ҰЖЫМДЫҚ ШАРТТЫҢ ҰТЫМДЫ ҮЛГІСІ

61

0

Аймақтағы белді компанияның бірі «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ жуырда Құмкөл кенішінде еңбек құқығы мен қауіпсіздігіне қатысты жұмысшылармен кездесу өткізді.

ПҚҚР АҚ кәсіподақ комитеті ұйымдастырған жиынға өндіріс басшылары, облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасы,облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, облыстық ин­дустриялық-инновациялық даму басқармасы мен БАҚ өкілдері қатысты.

Кездесуде мемлекеттік еңбек инспекторы Б.Досымов ЕАЭО аясында еңбеккерлердің біліктілігі жайлы, еңбек қауіпсіздігі мен құқығы жайлы кеңінен айтып берді. Ал, әлеуметтік әріптестік бөлімі басшысы А.Есетов жұмыссыздық жайын, еңбек қатынастарындағы дау-дамай, құқықтық оқыту, сауаттылық жайына тоқтала кетті. Өз кезегінде ПҚҚР АҚ кәсіподақ ұйымы төрағасы Е.Дүйсенов былтыр қабылданған ұжымдық шарт жетістігімен таныстырды.

Әлеуметтік жағынан қызметкерін қорғау кәсіподақ ұйымы үшін үлкен жұмыс. Ұжымдық шарт кәсіподақ заңы. Осы заң аясында еңбеккерлердің құқы қорғалып әлеуметтік мәселелері шешіледі. Бұл жағынан компанияның кәсіподақ ұйымы тегеурінді жұмыс істеп келеді. Ұжымдық шартта көрсетілген әлеуметтік пакеттер легі тікелей қызметкерлер мен жұмысшыларға, олардың отбасыларына арналған.

«ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясы Президент Н.Назарбаевтың
жыл сайынғы Жолдауларынан туындайтын басым бағыттарды іске асырудан шет қалған
емес. Елбасының, өндірістік қызметкерлердің жалақыларын өсіру тапсырмасына орай
компания қызметкерлер мен жұмысшылар айлығына 10-24 пайыз аралығында үстемақы
қосқан. Сондай-ақ, «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам” бағдарламасын
жүзеге асыру арқылы еңбек адамдарының құқықтары мен қауіпсіздігі, әлеуметтік
әлеуеті жан-жақты қорғалған.

Былтыр компания әкімшілігі мен кәсіподақ комитеті бірлесіп ұжымдық шарт
ретінде бірқатар келісімдер жасасты. Жаңа ұжымдық шарт 2013-2016 жыл ішінде
қолданыста болды.

Осы ұжымдық шарттың жобасын
дайындау, әзірлеу барысында компанияның барлық бөлімшелері мен бөлімдерінен
ұсыныстар берілген. Ол ұсыныстардың барлығы қаралып екіжақты комиссия шарттың
жобасын қол қоюға ұсынды.

Жаңа ұжымдық шартта алдыңғы шартта көзделген жеңілдіктердің барлығы
сақталып қалумен қатар, компания қызметкерлеріне қатысты жеңілдіктер мен
құқықтар ұлғая түсті. Мысалы, санаторлық-курорттық жолдамалар сатып алуға
компания әкімшілігі жыл сайын 60 000 000 теңге бөлуді қарастырды. Асырауында 18
жасқа толмаған төрт және одан көп балалары бар отбасыларына 40 АЕК мөлшерінде
және асырауында мүгедек балалары бар қызметкерлерге 100 АЕК мөлшерінде төлем
төлеу жөнінде жаңа жеңілдіктер енгізілген. Сондай-ақ, сыйақы төлеудің жаңа
түрлері қаралған. Мәселен, Наурыз мейрамына, мұнай-газ өнеркәсібінің
қызметкерлері күніне, Тәуелсіздік күніне 45 АЕК мөлшерінде, Отан қорғаушылар
күніне 15 АЕК мөлшерінде, Халықаралық әйелдер күні мерекесіне 20 АЕК мөлшерінде
қаралған. Және үйленген немесе тұрмыс құрған жағдайда 50 АЕК мөлшерінде, зейнет
жасына жеткенде жұмыс стажына қарай 5 лауазымдық айлықақы мөлшерінде төлемақы
берілетін болды. Сонымен қатар сыйақы беру жүйесін құру жөніндегі бірқатар
шаралар іске асырылуда. Осы шаралар аясында еңбек сапасына ақы төлеу қағидаты
күшейтіліп, ақы төлеудің ішкі және сыртқы әділдігі, өтемақы пакеттерінің
бәсекеге қабілеттілігі ұдайы назарда ұсталып келеді. Ұжымдық еңбек шартында
көрініс тапқан айрықша жұмыс сапасын мойындау қамтамасыз етіледі. Өткен жылдан
бері компания қызметкерлеріне төленетін
жалақы мен жеңілдіктердің
мөлшері өсті. Айталық, негізгі жалақы
орташа есеппен 17%-ға, ал тікелей өндірісте жұмыс істейтін 1 000-ға жуық
қызметкердің жалақысы 20-40 пайызға көбейді. Компания өз қызметкерлеріне
ауқымды жеңілдіктер көлемін ұсынады. Олар медициналық сақтандыру, өндіріске
байланысты жарақаттану және қайтыс болу жағдайына сақтандыру, қызметкерлердің
асырауындағы балаларға материалдық көмек көрсету, тасымалдау, ұялы байланыс
жабдықтары мен қызметтерін ұсынады. Сонымен қатар, отбасылық оқиғаларға
байланысты қосымша демалыс күндерін беру, бала күтіміне байланысты
корпоративтік жәрдемақы, компанияға тиесілі спорттық орындарға қатыстыру,
санаторияға, жазғы балалар лагерьлеріне
жолдама беру және материалдық қолдау көрсету мақсатында әлеуметтік қордан
материалдық көмек қарастырылған. Бір сөзбен айтқанда, компания басшылығы мен
кәсіподақ комитеті арасындағы ұжымдық шарт, бұрынғы шартпен салыстырғанда
«қомақты әлеуметтік пакет» ретінде көзделді.

Компанияның зейнетке шыққан бұрынғы қызметкерлері, өндірістен
мүгедектік алған қызметкерлер және асыраушысынан айрылуға байланысты залал
өтемін алатын отбасылары да назардан тыс қалмауда. Бұл санаттағы адамдарға
Наурыз мейрамы, мұнай-газ өнеркәсібінің қызметкерлері күні, Жаңа жыл мерекесі
қарсаңында азық-түлік пакеттері таратылады.

Осы жетістіктердің барлығы – кәсіподақ комитеті мен компания
басшылығының ұжымдық шарт бойынша өздеріне алған міндеттемелерді орындап, өзара
тығыз ынтымақтастықта әрекет етуінің нәтижесі.

Жаңа ұжымдық шартты қабылдауда кәсіподақ комитеті, компания
қызметкерлері мен әкімшілігі бірлесіп күш жұмсады. Тыңғылықты істің нәтижесіне
компания жұмысшылары да дән риза.

 

Нұрбек Дәуренбеков.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз