Жүргеновтің жасампаз жолы

Өзбекстандағы Қазақстанның мәдениеті мен өнері күндері аясында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, облыс әкімдігі, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыр­уымен Ташкент және Новои қалаларында бірқатар іс-шара­лар өтуде. Іссапардың мақсаты – екі ел арасындағы мәдени байланысты одан әрі дамыту, қазақ жұртының мәдени мұрасын, ұлттық өнерін насихаттау.

Шара барысында Өзбек Ұлттық академиялық драма театрында Мемлекет және қоғам қайраткері Т.Жүргенов атындағы қоғамдық қорының төрағасы С.Аңсатовтың ұйым­дастыруымен «Орта Азия мен Қазақстанның білімі мен мәдениетін дамытудағы Темірбек Жүргеновтің жасампаздық жолы» тақырыбында ғылыми-танымдық конференция өтті.

Сонымен қатар, өзбек теат­рында облыстық тарихи-­өлкетану музейінің С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясы өңірдегі қылқалам шеберлерінің 50-ге жуық картинасынан құралған көрме ұйымдастырды. Сыр елінің суретшілері туған жердің табиғаты мен салт-дәстүрі, қазақ елінің құндылықтары мен ұлы тұлғалары тақырыбында салынған суреттерін көпке ұсынды. Өлке өркениеті мен тарихын насихаттайтын туындылар көрмесіне қатысқан қонақтар ықылым заманнан жалғасып келе жатқан қазақ елінің ұлттық құндылықтары мен тағылымды тарихының келешек ұрпаққа үлгі болатынын айтып, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.

Мұнан бөлек, өзбек Ұлттық академиялық драма теат­ры сахнасында Сыр өнерінің қара шаңырағы – облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының өнерпаздары Рахымжан Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» тарихи драмасын көрерменге ұсынып, халықтың ыстық ықыласына бөленді. Ал Новои қаласы «Фархад» мәдениет орталығында бауырлас халыққа қазақ жұртының мәдени мұрасын, ұлттық өнерін насихаттау мақсатында облыстық филармонияның Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі, жеке орындаушылары мен Сыр елі жыраулық өнерінің өкілдері және «Томирис» би ансамблінің қатысуымен «Сыр­дария – дос­тық арнасы» атты үлкен концерттік кеш өтті. Салтанатты кеште бас дирижер, «Құрмет» орденінің иегері Кеулім­жай Ботабаев, дирижер «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Күлдәрі Избанова өнер көрсетті. Қорқыт, Түркеш, Құрманғазы, Әлшекей сынды дала композиторларының туындылары орындалды. Әсіресе, Сыр бойында сақталған ерекше феномен – көмей тілді қозғай жырлайтын музыкалық мәдениетіміздегі ең көне, ең күрделі өнерімізді бауырлас ел зор ықыласпен қабыл алды. Оған қоса, екі мемлекет достығының айғағы ретінде өзбек халқының шығармалары, би қойылымдары сахналанды.

– Мәдени құндылыққа бай, тағылымы мол тарихы ұрпақтан ұрпаққа жеткен еліміздің мәдениеті мен өнерін насихаттау, оны таныту, онымен мақтану бақыты бұ­йырғаны үшін қуаныштымын. Өзбекстан еліндегі Қызылорда облысының күндері аясында өткізілген шараларға келген қонақтардан көп алғыс пен ризашылық алдық. Олар Қазақ елінің, оның ішінде Сыр өңірі өнер шеберлерінің туындыларына, актерлік шеберліктеріне таңданыс білдіріп, керемет әсер алғандарын айтты. Жоспарланған шараларды өз деңгейінде ұйымдастырып, өт­кізгені үшін облысымыздың өнер шеберлері мен сала мамандарына үлкен алғыс білдіремін, – дейді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Әбуова.

Осылайша, Өзбекстандағы кеште көпшілік қазақ өнерінің ұлы қасиетіне тәнті болып, ұйым­дастырушыларға зор ал­ғыс­­тарын білдірді.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

Мәдениет 17 тамыз 2019 г. 456 0