Маралтайдан бір мақам

Тоқсаныншы жылдары өнер ордасы – Алматыға қарай ағылып жаттық. КазГУ жатақханасының бір бөлмесінде Берік екеуіміз ұшырасып қалдық. Түні бойы ұлттың, елдің болашағы, өлең, өнер жайында әңгіме айттық.

Берік ұзын бойлы, сырықтай, артық сылым еті жоқ, қараторы жігіт болатын. Оның алдында теледидардан мақамдатып, кө­меймен жырлаған жырларын та­лай рет тамсана тыңдаған едім. Таразда оқыған соң Алма­ты мен екі ортаны шиыр­­лаймыз. Ақырында біржола осын­да келіп алдым. Кон­сер­ва­­тория, басқа да мәдени, өнер ор­даларына жиі барып, тынымсыз аралаймыз. Бекболат Тілеухан, Берік Жүсіповтерді көремін. Сондай күндердің бірі еді. Берікпен әзірге ішек-қар­нымыз араласып кете қойған жоқ. Бірақ ол кездегі тағдырым жұртқа мәлім, алақұйындау күндерді кешіп жүрген шағым. Консерваторияның фольклор бөлмесінде Таласбек Әсемқұлов ағасымен екеуі бір нәрселерді айтып, інісі терезеге қарап ойла­нып тұр екен. Мен барып қалдым. Содан соң әй-шәйға қарамай, өлең оқыдым. 

– Бауырым, мынауың се­нің ға­жап қой, – деп өзінің жүрек­жарды лебізін, ыстық ықыласын білдірді. Мен толқып, риза болдым. Маңдайымнан сипайтын, шын өнердің  бағасын білетін адамдарды іздеп жүрген кезім еді. «Осы бәледен аулақ жүрейінші» деп менен құтыла алмай жүргендер қаншама. Берік жаңағыдай дегенде:

– Берік, мықты болсаң менімен жекпе-жекке шығасың ба? – дедім. Берік аңтарылып қалды. «Мен өлеңін мақтап тұрмын, бұл неге өйтеді?» деп ойлады ма екен, қапелімде түсінбей қалды да:

– Бауырым, егер бұл өтіні­шіңді екінші рет айтатын болсаң, жерге тастамаспын! – деді. Мен риза болдым. Өзім де сайтан­ұрғанның біреуімін ғой. Отырған жерінен төбелеспей тарқа­майтын адамның сортынан болдық. Беріктің азаматтық дәре­жесі қандай деңгейде екенін сынағым келсе керек. Жаңа­ғы­дай жауап алған соң мен де жуасып, табысып, ақыры жара­сып кеттік. Әсіресе рухани жа­ғы­нан жақындасып, бүгінде ара­­ласып, сіңісіп, қимас досқа айнал­­дық. Содан бері қаншама жыл өтсе де, ол да, мен де бұл та­­қы­рып туралы жақ ашқан емеспіз...

Беріктің әндерін сахнада, дастарқан басында, эфирден де тыңдап жүрміз ғой. Бірақ бір сәті көкейімнен кетпейді. Таңғалдым. Бұдан біраз жыл бұрын, бес-алты жігіт тау жақта, өңшең ығай мен сығай дастархандас болдық. Бекең сол жерде баянмен «Айнамкөзді» айтты. Бұрын «Айнамкөзді» Ғарекеңнің, басқа да мықтылардың орындауында талай тыңдағанмын.

Беріктің үні аспаннан құйылғандай экстаз күйге еніп, көтеріліп, көз алдымда отырған адамдардан биіктеп кетті. Алапат сезімде. Менің жан дүниемді бір тылсым дуалап алғандай болды. Жүрегім жарыла толқыдым, адам баласының осыншалықты мүмкіндігі барын сезініп. Өнерді, дәстүрлі музыканы бір кісідей түсінемін деп ойлаймын. Сол жерде Берік шарықтау шегіне жетті. Сол күні өнер салтанат құрды.

Мен соны кейін Берікке айтқан едім. «Ой, Мәке, ондай ән енді қайтып айтылмайды ғой» деді. Әміре Қашаубаев сахнада ән салып тұрып, бірде егіліп жылап, домбырасын тастап шығып кетіп, босағада өксігін  баса алмай тұр екен. Қасына барып, жұбатып, жағдайын сұраған кісілерге сонда  былай депті: «Бұл әнді салғаныма жиырма-отыз жыл болды, сахнада тұрып, бірінші рет түсіндім». Әне, өнердің осындай да қасиеттері болады. Адам түсіне бермейтін, әсіресе түбіне бойлай алмайтын. Кейде «Осы әнді Мұхит өзі салса ғой, қалай шырқайды екен, мына әнді Біржан сал қалай шырқады екен?» деп ойлайсың. Сөйтіп, аңсарың ауатын кездер болады. Маған сол жерде Мұхит өзі де осылай-ақ орындаған шығар деген ой келді.

Берік дулыға кигізіп, қолына найза ұстатса, жауға тойтарыс беретіндей азаматтың бірі. Сонымен бірге, өнерге деген адалдығы, әр әнді таза айтуы, білімділігі, ізденгіштігі, қазына құмарлығы өз алдына. Қазына құмарлық дегенде, Берікте сақ­таулы тұрған арғы-бергі жырау-жыршылардың дауыс­тары тура­лы айтамын.

Берік жайында таңды таңға ұрып айтуға болады. Қысқаша қайырсам, бай этнографиямыз, жыр, күй, ән-терме, қыран құс, жүйрік ат, құмай тазы, дегдар қазақ өміріне не тән соның бәрінен шежіре шертетін, сырын жетік білетін қария секілді.

 

(Т.Момбекұлының  «Жаратқан, жар болғайсың» кітабынан).  

Мәдениет 15 наурыз 2020 г. 228 0