ЖОЛДАУ ЖӘНЕ ЕЛ ҮНІ

108

0

ЖОЛДАУ ЖӘНЕ ЕЛ ҮНІМӘҢГІЛІК ЕЛ  ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ

Елбасымыздың биылғы Жолдауы ерекше. Өйткені бұл Жолдауда біздің тарихымыздағы мүлде жаңа ұғым – Мәңгілік ел құруды көздейтін ұзақмерзімді стратегияны жүзеге асыру жөнінде нақты бағдарлама ұсынылып отыр. «Мәңгілік ел» идеясы біздің халқымыздың ғасырлар бойғы арманы ғана емес, ол біздің Елбасымыздың жетекшілігімен Қазақстанның дамуына негізделген ұлттық идея. Елбасымыз өз Жолдауында: «Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік елдің іргетасын қаладық. Мен қоғамда «Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек? деген сауал жиі талқыға түсетінін көріп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – Мәңгілік ел идеясы» деп, атап өткен еді. Еліміздің жетістіктерін қоғамның дамуына айналдыру, әр азаматтың сана-сезіміне орнықтыру – бүгінгі ұрпақтың төл міндеті. Қоғамды қалыптастыру – еркіндік пен теңдікті ажарлай түсетін принцип. Оған ұмтылған адамзат ұлттық егемендіктің ешкімге ұқсамайтын көріністерімен бетпе-бет келетіні бар. Бүгініміз де, болашағымыз да осы сапалық сипаттамамен өлшенеді. Өркениетті мемлекеттің қалыптасуы демократия мен еркіндікке, имандылық пен әділеттілікке, экономикалық бостандық пен  рухани тәуелсіздікке негізделсе, арман мен тілектің жүзеге асырылуы  нақты жағдайлардың болуы мен оның тиімді жолдарының табылуына байланысты болады. Бұл ел тағдырын шешетін күрделі мәселелер болып табылады. Біздің қоғамда демократия үрдістері қалыптасып, қазақ қоғамы өзінің ішкі барлық мүмкіндіктерін толық пайдалана отырып, ұлттық өркениеттілікті бағдарлай дамытып келе жатқаны шындық. Елбасымыздың «Мәңгілік ел» идеясы кеудесінде отанымызға деген сүйіспеншілігі, санасында болашаққа, өз ұрпағының ертеңіне деген шынайы, ойлы да орнықты алаңдаушылығы, өмірге деген құлшынысы, ділінде ыстық қайраты мен сергек намысы бар барлық қазақстандықтарды, Қазақстанда өмір сүріп жатқан бауырлас, тағдырлас, ойлы, парасатты, қөкірегінің көзі ашық азаматтарды шынымен толғандырды, көңіліне берік сенім орнатып, рухани ізгі сілкініс, бойына қайрат пен жігер берді. Елбасы Жолдауында егемен елдің бүгіні, ертеңі терең талданғанын, қоғамның күллі кемшілігі мен жетістігі, ең бастысы, болашақтан үміті бар елдің оңайлықпен келе қоймайтын ертеңгі күні терең білгірлік пен байыпты түсіндірілгенін атап айтуымыз қажет. Қиыншылыққа төзсек, қимыл жасасақ, береке-бірлікті жоғалтпасақ, еңсеңімізді түсірмесек, рухымызды көтеріп, намысымызды қайрасақ, болашақ үшін күресе білсек қана жете аламыз. 
Елбасы стратегиялық бағдарламада: «Бұл – әлем кеңістігінде ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткен тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жіберген. Тіршілік тезіне төтеп бере алмай, жер бетінен ұлт ретінде жойылып кеткен елдер қаншама?! Біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуге тиіспіз. Ол сабақтың түйіні біреу ғана – Мәңгілік  ел болу біздің өз қолымызда. Бұл үшін өзімізді үнемі қамшылап, ұдайы алға ұмтылуымыз керек» деп нақты айқындап берді. Еліміздің дамуында өзіндік тарихи орны бар Сыр елінде «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында көптеген жұмыстардың жасалып жатқандығын атап айтқымыз келеді. 
