100 миллиондық жекпе-жек

122

0

Қазір бокс жанкүйерлерінің ғана емес, күллі жұрттың аузында жүрген әңгіме қыркүйекте өтетін Геннадий Головкин мен Сауль Альварестің жекпе-жегі туралы болып тұр. Тіпті бұрын боксқа қызықпайтындар да бұл әңгімеден шетқақпай қалмайды. Сондағы айтатындары «кім жеңеді екен?» деген қысқа сөз. Біздің де айтпағымыз осы.
Геннадий Головкин жайлы деректерге бәріміз де қанықпыз. Төрт бірдей тұжырым бойынша орта салмақтағы 34 кездесуінің бәрінде жеңіске жеткен  қазақстандық кәсіпқой боксшы. Бұл әңгіме барысында «тұжырым», «салмақ» турасында тарқатып айтудың қажеті шамалы. Біздің оқырманға керегі бокс.
Головкиннің барлық жекпе-жегін жібермей көріп келе жатырмыз. Өйткені Генаның жекпе-жектерінде, сөз жоқ, қазақтың намысы сынға түседі. Мәселе оның қазақстандық болуында ғана емес, әр кездесуінде Мемлекетіміздің туы желбіреп, Әнұранымыздың асқақтауы. Ұлтымыздың нышаны болған оюлы шапанымыздың әлем жұрты алдына шығып, «Алға, Қазақстан!» деген рухты сөздің жаңғыруы. Міне, қарасирақ баладан ақсақалды шалға дейінгі жан¬күйерліктің бір сыры осында жатса керек.
Ұмытпай тұрып айта кетсек болады, «GGG»-дің ¬аме¬ри¬калық әлем чемпионы Джейкобспен өткізген соңғы жекпе-жекпегі туралы біраз әңгіме бұрқырап барып басылды. «Гена шаршады, енді абыройын түсірмей боксты қойғаны да дұрыс» дегендер де бар. Өйткені бұл шайқас 12 раундқа созылды. Қарсыласын жарты жолда жығып кетіп жүрген Генаның осы бір шабандығы ойымызды әрсаққа жүгірткені рас. Бірақ, бұл Головкиннің әлсіздігінен емес-ті. Кейін ол мұндай қадамға баруын «келесі жекпе-жегіме дайындығым» деп түсіндірді. Мұнан артық сенімділік бола ма? Бір жағынан жазылмайтын ауруды спорт арқылы жеңген  америкалық боксшы құрметтеуге тұрарлық азамат еді. Ал, жекпе-жек алдында Джейкобстың өзі «мен оны соққының астына аламын деп айта алмаймын, не істейтінімді рингте көрсетемін» деп екіұшты сөз айтқан. Демек, Дэниел мойындап тұр.
Ендеше, Гена дайындалып жүрген келесі жекпе-жектің бас қаһарманы Сауль Альварес кім?
Сауль 1990 жылы Мексиканың Гваналахара қаласын¬да дүниеге келген. Қоңыр сары балақай жас кезінде балалардың мазағына қалып жүретін жуас мінезді екен. Оның «Канелло» деген лақап аты «қоңыр» деген ұғымды білдіреді. Сол балаларды сабау үшін Сауль ағасы Ригобертоға еріп бокс жаттығуларына барады да осы спортты ұнатып қалады. Ақырында ағасынан озып кеткен. Уақытша чемпиондық атағынан айырылып қалған ағасының орнына «кек алған» Альварес 21 жасында бірден екі чемпиондық белбеу тағынған. Сонымен бірге 27 кездесу өткізген ағасы 6 рет жеңілсе, інісі бір рет қана жеңіліп, бір рет тең кездесу тіркеген. Ол өзінің кәсіпқой рингтегі 49 жекпе-жегінде жеңіп, оның 33-ін нокаутпен аяқтаған.
Ал, енді бұл Канеллоның біздің Генадан артық¬шылықтары бар ма, соған келейікші. Біріншіден, ол ешбір жеңіліп көрмеген доминакандық Гансалес, ұлыбри¬таниялық Амир Хан, америкалық Флойд Мейвезер сияқты атақты боксшылармен кездесу өткізген. Головкинге мұндай атақтылармен жұдырықтасудың ыңғайы келмеді. Бірде салмағы сәйкес болмаса, бірде келісім-шартқа отыру қиындығы туды. Осы келісімге келу дегенге орай ¬Джейкобспен болған кездесуінен кейінгі Генаның жаттықтырушысы Абель Санчестің айтқан сөзі ойыма түсіп отыр. «Кездесудің бұлай 12 раундқа созылуы қарсылас шақыру үшін де керек болды» деп еді ол. Демек, қандай бір атақты болса да жүрегі дір ететін Гена жоқ деген сөз. Тағы бір артықшылығы деп айтылып жүрген жағдайы Саульдің жасы, ол Генадан сегіз жас кіші. Сонысына қарай жекпе-жекте жылдам. Оның үстіне қаша жүріп соққылау тәсілін жетік меңгерген. Яғни, өзіне жұдырық жұқтырмайтын сияқты. Генаның соққысы ауыр, соған сай ол жақыннан, ұрымтал тұстан ұрудың хас шебері. Осындай айырмашылықтары бар. Өз басым бұл нәрселерді артықшылық деп айта алмаймын. Керісінше Генаның артықшылықтарын айтуға болады. Ол, мәселен, әуесқой рингке 350 рет шыққан, ал, Альварес 30 рет те шықпаған. Гена олимпиада ойындарына қатысып, күміс жүлдегер атанған, Сауль қатыспаған. Мұны артықшылық демесеңіз, қай кезде де Канеллоның осы кездесуден қашқақтап жүруінің байқалып қалатыны ше? Тіпті оның Генадан қашып жүргені туралы мультфилм де түсіріліпті. Бұл анимациялық туындыда «Қайда барсам, Қорқыттың көрі» демекші, Альварестің алдынан қабағы қатулы Гена шыға береді. Біржола құтылуды ойлаған мексикалық ұшақтан секіріп кетеді, бірақ жерде тағы да Генаға кездеседі. Осы уақытқа дейін «мен емес, ол дайындалсын» деп күпініп келген Канеллоның қашқақтайтыны да рас. Сондықтан Геннадий оны өз сұхбаттарында «ісінен сөзі көп» деп сынаған болатын. Тағы бір қызығы, Головкин осы бәске төрт бірдей белбеуін тігіп отыр. «Иә, бел кетер, иә, белбеу кетер». Альварес болса, бір-ақ белбеуін салмақшы. Бұл енді дымсыз қалмайын деген емей, не?
Сонымен, бокс тарихына алтын әріптермен жазылатын тағы бір тамашаны күтеміз. Бокс – әрі шоу, әрі қомақты ақша. Кейбір сарапшылар бұл жекпе-жектің бәсіне 100 миллион доллар тігілуі мүмкін дегенді де айтып жатыр. Бізге керегі қазақтың намысы мен көк туының еңкеймегені!
Қыркүйектің 16-сы күні Лас-Вегаста өтетін дүбірлі кездесуді еліміздің телеарналары азанғы мезгілде көрсе¬теді. «Үнемі осы бокстың қызығынан қалып қоямыз. Біз ұйқымыздан оянғанда Головкиннің қарсыласы ұйықтап жатады» деген екен бір қазақ. Сол айтпақшы, солай болсын.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз