанды индустриялық және әлеуметтік жаңғыртудың басты құралы деп көрсетті. Экономикамызда шағын және орта бизнестің үлесі артқан сайын Қазақстанның дамуы да орнықты бола түседі деп атап өтті.  Бұл сөздерді  мен 15 жылдық тәжірибесі бар кәсіпкер ретінде кәсіпкерлер қызметіне берілген зор баға деп білемін. Жолдауда отбасылық кәсіпкерлікті дамыту міндеті қойылуының маңызы зор.
Жолдауда қарапайым адамдардың әлеуметтік көңіл-күйі біздің басты мақсатқа ілгерілеуіміздің маңызды индикаторы болуға тиіс деп көрсетілген. Осы қарапайым халықты жұмыспен қамтып, әлеуметтік тұрмыс-тіршілігін арттыру үшін қызмет жасап жүрген кәсіпкерлер бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ иелері – Мәңгілік Ел болу жолында Елбасымыздың берген тапсырмаларын орындау мақсатында аянбай еңбек ететініміз ақиқат. 
Айткүл ӘБДІҚАДЫРОВА,
Шиелі аудандық мәслихатының депутаты,
жеке кәсіпкер.
ҚУАТ YНЕМДЕУ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕГЕ АЙНАЛДЫ
Елбасы Жолдауының маңызды ерекшелігі, Президент «Қазақстан – 2050» Стратегиясын орындаудың нақты жолдарын көрсетіп берді. Ал ең бастысы, еліміздің рухын көтеретін ұлы мақсаттарға жеткізетін – «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы жария болды. 
Сонымен қатар, энергетиканың дәстүрлі түрлері дамытылатын болады. Жылу-электр стансаларынан шығатын қалдықтарды тазарту жөніндегі ізденістер мен жаңалықтарға, өндіріс пен тұрмыста жаңа технологиялар арқылы жаппай электр қуатын барлық жерде үнемдеуге қолдау көрсету қажеттілігі атап көрсетілді.
Ал жалпы энергия үнемдеу бағытында департамент тарапынан бірқатар жұмыстар атқарылып жатқанын атап өткім келеді. Осыған орай ресурстарды үнемдеу аспектілерінің, сондай-ақ оны жүзеге асыру бойынша негізгі бағыттардың бірі болып инженерлік желілердегі нормативтік техникалық ысыраптарды төмендету және реттеліп көрсетілетін коммуналдық қызметтерді есептеу аспаптарын орнату, сараланған тарифтерді енгізу бағытында тиісті жұмыстар жалғастырылатын болады.
2010 жылдың қаңтарынан бастап облыста тұтыну көлеміне қарай және тәулік зоналары бойынша электр қуатына 2 деңгейлік сараланған тарифтер енгізіліп, 2010 жылы тұтынушылар 152 млн. теңге, 2011 жылы – 213 млн. теңге, ал 2012 жылы – 143,6 млн. теңге үнемдеді.
2012 жылдың 1 сәуірінен бастап облыста 3 деңгейлік сараланған тарифтер енгізіліп, тұтынушылардың үнемдеген қаржысы 188,2 млн. теңге болды. 
2012 жылдың 1 қыркүйегінен бастап судың тұтыну көлеміне қарай сараланған тарифтер енгізіліп, нәтижесінде тұтынушылардың үнемдеген қаржысы 11,01 млн. теңгені құрады. 
2013 жылы нормативтік-техникалық ысыраптарды төмендету нәтижесіндегі экономикалық тиімділік 6,3 млн. теңгені құраса, нормативтен тыс ысыраптарды жою нәтижесіндегі экономикалық тиімділік 64,9 млн. теңге болды.
Осы бағытта белгіленген жұмыстарды жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің 2014 жылдарға арналған Операциялық жоспары әзірленіп бекітілді.
Осының барлығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың айналасына бірігіп, дамыған 30 елдің қатарына кіруімізге жаңа серпін беретіні сөзсіз.
Елбасының Жолдауда көрсетілген тапсырмаларын және тарифтік саясат жөнінде аумағымыздың елді мекендеріне барып, тиісті жұмыстар жүргізетін боламыз.
Нұрлан ПІРІМОВ,
ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департамент басшысы.

