Мәдениет – барша ізгіліктің мәйегі

Өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Әбуова журналистермен брифинг өткізді.

Брифингте басқарма басшысы жартыжылдықта атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттерді саралап айтып, мына жайлардан хабардар етті.

Облыс көлеміндегі мәдениет үйлері мен клубтарда 7289 мәдени шара, облыстық филармонияда 147 концерт ұйымдастырылып, облыстық театрда 138 спектакль қойылған. Бұл – әрине, халық пен мәдениет қызметкерлерінің арақатынасындағы жоғары деңгей деп айтуға тұрарлық жәйт.  

Жастар жылына және Әйтеке бидің 375 жылдығына арналған «Жастар жырлайды» атты республикалық ақындар айтысы, халықаралық деңгейде «Сыр өңірінің түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіндегі алар орны» атты ғылыми-теориялық конференция, екінші рет өткізілген «Парасатты поэзия» жыр фестивалі, халықаралық балдық би турнирі және «Аға ұрпақ өнері жастарға аманат» атты суретшілер сипозиумы –  биылғы жылдың ауқымды мәдени шаралары.  

Ақын, драматург Әбілдә Тәжібаевтың 110 жылдығына арналған «Жұлдыз шашқан жырлар» атты поэзия кеші, Н.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасымен бірлесіп «ӘбділдаТәжібаевтың ақындық әлемі» тақырыбында онлайн-конференция жалпы жұршылықтың кітап оқуға қайта ден қоя бастағанының бір белгісі.  

 «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында облыстық филармонияның камералық оркестрі түркі тілдес елдердің қатысуымен Босния-Герцеговина мемлекетінде өткен классикалық камералық оркестрлер фестивалінде, «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі сәуір айында Ғарышкерлер күніне орай Мәскеудің Кремль сарайында жоғары  деңгейде өнер көрсетті» – деді басқарма басшысы.

Сонымен бірге М.Әбуова Қазақстанның Өзбекстандағы жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес осы жылдың 13-19 тамызы күндері Өзбекстан Республикасында Қызылорда облысының өнер күндері өткізілгені жөнінде де әсерлі ақпарат айтып өтті.

 «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында биылғы жылы облыстық бюджет есебінен Жанкент, Сығанақ, Сортөбе, Бәбіш мола, Қышқала қалашықтарына археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп отыр. Бұл журналистерге таныс жағдай – Қыш қала, Жанкент, Сығанақ қалашықтарында пресс-турлар  ұйымдастырылғаны мәлім. Қышқала қалашығынан тұрғын үйдің сегіз қырлы ішкі бөлмелерлінің толық жоспары, қыш күйдірген үлкен пеш аршылса, Жанкент қалашығынан ортағасырда тұтынған заттардың фрагменттері мен сол ғасырда тұтынған иіс су құтысының табылуы өткенімізді тани түсуге үлкен олжа болып қосылған жәдігерлер қатарын толықтырды.    

Басқарма басшысы «Жыр мұра» жобасы жөнінде кеңірек қозғады.  Бұл жобаның негізгі мақсаты «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» бағыты бойынша халық арасында ұмытылып бара жатқан  жыр-термелерді, мақам-саздарды, күйлерді қайта жаңғыртып келешек ұрпаққа табыстау, Қорқыт мұраларын жан-жақты насихаттау, облыс мәдениет ұйымдарында қобыз үйірмелерін ашу, жыр әлеміне жас жаңа есімдерді шығару. «Ел іші – өнер кеніші», біз жаңа бұлақтардың көзін ашуымыз керек» – деді М.Әбуова.

Осы тұрғыда 7 аудан мен Қызылорда қаласын қамтитын «Ұлы дала төсіндегі Сыр елінің фольклоры» атты экспедиция және аудандардағы жыр мектептері мен үйірме мүшелеріне облысымызға белгілі жыршы-жыраулардың қатысуымен шеберлік дәрістер ұйымдастырылған. Жоба қортыныдысы бойынша қараша айында бұрын соңды сахнаға шықпаған жас талант жыршы термешілердің гала концерті өткізілмек.

Сонымен бірге басқарма басшысы алдағы жоспарларды ортаға салып, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Д.БЕРКІНБАЕВ.

 

  •    
Мәдениет 23 тамыз 2019 г. 369 0