ТҰЩЫ КӨЛДЕРДІ ТАЗАРТУ БАСТАЛДЫ

Арал ауданына қарасты Бөген ауылдық округі балық шаруашылығын өркендеткен ауылдардың бірі. Мұндағы жұртшылық теңіз тереңінен су маржанын сүзіп, халық байлығына баланған балықтан ырзық-несібелерін тауып келеді.

Елдімекен аумағында «Сарытерең» деген атпен танылған су айдыны орналасқан. Бір замандарда аталмыш көлдің батыс биігіндегі кеме қатынайтын өзекке ұзындығы 4 шақырым, биіктігі 4,5 метр болатын дамбы соғылып, су айдыны қолдан жасалған деседі. Осы кезге дейін Сырдария өзенінен құйылатын судың мөлшеріне қарай «Сарытерең» көлінің көлемі өзгеріп отырады. 2001-2002 жылдары ауыл тұсындағы айдын көлдің көлемі 1400 гектарға ұлғайып, тұрғындар балық аулауды жолға қойған еді. Алайда, бертін келе, «Тұщы» көлі толмай тұрғандықтан, «Сарытерең» көлі тартылып, көлдің ұлтаны тұзды сорға айналған. Соның салдарынан экологиялық ахуал нашарлап, қатты жел соққан уақыттарда сор араласқан ақ шаңдақ көтерілетін. Осы мәселені шешу жөнінде ауыл тұрғындарының ұсыныстары бүгінде оңтайлы шешім тауып отыр.

Аталған мәселенің өзектілігі ескеріліп, "Тұщы" көлдеріне мелиорациялық жұмыстар жүргізу Арал ауданының экономикасын дамытудың 2017-2019 жылдарға арналған Жол картасына енгізілген болатын.  

Биыл осы жұмыстарға қаржы қаралып, тендер жеңімпаздары белгілі болды. Ағымдағы жылдың мамыр айында "Тұщы-1" көліне, оған "Сырдария" өзенінен су алатын "Балғабай", "Стан" және "Бекетай" каналдарын күрделі жөндеу жұмысын "МФК-ТУРАН" ЖШС-і және "Тұщы-2" көліне "Сыр маржаны және К" ЖШС-і мелиорациялық жұмыстарды бастап жүргізуде. Бұл жұмыстар аяқталған кезде суға толмай қалатын "Тұщы" көлдері өз мәнінде суландырылады. Содан кейін, су көлдер арқылы Бөген ауылының кіре-берісіндегі шлюз арқылы "Сарытерең" көліне құяды. Бұл шаралар өз мәнінде аяқталған жағдайда балық шаруашылығын дамытуға зор ықпал етіп, ауылдың экологиялық ахуалы да жақсара түсетіні анық.

Айта кету керек, САРАТС-1 жобасы аясында Сырдария өзені арқылы жететін су мөлшерінің көлемін тұрақты ұстап тұру үшін «Ақлақ» су тоспасы тұрғызылды. Жоба жемісін беріп, арнасы қаңсыған көлдерді суландыруға жол ашылды. Соның бірі ретінде биыл 15 жыл бойы кеуіп жатқан «Сарытерең» көлінің ұлтаны суға толды.  

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 24 мамыр 2018 г. 448 0