Біз бұрынғы өмір мен қазіргі Тәуелсіз Қазақстанның ішкі өмірін, әлем жүйесіндегі мәртебесін салыстырсақ, осы жетістіктің қаншалықты қиынға түскенін аңғаруға болады. Қазақстанның қоғамдық дамуында Елбасымыздың айқын да азаматтық, тұлғалық қайраткерлігін қолдап, қуаттау баршамыздың парызымыз. Қазақ қоғамы бүгінгі таңда ұлттың алдында үлкен мақсат қойып, оны шеше алады. Себебі, біздің ұлттың интеллектуалдық, потенциалдық деңгейі өте жоғары екендігі баршаға мәлім. Елбасымыз атап өткендей, «Ендігі ұрпақ – Мәңгілік Қазақтың Перзенті. Ендеше, Қазақ Елінің Ұлттық Идеясы – «Мәңгілік ел». «Қазақстан – 2050» – Мәңгілік Елге бастайтын ең абыройлы, ең мәртебелі жол. Біз осы жолдан айнымауымыз керек. 
Баймырза ҚОЖАМБЕРЛИЕВ,
«Өрлеу»БАҰО» АҚ филиалы
облыс бойынша педагогикалық  қызметкерлердің 
біліктілігін арттыру институтының 
кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор.
БІР АРНАҒА ТОҒЫСҚАН КӨЗҚАРАС
Облыс бойынша Кедендік бақылау департаментінде Елбасының Жолдауы талқыланды. Жеке құрам алдында департамент бастығы Н.Отаров Жолдаудың әр сөйлемінен қандай тапсырмалар көрінетінін, оны орындау үшін әрбір кеденші мемлекеттік қызметші ғана емес, азамат ретінде қандай жауапкершілік сезінуі керек екені туралы келелі баяндама жасады. Департамент бастығының орынбасары Ш.Ағабеков, аға буын кеденшілердің өкілі Ә.Есболғанов, жас маман Б.Қиянбековтер өз пікірін білдіріп, Жолдаудың ерекше серпін бергенін айтты.
Әсіресе, үлкенге де, жастарға да ерекше әсер еткені – Жолдаудың әрбір қазақстандықтың өзіне жүктелетін жауапкершілік пен патриоттық сезімін оятатын тартымдылығы. Яғни, әр азамат  өзінің еңбек жолында, өзінің таңдаған мамандығында, өзі кәсібін жүргізіп  отырған жерінде жауапкершілікті түсініп, өз жұмысын алға алып кету керек.
Президент айтты емес пе: «Дамыған Қазақстанды ешкім бізге әкеп бермейді немесе жақсы өмірді күтіп отыруға болмайды» деп. Мемлекеттік қызметшіден өз лауазымын тиіс атқарымдық міндетімен шектеліп қана қоймай, үнемі ізденіс танытып, кең кәсіби біліктілікке талпынуы талап етіледі. 
Пікір білдірушілердің лауазымы, тәжірибесі әртүрлі болса да, Жолдаудың мақсаты мен бағдарына көзқарасы бір тоғысып отырды.  Жылқы жылының басты құжаты – «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» стратегиясын  талқылауға қатысушылар осыны және бір мәрте түйсініп, тарқады. 
Б.ТҰРМАХАНҚЫЗЫ.
БАҒЫТЫМЫЗ АЙҚЫН, ЖОЛЫМЫЗ АШЫҚ
Қазіргі таңда Елбасымыздың саясаты бүкіл дүние жүзіне кеңінен танымал болуда. Қазақстан саясаты тұрақты, шет елдер тамсана қарайтын мемлекетке айналды.
Биылғы Жолдауды еліміздің  алтын ғасырға аяқ басуына арналған Жолдау  деп бағалаймын.
Жаңа Жолдауды  «Шәкен» ауылындағы №134 орта мектеп ұжымы да қызу қолдап, талқылады. Мектеп директоры М.Кеулімжай Жолдаудың келешектің келбетіне жол сілтеп, білім берудегі жаңа әдістерге көшу туралы маңызды мәселелерді алға қойғанын атап өтті. 
Жолдаудағы  міндеттерді жүзеге асыруға атсалысу – баршамыздың міндетіміз. Біздің бағытымыз айқын, жолымыз ашық.
Мен Елбасының   үздік білім, лайықты еңбек, жарқын болашақ сияқты мүмкіндіктер беретіні туралы атап көрсеткенін қуана қабылдадым. Ақпараттық технология заманында  жас жеткіншектерді жаңа технологияларды пайдалана отырып, білім нәрімен сусындатуға Елбасы Жолдауымен жігерленіп, алдағы күндерге үміт арта отырып жұмыс жасаймын.
     
