Жастар театрының жаңа белесі

1127

2

А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде Халықаралық театр күніне орай Қызылорда Жастар театрының салтанатты шарасы өтті. Онда театр қойылымдарынан үзінділер көрсетіліп, театр жанынан ашылған «Бастау» үйірмесінің өнерпаздары да өз өнерлерін ортаға салды.

Биыл – үйір­ме негізінде жұмысын бастаған шығармашылық ұжымның театр болып құрылғанына 5 жыл. Сахна шымылдығын дра­матург Қанат Жүнісов­тің «Алғашқы махаббат» пьесасымен түрген жаңа театр жұмысының жолға түсіп, өнер көшіне қосылуына қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев тікелей қолдау танытқан. Бес жыл бедерінде режиссер, Мәдениет қайраткері Оңталап Нұрмаханов жетекшілік ететін труппа өзінің тұрақты көрермені бар өнер ұжымына айналып үлгерді.

Салтанатты шарада құт­­тықтау сөз сөйлеген қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов ел руханиятына қосқан үлесі үшін театрға әкімдіктің арнайы 100 мың теңгелік сертификатын табыстады. Өз кезегінде мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мұхтар Ниязов бөлім атынан ұжымға 50 мың теңгенің сертификатын тапсырды.

Сонымен қатар, театр артистері мен қызметкерлері облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының, облыстық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қыз­меткерлерінің кәсіподақ төрайымының, «Nur Otan» партиясы облыстық филиал төрағасы бірінші орынбасарының алғыс хаттарымен марапатталды.

Сондай-ақ, талапты тол­­қынның басын қосқан ұжым жастарына бірқатар номи­нациялар табыс етілді. Осылайша Динара Төлеп­берген «Үздік эпизодтық роль», Гүлбазар Сандыбай «Үздік әйел адам бейнесі», Мақсат Серіков «Үздік ер адам бейнесі», Әділет Әбенов «Үздік би қоюшы», Жарқынбек Қосбаев «Үздік суретші» номинацияларын иеленді.

Жыл бойы театр қойы­лымдарын қалдырмай кө­­­ретін көрермендер де на­­зардан тыс қалмады. Бірнеше тұрақты көрерменге жыл бойы кез келген қо­йылымға тегін кіру куәлігі табыс етілді. Іс-шара соңы елімізге белгілі театр суретшісі Серік Пірмахановтың рухына арналған қойылыммен қорытындыланды.

«СБ» ақпарат

Пікірлер:

Шәрбану үшін пікір үстеу Жауапты болдырмау