Жыр терапиясы

Жыр терапиясы – Қызылорда өңірінде ғана сақталған мыңжылдық тарихы бар өнер. Бастауын сонау Қорқыт атадан алатын өнер халқымыздың тарихын, идеологиясын, пәлсапалық ойларын осы дәуірге жеткізген. 

Қазақ тарихында жыраулар негізінен мәдениет өкілдері емес, мемлекеттік органның немесе сая­си құрылымның белді мүшелері болған. Жыраулық дәстүр Х ғасыр­дан бері тоқтаусыз қазақ халқы мәдениетінің басты құрамдасы болып отыр.

Жыр терапиясы жырау­лық өнер мектептерінің ерекшеліктеріне байланысты жасалған. Негізгі ірі мектебі ретінде Сыр сүлейлері және одан бөлек Арал бойындағы Нұртуған Кенжеғұлұлы мектептері саналады. Сыр сүлейлері мектебі дауысты көмейді ойнату арқылы шығарады. Алтайлық тамақпен ән салу стилінен айырмашылығы да осында. Егер Алтай және Сібір халықтарында тамақпен ән салу табиғат дауыстарына еліктеу болып саналса, қазақ халқы бұл ән салу стилін одан да дамыта түскен.

Біз оған ақындықты қосып, біріктіргенбіз. Жырды естігенде, әсіресе Сыр сүлейлерінің жыры әрқашан белгілі бір ырғақта немесе мақамда ғана орындалады. Мақамдағы ырғақ біркелкі. Ырғақтың тым тез түсіп не көтеріліп кететін тұстары жоқтың қасы. Бұл секілді ырғақ тыңдаған жанға тұрақтылық сезімін сыйлайды және оны тыныштандыратын транстық әсерлері бар. Жыр терапиясының да негізгі мәні – осы ырғақты адам жанын тыныштандыруға және демалдыруға қолдану.

Бұл ой әлі де болса, зерттеуді және тәжірибелер жүргізуді талап етеді. Десе де, жыр терапиясының үнділердің йогасы сынды әлемдік рухани практикалардың бірі болуға күші жетерлік.

 

Жанерке РАХМАН,

Л.Гумилев атындағы Ұлттық университет студенті.

Мәдениет 11 наурыз 2020 г. 40 0