Қызылордада өнер арбаты ашылды

 Қазақстан халқы бірлігі мерекесінде Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай орталық алаңда Өнер арбатының ашылу салтанаты өтті. Ұлттық өнер мен мәдениетімізді танытатын мәдени орынның ашылуына облыс әкімінің орынбасарлары Қуанышбек Ысқақов, Руслан Рүстемов,  облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов қатысты.

Осыдан 200 жыл бұрын бой көтеріп, өндірісі мен экономикасы өркендеп, көз тартар салтанатымен Сырды бойлай қоныстанған Қызылорда тағы бір ерекше орынмен толысты. Өнер арбаты кәсіби және әуесқой суретшілерге, қолөнер шеберлеріне шығармашылықпен айналысып, туындыларын халыққа ұсынуға мүмкіндік береді. Тұрғындардың рухани тұрғыда демалуына қолайлы қоғамдық-мәдени орында өнер иелері шеберлік сағаттарын өткізеді. Бұл жерде авторлық туынды, бұйымдарды еш делдалсыз сатып алу мүмкіндігі де бар.

Өнер арбатының ашылу рәсімін облыс әкімінің қолдауымен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырды.  Татулық мерекесін думанды тойға ұласқан алаңда үрмелі аспаптар оркестрі мен скрипкашылар, вокальді-аспапты ансамбль өнер көрсетті. Символикалық белгілер мен ұлттық мән-мағынаға ие аллеяда қонақтар ерекше аураны сезініп, ішкі мәдениетінің жаңа сатыға көтерілгенін байқайды. Шара барысында «Бесік тербеткен ана» бейнесіндегі кіші архитектуралық белгінің маңына кішкентай бүлдіршіндер гүл отырғызды. Әбділдә Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхана қызметкерлері көрме жасап, қаламгер Әбдіжәмил Нұрпейісовтің және «Мәңгілік ел» сериясымен шыққан кітаптардың QR кодтары белгіленген стендтерді ұсынды. Өнер арбатында облыс, аудан орталығынан жиналған 22 қолөнер шеберлерінің туындысын тамашалауға мүмкіндік туды. Қазақстан қолөнер шеберлері одағының облыстағы өкілі Қарлығаш Ілиясованың айтуынша, ел құрақ көрпеше, сөмкелер мен ұлттық кәдесыйларды жиі сатып алған.

– Әсіресе, балалардың ұлттық бұйымдарға қызығушылығына қуандық. Сапасыз, қымбат ойыншыққа қарағанда киізден, матадан жасалған ойыншықтар қалай қарасаң да тиімді.  Өнер арбатының ашылуы мәдениетімізді насихаттауға мол мүмкіндік берді, бұрын орталық алаңда қолөнер шеберлерінің басын қосатын орын жоқ еді, − дейді ол.

Бұл жерде кәсіби қылқалам иелеріне суреттерін салғызған тұрғындарды, жас суретшілерді жиі байқадық. Өнер арбатының шығармашыл тұлғаларға шабыт сыйлайтын, ұлттық мәдениетке ерекше көзқарас қалыптастыратын орынға айналары анық. Енді аллеяда тұрғындарға ұлттық бұйым, ерекше туындыларымен тарту ұсынған өнер иелерін мереке, тіпті кейде демалыс күндері де кездестіре аламыз.


Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 01 мамыр 2018 г. 644 0