АЙҚЫН БАҒЫТ
«Қазақстан жолы –2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» стратегиясы – барлық саланы қамтитын және үздіксіз өсуді қамтамасыз ететін жаңғыру жолы. Ол – елдігіміз бен бірлігіміз, ерлігіміз бен еңбегіміз сыналатын, дамудың айқын бағыты.  
Жолдаудың негізгі бағыттарының бірі – білім беру жүйесінің сапасын арттыру. Саланы дамытуға арналған шараның бірі – 2020 жылға қарай 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен толық қамту жоспарланып отыр. Білім беруді ел дамуының басым бағытына айналдырған Мемлекет басшысы Жолдауда ұстаздар қауымын қолдау жалғаса беретінін жария етті.  Елдің ертеңі болар шәкірттер тәрбиелеп келе жатқан біздер Елбасы қолдауына лайықты еңбекпен жауап береміз. 
Мен Иіркөл ауылында орналасқан бастауыш мектеп мұғалімімін. Шағын жинақты мектеп екеніне қарамастан, біз оқушыларға қолымыздан келгенше сапалы білім беруге, жаңа педагогикалық технологияларды пайдаланып, сабақты түрлендіріп өтуге тырысамыз. Мектебімізде жалпы білімге ғана емес оқушының шығармашылық қабілеттерін дамытуға көп көңіл бөлінген. Домбыра және би үйірмелері тұрақты жұмыс жасайды.  Үйірме жетекшілері оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыта отырып, ұлттық дәстүріміз бен құндылығымызды сақтап, оқушының бойында осы қабілеттерді қалыптастыруда жұмыс жасап жатыр.   
Еліміздің алдында тұрған биік белесті белгілеп берген құнды құжатта Мемлекет басшысының білім саласын өркендету бағытындағы тапсырмасын орындауды ұстаздар қауымы мәні өзгеше міндет санайды. Өйткені, бәріміздің мақсатымыз бір, мүддеміз бен болашағымыз ортақ.  
Айгүл БЕКЕТОВА, 
Иіркөл бастауыш мектебінің мұғалімі.
ЕЛ БОЛАМЫЗ МӘҢГІЛІК
Біздің жақта атады әр таң күліп,
Біздің жақта дала да кең, тау биік.
Тең боламыз әлемде үздік елдермен,
Ел боламыз еркін әрі мәңгілік.
Біздің жақта күн де ерекше шуақты,
Біздің жақта гүл де сұлу сияқты.
Тірлігіміз мызғымайтын тіректі,
Бірлігіміз бұлжымайтын қуатты.
Жандарымыз жақсылықтан  жаралды,
Таңдарымыз айрықша ашық арайлы.
Көңілдерге шаттық нұры тарайды,
Көкте күн де бізге күліп қарайды.
Біздің жақтың ашық заңғар аспаны,
Біздің жақтың жарқын жүзді жастары.
Жанымызға қуат берген, нұр берген,
Тәуелсіздік бар бақыттың бастауы.
Елбасымыз – тәуелсіздік тірегі,
Елордамыз – еліміздің жүрегі.
Қазақстан, қазақ елі байырғы,
Халқымыздың мәңгілік ел,  ұлы елі.
Сан ғасырлар шықпаған ой, қиялдан,
Мәңгілік ел – ұлы мақсат, ұлы арман.
Мәңгілік ел – ұлы мұрат, игілік,
Желбіреген болашақтың туы алдан.
Мәңгі ел болсақ мәңгі Елтаңба, Туымыз,
Мәңгі Әнұран, мәңгі ана тіліміз.
Сан мың жылдар салтанатын құратын,
Санаулы елдің болмақшымыз бірі біз.
Мәңгі ел болу – ұлы міндет, алтын бақ,
Бар болмысың, ісің сынға тартылмақ.
Мұның бәрін Жолдауында Елбасы,
Берген талдап әрі нақты айқындап.
Елбасының Жолдауынан жанды үміт,
Жадымызда әр жолы тұр жаңғырып.
«…Жарқын іспен күллі әлемді таң қылып,
Жасай берсін елдігіміз мәңгілік!»
Махмұтбай ӘМІРЕҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз