ЖЫЛ БАСЫ, ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАРШЫСЫ –ӘЗ НАУРЫЗ

61

0

ЖЫЛ БАСЫ, ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАРШЫСЫ –ӘЗ НАУРЫЗҚытымыр қыс қанша қаһарланса да, күннен-күнге күшінен айырылып келеді. Кеш кірген қыстың ұзағырақ аялдайтынын білсек те, айналамызда әлі күнге күртік қар жатса да, ерте көктемнің желі қыстағыдай ызғарлы емес. Әне-міне дегенше күн мен түн теңесіп, Табиғат-анада жағымды өзгерістер орын алатыны белгілі. 

Ескі көз қариялардың айтуынша, әз Наурыздың хабарын, яғни көктен жіберілген гуілді алдымен жұмақтан келген қой жарықтық еститін көрінеді. Тынығып жай жатқан қойлардың кенет бастарын көтерісіп алған оқыс қимылын қойшы байқайды. Көктен келген дыбыс жылдың жаңарғанын, алты ай қысты алты ай жаз басатынын білдіреді. Дәл сол мезетте балық аунап түседі екен, тышқан інінен шығып, айналасын барлап қайтады. Егер ол алысырақ барса, көктем жылы болады деп, ал ұзамаса, суық болады деп жорамалданады. Қар көбесі сөгілген тау бөктерінде, далалы аймақтарда көктемнің алғашқы нышаны наурызгүл бой көтереді. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағына титықтап жеткен ел табиғаттағы мұндай жаңалықтарды қуана қабылдайды. Себебі мұның бәрі ел Наурыз атап кеткен жаңа күннің белгісі болып табылады. Исі мұсылман халықтарының ықылым замандардан бері тойлап келе жатқан ұлық мерекесі Наурыз – жаңа жылдың басы, құт-берекенің бастауы.
Жаңаның хабаршысы, жақсылық жаршысы әз Наурыз қазақ елі үшін қашан да қасиетті, киелі саналған. Жаңарған жылдың жақсылығынан үмітті әрбір адам алдымен пейілін түзеп, өз басын, үй ішін, қора-қопсысын тазартып, жаңа киімдерін киіп, көрші қолаң, ағайын-туысты жаңа жылмен құттықтайды. Ер-азаматтар қос қолдасып амандасып, төс қағыстырса, әйелдер жағы құшақтасып, бір-біріне игі тілектер айтады, арнайы даярланған дастарқаннан дәм ауыз тиюге, наурызкөже ішуге шақырады. Алтыбақан басында ән айтылып, күй тартылады. Дәстүрлі ұлттық ойындар (көкпар, аударыспақ, қыз қуу, алтыбақан, тең көтеру, т.б.) ойналады. Таң ата көпшілік биік төбенің басына шығып, атқан таңды қарсы алады. Таң шапағын ақ тілеулі батамен қарсы алған ел алғаш рет соқа салады, жігіттер жағы бұлақ көзін ашып, ағаш егеді.
Осы күні ауыл ақсақалдары араларына жік түскен бауырлас ел, руларды, ағайын, дос-жарандарды бір дастарқаннан дәм таттырып, табыстырған, жалғыз-жарым жетімдерді үйлендіріп, сауабын алған. Кембағал, мүгедектерді жақын туыстарының қарауына арнайы міндеттеп тапсырған. Жұтқа ұшырап қинағандарға жылу жинап берген. Бұл күні Самарқанның көк тасы ериді. Тіршілік түйткілдерімен бір-біріне өкпе артқандар «Самарқанның да тасы еріді ғой, сен тастан қатты емес шығарсың” деп татуласуға ниет білдіреді екен. Осы күні құл құрықтан, күң сырықтан құтыламын, аш тойынамын, жетім жадыраймын деп үміттенеді. Хан мен қара бір дастарқан басынан дәм татып, бір-біріне тілек айтады.
Бұдан жылды жаңарта келетін әз Наурыздың барша жақсылық пен игілік атаулының бастауы екенін көруге болады: ол – күн мен түнді теңгеретін жыл басы, ол – бірлік пен ынтымақ мерекесі, ол – кешірім мен татулық күні, ол – мейірімділік пен шапағат бастауы. ол – сауап жинап, Алланың ризалығына бөленетін мейірлі күн, ол – хан мен қараны теңестіретін теңдік мейрамы, ол – тіршілікке жан бітіріп, әлемді дүр сілкіндіріп оятатын сергектік шағы… Қай жағынан алып қарасаң да, жақсылық, жаңалық, жағымдылық байқалатын Ұлыстың ұлы күні халқымызға құт әкелсін! Ел көңіліне кірбің салған қиындықтар ескі жылмен артта қалсын, көшпелі жұрт қадірін біліп, ардақтаған Арғымақ жылы сүйінші хабарлар мен зор табыстарды арқалап, төрімізге озсын!
Гүлсая ИСАЕВА,
№8 «Қызғалдақ” 
балабақша әдіскері.
Қармақшы ауданы, 
Тұрмағанбет ауылы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз