Әбжанова әлемі

Сыр өңірі театрының тарихында өнерге өзіндік өрнек салған, қайталанбас рольдерімен көрермен көңілін тапқан талант иелері аз емес. Солардың бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кәмила Әбжанова. 

Жарты ғасырға жуық өмірін Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында өткізген ол талай образды сәтті сомдай білді. Дарынды жастың бұл салаға келуіне қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері Асқар Тоқпанов себепші болған еді. Сол кісінің шақыртуымен 1972 жылы Алматыдағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының студиясын, 1996 жылы Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы театр және кино институтының драма актері факультетін бітірді. Бұл оның бала күнгі арманына қанат бітіріп, алға қадам басуына мүмкіндік берді.

Бойындағы қабілетін шың­дап, кәсіби білім алған ол 1972 жылы Қызылордадағы театрға жұмысқа орналасты. Қасиетті өнер шаңырағында Кәмила Әбжанова шамамен жүзге жуық кейіпкердің кейпіне еніп, асқан шеберлігімен көрермен жүрегінен орын тапты. Атап айт­қанда, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» Мақпалды, Р.Отарбаевтың «Қанды­өзек» спектаклінде Жалқытайдың анасын, Е.Төлеу­байдың «Жеңгетай» комедия­сында Толымды, И.Сапарбай­дың «Сыған серенадасы» поэ­ти­калық дра­­­масында Баронессаны, ­М.Ф.­Ахун­д­заденің «Кет­­­­пейсің! Бол­­ды, кетпейсің!» комедиясында Ханперіні, Ә.Тә­жі­баевтің «Екі дәурен, бір ғұмы­рында» Ділдәні, Л.Егембердиеваның «Кө­ре­сіні көрмей» драмасында Ақ­дидардың бейнесін кемеліне кел­тіріп ойнады.

Бізбен әңгіме барысында кейіп­керіміз балдәурен күн­­деріндегі естеліктерімен бөлісті.

– Менің балалық шағым Қазалы ауданының Майлыбас елді мекенінде өтті. Тоғыз баланың үлкені болдым. Халықтың басына түскен ауыртпалықты біздің отбасы да сезінді. Ол кезде фин соғысы жүріп жатқан еді. Әкеміз майдан даласынан ауыр жарақат алып ортамызға оралды. Алайда, өмір бойы сол аурудың азабын тартты. Соғыс­тан кейінгі жылдар кім-кімге де оңай соққан жоқ. Туыстарымыз бен әкемнің достары ол кісінің Роза Бағланова ән айт­қанда домбырамен сүйемел­дегенін, екеуі бірге өнер көрсеткенін айтады. Анамыз да өнерден құр­алақан ем­ес. Ауыл ішінде халық әнде­рін на­қы­шына кел­тіріп орын­дай­­тын. Өнер ма­ған әкенін қанымен, ананың ақ сүтімен дарыса керек. Кішкентай кезімде әнші болуды, сол кездегі атақты «Гүлдер» ансамблінің құрамында ән айтуды армандайтынмын. Бірақ уақыт өте келе жоспар өзгеріп, актерлік өнерге құштарлығым оянды, – дейді ол.

Студияны бітіре салысымен жергілікті театрға жұмысқа қабылданған жас маман Шолпан Бәкірова, Әбдіғұмар Қанетов, Қыдырма және Кәшима Көпбаева, Айнатай Манасбаева, Шәріп Марденов секілді сахна шеберлерінен тәлім алды. Ал театр корифейлері Жібек Бағысова, Серік Шотықов, Пахраддин Қуанышев, Ізбасқан Шәкіров, Ұлбатай Баяділова, Әлия Арыс­баева, Яһуда Халықұлы және Асқарбек Сейілхановпен бірге еңбек еткенін үнемі мақтанышпен айтып жүреді.

Өнерде өзіндік қолтаңба қалдырған актрисаның еңбегі әркез лайықты бағаланды. 1988 жылы «Еңбек ардагері» медалімен, 1998 жылы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау минис­трлігі және Қазақстан ЛКСМ орталық комитетінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. 2000 жылы «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағын, 2005 жылы Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері» арнау­лы белгісін, 2009 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері» атағын иеленді. 2016 жылы театрда белгіленген Ш.Бәкірова атындағы ауыспалы жүлдені жеңіп алды. Өткен жылы мәдениет саласы қызметкерлерінің төл мерекесінде Кәмила Әбжановаға мәдениет және спорт қызметкерлері салалық кәсіподағы облыстық филиалының «Еңбек даңқы» төсбелгісі табысталды.

Сахна саңлағы өмірдегі һәм өнердегі айнымас серігі, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері Бақытбек Алпысбаевпен елу жылға жуық уақыттан бері ­театр сахнасында бірге еңбек етіп келеді. Оларды таныстырған да, табыстырған да – осы киелі қарашаңырақ.

– Бәкең – қай кезде де менің алғашқы сыншым, негізгі әріптесім әрі кәсіби кеңесшім. Берілген рольдің мән-маңызын да, отбасындағы мәселелерді де біз бірге талқылаймыз. Оның пікірі мен үшін маңызды, – дейді Кәмила апай.

Бүгінде жетпістің желкенін керген кейіпкеріміз әлі күнге театрдан қол үзген жоқ. Оның кәсіби шеберлігі мен еңбекқорлығы кейінгі буын өкілдері үшін өнеге екені даусыз. Апаймен сұхбаттасу үшін театрға барғанымызда Д.Исабековтің «Құстар фестивалі» спектакліне қызу дайындық жүріп жатыр екен. Жұлдызды жұп Кәмила Әбжанова мен Бақытбек Алпысбаев онда ерекше рольдерді – Әтеш пен Тауықты сомдайды. Жастар жылына арналған қойылымды сахналау үшін бұған дейін сырбойылықтар назарына «Сыған серенадасы», «Қысылғаннан қыз болдық», «Күлшеқыз» спектакльдерін ұсынған режиссер Қуандық Қа­сымов шақырылыпты. Ал өзінің мерейтойлық концертіне орай актриса «Ана қасіреті» моноспектаклін әзірлеу үстінде.


Назерке САНИЯЗОВА.

Мәдениет 11 маусым 2019 г. 113 0