Фарида МОЛДАБАЙҚЫЗЫ.
Қазалы ауданы.
МӘДЕНИЕТ – ЖОЛДАУ ЖОЛЫНДА
Қазақ халқының ұлт болып қалыптасуында ерекше рөл атқаратын бай  тарихы бар  Сыр өңірі – ұлт мәдениетінің де ұлы көшін жасаған өлке.
Өнер мен мәдениеттің қара шаңырағына айналған облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы қашанда облыстың рухани мәдениетін көтеруде, жұртшылық сұранымына сай мәдени қызмет көрсетіп келеді. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес облыс әкімінің қолдауымен  Жаңақорған аудандық мәдениет үйімен бірлескен Елбасы Жолдауын  ел арасында кеңінен насихаттауға  арналған  облыстық «Жолдау – мәңгілік елге нұрлы жол» атты мәдени-үгіт бригадаларының,   облыс аудандарындағы мәдени-демалыс кешендері жұмысының қазіргі таңдағы қызмет дәрежесін, деңгейін білу, тәжірибе алмасу және клубы жоқ елді мекендердегі тұрғындарға  Елбасының дәстүрлі Жолдауын насихаттау мақсатында Жалағаш  аудандық мәдениет үйімен бірлесіп «Дала дидары» атты жылжымалы мәдени-демалыс кешені қызметкерлерінің  облыстық байқауы өтеді. Мәдени мұра бағдарламасына байланысты дәстүрлі  Түркі тілдес елдердің халықаралық «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» фольклорлық-музыкалық өнер фестивалі, Байқоңыр қаласында Қызылорда облысының өнер күндері аясында «Ұшқыр ойлар» аймақтық ақындар айтысы мен жазба ақындар мүшәйрасы сонымен қатар «Байқоңыр және «ЭКСПО-2017» фотографтар мен суретшілердің облыстық конкурс-көрмесі, Астана қаласындағы Қызылорда облысының өнер күндері аясында Т.Ізтілеуовке арналған жыршы-термешілердің өнер кеші, сәуір айында қоғам және мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновтің өмір жолына арналған шаралар, республикалық ақындар айтысы  өткелі отыр. 
Міне, мұның бәрі де ел-жұртты «бір мақсат, бір мүдде» жолына топтастырудағы өзіндік міндет атқаратын мәдени үлес болатындығы аян.
Алтын БЕКЕНОВА,
облыстық халық шығармашылығын дамыту,
мәдени-продюсерлік орталығының маманы.
БІЗГЕ ЖАҢАША БАҒЫТТА ЖҰМЫС ІСТЕУ ҚАЖЕТ
Елбасымыздың кезекті Жолдауы қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты кітапхана қызметкерлерінің ертеңге деген сенімін күшейтті, еліне деген сүйіспеншілігін арттырды.
Әр отбасының ұйтқысы болып отырған әйелдер қауымынан құралған ұжым мүшелерін мүгедек балалары бар ата-аналарды әлеуметтік қорғау, жалақының өсетіні, адамдардың өмір сүру жасының 80-ге жетуіне жағдай жасалатыны қуантты.
Жолдауды талқылау барысында кітапхана қызметкерлері Жолдаудың міндетін оқырманға таныстырып, Қазақстан Мәңгілік елге айналу үшін, дамыған 30 елдің қатарына ену үшін өзіміз не істей аламыз, қалайша өз үлесімізді қосамыз деген сұрақтар төңірегінде толғантты.
Кітапханашылардың бірі болашақта геологиялық жұмыстарға, энергия көздерін табуға, өндіріс инженерлеріне, ауыл шаруашылығына, логистикалық қызмет секторына мамандардың көп қажет ететінін айта келіп, олардың жан-жақты білім алуына кітапхана ықпал жасауы керек десе, бірі шағын және орта бизнесті, отбасы бизнесін дамытуда да кітап қорындағы кітапты насихаттап, ақпараттық ресурстарды ұсынуды, бизнеспен айналысып, жетістікке жетіп жатқан отбасыларды  үлгі етіп, түрлі шаралар өткізуді, жаңадан бастаған кәсіпкерлерге әдістемелік құралдармен көмектесуді ұсынды.
Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен мүгедектерді қолдау жасауға үлкен мән берілгеніне орай мүмкіндігі шектеулі азаматтардың біздің қоғамымыздың толыққанды мүшесі ретінде сезінуі үшін кітапхана тарапынан да кез келген ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында жұмыстар жүргізілетіні атап өтілді.
Қала кітапханашылары болашағымыздың жарқын екеніне, еліміздің дүниежүзіндегі ең дамыған 30 елдің қатарына енетін күнінің алыс емес екеніне зор сеніммен қарап, Елбасының «Мәңгілік ел» идеясы жолында сол күннің куәсі болуға ұмтылу үшін аянбай еңбек ететіндерін білдірді.
Елбасының «Мәңгілік ел» идеясы кітапхана саласын пайдаланушыларға қызмет көрсетудің жаңа формаларын іздестіре отырып, сапалы қызмет көрсету, жаңа технология, инновацияны енгізу, ақпараттық-электрондық ресурстарды құру және сақтау секілді бағытта жұмыс істеуді талап етеді.
Р.РАУШАНБЕКҚЫЗЫ,
Қызылорда қалалық кітапханалар
жүйесінің әдіскері.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз