ЖЫЛҚЫ ЖЫЛЫНДА ХАЛЫҚ МАМЫРАЖАЙ ТІРШІЛІК КЕШЕДІ

77

0

Жылқыны әлемде тұңғыш болып қолға үйреткен халқымыз үшін Қамбар ата тұқымынан асқан қасиетті мал жоқ. Арғымақ мінезді қазақтың Жылқы жылын айрықша қастерлейтіні сондықтан. Бұл жылы не болса да оған қанағатпен, тәубе-сабырмен қараған. Қазақ тарихында Жылқы жылы жаугершілік кезеңнің жетістіктерімен, экономикалық реформалармен, мәдениет саласының табыстары арқылы есте қалғандығымен ерекшеленеді. 
Жалпы, жұмырбасты әр пенде келер жылдан үлкен үміт күтері анық. Адам үшін әрбір жылдың тек өзіне ғана тән берер несібесі бар. Халық арасында «Жаңа жылды кімде-кім тамаша қуаныш пен шаттыққа толы жағдайда қарсы алса, сол адам жыл бойы тамаша күйде болады» дейтін ұғым бар. Егер осы сөзге мән беріп, әр жаңа жылды қалай қарсы алғаныңызды ойласаңыз, оның шындыққа жанасатынын аңғару қиын емес. 
Табалдырығымыздан аттағалы тұрған Жылқы жылының басты ерекшелігі неде? Зерттеуші-ғалымдар Жылқы жылының қандай болатындығы туралы осы жануардың асыл қасиеттерімен, түр-сипатымен байланыстырады. Жылқы үйірімен жүретін жануар болғандықтан, мейлінше жаңа жылды отбасымен қарсы алған дұрыс. Халқымыз жеті қазынаның біріне балаған жылқыны ерекше қастерлейді. Жұлдызшылар бұл жылы осы кезге дейін құпия болған сырлардың жария болатынын мәлімдейді. Сонымен қатар, келер жылы адамдар ешқандай қауіп-қатерсіз, мамыражай тіршілік кешеді.
Ежелден мал бағудың сырын жетік меңгерген халқымыз жылқының қадір-қасиетін түр сипатына қарап айыра білген. Сондықтан да Жылқы жылының мән-маңызы айрықша болмақ. Қазақ атқа отырғанда бойына ерекше қайсарлық пен қайрат біткендей өзгеріп, жігерлене түседі. Жұлдызнамашы Назарбек Қожамсейітовтың айтуынша, кәсіпкер адамдар әрбір іске байыппен қараулары керек. Сонда ғана еңбегінің жемісін көреді. Қазақстан үшін береке мен ынтымаққа, жарасымды шаттық пен қуанышқа толы жыл болатынын да айтады. Міне, сол себепті Жылқы жылын молшылық пен береке-бірліктің бастауы деп түсінген жөн. Жылдың алғашқы жартысы болжамшылардың айтуына қарағанда жылқының баптауға тез көне бермейтін асау мінезіндей экономикалық өзгерістерге толы, тіпті кейбір елдерде халық толқулары болуы мүмкін. Ал, ауа райына келсек, қыстың алғашқы жартысы суық болып, жаз кеш шығады. 
 Негізінен жылқы малы төрт түліктің ішіндегі ең кірпияз, ең таза, ең сұлу жануар саналады. Осы жылы дүниеге келген адамдар тазайым, әсемдікке жаны құмар болады екен. Алған бетінен қайтпайтын, бастаған ісін аяғына дейін жеткізбей тынбайтын, еңбекқор жандар да осы жылдың егелері деседі. Әдетте, адамның мінез-құлқы мен кейбір қылықтары қай жылы туғанына, яғни, мінез-құлқы сол жылдың атауын алған жануардың қасиетіне ұқсас келеді. Бұл жылы туғандар алғыр, өте талантты болып келеді. 
Қазақ тарихында Жылқы жылы туылған қандай белгілі адамдар бар екеніне назар аударып көрелік. Мәселен, ержүрек батыр Қаракерей Қабанбай, абыз ақын-жырау Жамбыл Жабаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин тәрізді біртуар классик ақын-жазушылар осы жылы өмірге келген. Олардың ел тарихында биіктен орын алғандығы рас. Лайым, алдағы жылы да тарихымызда тәуелсіз еліміздің көк байрағын желбірете түсетін, ұлан-байтақ жерімізді қорғайтын ұландар көптеп дүниеге келсін. Асау мінезді Жылқы жылы тәуелсіз мемлекетімізді тарихи жетістіктер пен толайым табыстардың биігіне шығара бергей деп тілейміз. 
Айсәуле САҒАТБЕКҚЫЗЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз