Корей киносының фестивалі

Ел тұрғындарының 85 проценті күнделiктi жоқ дегендегі бір сағатын сериал көруге жұмсайды екен. Соның ішінде жастар корей драмаларына әуес келеді. Ол жуырда «Арай сити молл» ойын-сауық сауда орталығында өткен корей киносының фестивалінде де анық байқалды. 

Корея Республикасының Қазақстандағы елшілігі мен  «Қызылорда облысының корейлер ассоциациясы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған шараға жиналғандар көп болды. Олар мұнда кәрістердің тілі, мәдениеті, салт-дәстүрі мен ұлттық асханасына қатысты барлық мағлұматқа қанықты. Фестиваль арнайы концерттік бағдарламамен көмкерілді. Бірлестік мүшелері «Самульнори» деп аталатын ұлттық аспаптың сүйемелдеуімен өнерін ортаға салып, заманауи К-рор стилінде ән шырқады. Әрі қарай шара сауда орталығының «Kinoplexx 8» кинотеатрында жалғасын тапты. Мұнда көрермен назарына комедия жанрындағы «Мы – братья» және «Прощай, одинокая жизнь» фильмдері ұсынылды. Келген меймандар жақсы әсермен шығып, таңданыстарымен бөлісіп жатты.  

– Фестиваль жоғары деңгейде өтті, серпіліп қалдық.  Кинотуындыларда қоғам шындығы көрініс тапқан, басты кейіпкерлер де рөлін сәтті алып шықты.  Олардың риясыз сезімі бізді бей-жай қалдырмады. Алдағы уақытта осындай мәнді шаралар көптеп жалғасса деген тілегіміз бар, – деді қала тұрғыны Алла Мян.

Расында, бас-аяғы 2 сағатқа созылған шара рухани азық болар дүниелерімен есте қалды. Фильмдерде салт-дәстүрді ұлттық құндылық ретінде ерекше дәріптеу байқалды. Сонымен қатар көрерменді жалықтырар кадр да өте аз кездесті. Бұл – корейлік кинематографтардың бір артықшылығы деп білеміз.

М.Снадинқызы.

 

Мәдениет 30 мамыр 2019 г. 370 0