«Қобыз сарыны санамда жатталған»

1370

1

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласындағы «Тәуелсіздік жылдарында талантымен таңдай қақтырған жас өрендердің тұтас легі өсіп-жетілді. Бүкіл әлемді аузына қаратқан ғажайып дарын иелері де бар. Олар – Қазақстанның мәдени келбеті, елімізді халықаралық аренада танытып, Тәуелсіздік құндылықтарын жер жүзіне паш ететін рухани елшілеріміз, біздің айрықша күшіміз  («soft power»). Осындай азаматтарға қамқор болу – мемлекеттің міндеті» делінген тұсы талантты жастардың тасада қалмауына, қайта қолдау білдіріп дәріптеу керектігіне тағы бір рет көз жеткізгендей.

Қазақтың көне тарихымен бірге жасасып келе жатқан қасиетті қобыз аспабының ел арасында кеңінен танылуына өлшеусіз үлес қосқан Қорқыт пен Ықыластың өнерін ілгері жалғастырушы жас таланттар өсіп келеді. Солардың бірі – Тоқтар Ағыраев. Ол жас болса да дәстүрлі музыканы дәріптеп, киелі өнердің жалғастырушысы атанған. Дарын иесі елімізден өзге мемлекеттерде болып, қазақ ұлттық музыкасын, қобыз аспабын танытып, талантымен тәнті етуде.

Тоқтар қобыз тартуды бала күнінен үйренген. Әкесі – Ермекбай Ағыраев та мәдениет саласының қызметкері, өнерден қаражаяу емес. Мектеп қабырғасында түрлі мәдени іс-шараларға қатысып, белсенді оқушы болды. Көптеген өнер байқауларына қатысып жеңімпаз атанды.  Ер жете келе тарихы терең, көненің көзі саналатын қобыз аспабын одан әрі зерттеп, нағыз маман болуға бел байлады. Қазанғап атындағы музыкалық және Қазақ Ұлттық музыка академиясының колледжінде оқыды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, зерттеуші «Тілеп» қобызшылар квартетінің жетекшісі, «Қорқыт ата» атындағы көне аспаптар ансамблінің жетекшісі, қобызшы Әлқуат Қазақбаевтан  дәріс алып, қобыздың қыр-сырын меңгерді.

Жоғары білім алу үшін Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ ұлттық университетіне түсіп,  дәстүрлі музыка өнері факультетін  бітірді.  Туған жерге келіп еңбек етуді жөн санап, 2015 жылдан бастап облыстық филармония жанынан ашылған «Ақмешіт» фольклорлық этнографиялық ансамблінің мүшесі атанды.

Жас қобызшының репертуарында Қор­қыт, Ықылас Дүкенұлы, Көзімбет, Тілеп Аспантайұлы, Қазбек Әбенов, Жаппас Қаламбаевтың  күйлері бар. Сонымен бірге ол қазіргі заман композиторлары шығарған күйлерді де орындайды, тыңдайды.

– Қобыз аспабында ойнау оңай емес. Бала күнімнен үнін естіп өстім. Осы тұр­ғыда білімімді жетілдіріп отырамын. Белгілі қобызшыларды тыңдап, жаңа туын­дыларын қалт жібермеймін. Әсіресе, қыл-қобыз шеберлерінің ішінде Саян Ақмол­даның орындау шеберлігі ерекше, – дейді ол.

Тоқтар өткен жылдан бастап қала­лық А.Тоқмағанбетов атындағы мә­дениет үйінің жанынан ашылған қобыз үйірмесінде дәріс береді. Жас өрендерді ұлттық музы­калық аспапта ойнауға баулып жүр.

Қобызшы жігіттің жеткен жетістігі аз емес. Ол І республикалық Ықылас Дү­кенұлы атындағы қылқобызшылар кон­­курсының дипломанты. Рес­пуб­­ликалық орындау­шылар конкурсында қылқобыз номинациясы бойынша ІІ орын иемденген. Құрманғазы атындағы республикалық халық аспаптарында орындаушылар байқауында қыл-қобыз номинациясында І орынды жеңіп алды. Сонымен қатар Тәттімбет атындағы байқауда жүлдегер бол­ды. Түркітілдес мемлекеттердің Қорқыт ата атындағы дәстүрлі орындау­шылары конкурсында бас жүлдені олжалады. Ал, ІІ республикалық Ықылас Дүкенұлы атындағы қылқобызшылар конкурсында бас жүлде иегері атанды.  Шығармашыл жастардың халықаралық «Шабыт» фестивалінде І орынға қол жеткізді.

«Ақмешіт» фольклорлық-этногра­фия­лық ансамблімен бірге көптеген сырт мемлекетте болып, әлем сахналарында өнер көрсетіп, халықтың риясыз қошеметіне бөленіп жүр.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<