КАМЕРАЛЫҚ ОРКЕСТР ЕУРОПАҒА ЖОЛ ТАРТАДЫ

Жуырда облыстық филармонияның камералық оркестрі Балқан түбегіндегі Босния, Герцеговина, Сербия, Венгрия мемлекеттерінде түркітілдес елдердің қатысуымен өтетін камералық оркестрлер фестиваліне қатысады. Кеше камералық оркестрдің гастрольдік сапар алдындағы есеп беру концерті өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов қатысты.
Осыдан үш жыл бұрын облыс әкімі Қырымбек ­Көшербаев­тың қолдауымен өңірлік филармонияда ка­мералық ор­кестр құрыл­ған еді. Қазіргі уа­қытта шы­ғар­машылық ұжым­ның репертуары шоқ­тығы биік туындылармен то­­­­лыққан. Оркестр әлемге әйгілі шығармалармен бірге, Құр­манғазы, Дәулет­керей­дің күйлерін де орындайды.
 Жиылған ел концертте бір сәт оркестердің мың құбылған иірімді, қарқынға толы әуеніне шабыттанса, бірде нәзік те мөлдір лирикаға елти түсті. Камералық оркестрдің көр­кем­дік жетекшісі – Анар Жаң­быр­баева болса, дирижері ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, профессор, композитор – ­Анвар Акбаров.
– Бүгінде оркестр ұжымы виолончель, контрабас, фортепиано, скрипка сынды музы­­калық аспаптармен өнер көрсетеді. Танымал композиторлар ғана емес, Алмас Серкебаев сынды жас өнер иелерінің де туындыларын орындаймыз. Жуырда ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы камералық оркестрінің өнер­паздары бізге келіп, ұжым­­мен бірге дайындық жұ­мысын жүргізуде. Бұл – өнер ұжымы үшін өте пайдалы тәжі­рибе алмасу, – деді Анар Жаңбырбаева.
Иә, жыл басында оркестр ұжымы шетелге шықпақ. Өнер иелері ауқымы кең, айтары мол фестивальдан мол тәжірибемен оралып, елдің рухани қазынасын арттыру мақсатында еңбек ететіні анық.

 
Айдана ЖҰМАДИНОВА.
Мәдениет 14 ақпан 2019 г. 1 604 0