СЕРПІНДІ СЕКСЕН ЖЫЛДЫҢ САЛТАНАТЫ

БЕЙСЕНБІ КҮНІ Н.БЕКЕЖАНОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ МУЗЫКАЛЫҚ ДРАМА ТЕАТРЫНДА ҚОРҚЫТ АТА АТЫНДАҒЫ ҚМУ-ДЫҢ 80 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫНА АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ ЖИЫН ӨТТІ. САЛТАНАТҚА ОБЛЫС ӘКІМІ ҚЫРЫМБЕК КӨШЕРБАЕВ ҚАТЫСТЫ.
Университет ректоры Қылышбай Бисенов қарашаңырақтың арғы тарихынан тар­қатып айтып, сексен жылдағы маңызды деген дүниелерді санамалап берді. Бес жыл бұрын бакалавриаттағы 16 мамандық үш тілде оқытыла бастады. Қазір жоспарланған пәндердің 50 пайызы – қазақ, 30 пайызы – ағылшын, 20 пайызы орыс тілінде өтеді. Алдыңғы оқу жылында университеттің 300-ден астам өкілі халықаралық «Eurospeak» мектебінде Англия мен АҚШ филологтарынан ағылшынша үйренді. Соңғы үш жылда төрт-бес мамандықтың түлектері дипломдық жұмысын осы тілде қорғады.  
– Инновациялық-кәсіпкерлік білім беретін оқу орнына айналу, өңірдің ақпараттық технология саласын дамыту, осы сала мамандарын даярлау – басты мақсат. Бүгінгі күні бейінді кафедралардың студенттері робототехника бағыты бойынша курстардан өтіп жатыр. Бізде автоматтандырылған «E-Univer» жүйесі жұмыс істейді. Барлық құрылымдық бөлімнің қызметі туралы мәлімет қоры толығымен автоматтандырылған. Биыл Сүлеймен Демирель университетімен бірлескен CISCO академиясы ашылды. Алдағы уақытта облыс әкімдігі мен Microsoft компаниясы арасындағы меморандумға сәйкес Microsoft академиясын құрамыз, – деді Қ.Бисенов.  
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бұл жалғыз университет ұжымының емес, бүкіл Сыр жұртшылығының ортақ қуанышы, мерейлі мерекесі екенін айтып, көпшілікті қуанышымен құттықтады.  
– Оқу орнынан түлеп ұшқан мыңдаған маман еліміздің, аймағымыздың дамуына зор үлес қосып келеді. Олардың арасында мемлекет және қоғам қайраткерлері, ұлағатты ұстаздар мен танымал ғалымдар, мәдениет майталмандары мен спорт саңлақтары, белгілі өндіріс басшылары мен бизнес өкілдері көптеп саналады. Сіздерді білім ордасының мерейтойымен құттықтай отырып, университет ұжымына толағай табыс тілеймін. Шәкірттеріңіз елімізді дамытуға зор үлес қосатын мықты маман болсын, университеттің аты биіктен көріне берсін! – деді аймақ басшысы.  
Облыс әкімі осыдан кейін бірқатар азаматқа өзінің Құрмет грамотасын табыс­тады. ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Әбдіманап Бектұрғанов, ҚР БҒМ Ғылым комитетінің төрағасы Болатбек Абдрасилов, ҚР ЖОО ассоциациясының президенті, академик Рахман Алшанов, еліміздегі бірқатар ЖОО ректорлары, түрлі салада танылған түлектер тілектерін ақтарды.  
Ғылым мен білімнің дамуына үлес қосқан ардагерлер мен оқытушылар «Еңбек ардагері», «Ыбырай Алтынсарин», «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгілерін кеудеге тақты. Университет ректоры Қ.Бисеновтің бұйрығымен тағы бірнеше адам «Қорқыт ата атындағы Алтын медаль» мен «Үздік түлек» медалін алды. Ең бас­ты марапат университетке Ахмет Байтұрсынов атындағы орденнің берілуі болды.  
Салтанатты жиын қазақстандық және жергілікті өнер иелерінің концерттік бағдар­ламасымен жалғасты.  

Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 18 қараша 2017 г. 977 0