Абай Сочиде топ жарды

Жуырда Сочи қаласында өткен «Солнечный дождь – 2019» халықаралық балалар мен жасөспірімдер фестиваліне қатысқан жерлесіміз Абай Ермағамбет «Эстрадалық вокал» номинация­сы бойынша жүлделі І орынды жеңіп алды. Әлемнің 12 мемлекетінен қатысқан өнерпаздар ішінен топ жарып шығу үлкен ерлік. 

Қаламыздағы №233 мектептің 2-сыныбын аяқтаған Абай бұған дейін де бірнеше халықаралық байқаулардың жеңімпазы және лау­реаты атанып үлгерген. Мәселен, «Бақытты елдің  ұрпағы» қо­ғамдық қорының ұйымдастыр­уымен өткен «Дала сазы» байқауында бас жүлде, «Stars Project» фестивалінде 1 дәрежелі дипломмен марапатталған.

–        Немеремнің өнерге деген қызығушылығы ерте жастан басталды. Әуелгіде мән бермеген едік. Кейін бойындағы қасиеттің атамыздан берілгенін сезгендей болдық. Мен келін болып түскен кезде қайынатамның керемет ән салатынын білдім. Қоңыр дауысымен өлең айтқанда көп адамды өзіне қаратып қоюшы еді. Сондықтан болар, осы кішкентайымыз әдемі әуенге әуестеніп өсті. Сочидегі фестивальға баруына ата-­анасы күш салды. Күндіз-түні дауысын жаттықтырып дайындады. Байқау барысында да жанынан табылды, – дейді әжесі Қымбат апай.

Талант қай кезде де тас жарып шығады. Өзі кіп-кішкентай Абайдың дауысы зор, болашағынан көп үміт күттірер азамат. Біз де әнші баланың таудай талабына бақ тіледік.

Мәдениет 25 шілде 2019 г. 1 191 0