25 ЖЫЛ ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК КҮЗЕТІНДЕ

161

0

Еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің болашаққа дұрыс қадам жасауға көмектесетін, тарихи сана, мәдениет, дәстүр және ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыратын өзіндік тарихы бар. Отаншылдық пен патриоттық сезімге және жауапкершілік пен адамгершілік қағидаларына тәрбиелеу мақсатында, қауіпсіздік органдарының осындай тәжірибесімен, жетістіктерімен жас қызметкерлерді тұрақты таныстырып отырған дұрыс. Кеңес өкіметі тұсында қауіпсіздік органдарының қызметінде асыра сілтеушілік болғанын да жастарға жасырмай айту керек. Қаһарлы ВЧК-ОГПУ-НКВД органдарының қаһармандықпен қатар, қасіретті істері де жетерлік. Бұл, жанға бататын шындық. Алайда, өткен тарихты түзетуге болмайды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұрынғы КСРО МҚК-нің өткен тарихын, жетістіктері мен кемшіліктерін бірге мұра етті. Сондықтан да біз оны тұтас қабылдауға тиіспіз.

Қауіпсіздік органдарының тарихы Кеңестік кезеңнен бастау алады. 1917 жылы 24 қазанда Петроградта большевиктер билік толығымен өз қолына өткені туралы хабарлады. Сөйтіп, революция көсемі В.Лениннің басшылығымен алғашқы кеңес өкіметі – Халық Комиссарлары Кеңесі құрылды. 20 желтоқсанда Халық Комиссарлары Кеңесінің қаулысымен революцияға қарсы және іріткі салушылармен күрес үшін Бүкілресейлік Төтенше Комиссиясы (ВЧК) құрылды. Ал Орта Азия мен Қазақстанда бірінші болып Кеңес өкіметі Перовскіде (қазіргі Қызылорда) орнатылды. Атап айтқанда, 30 қазанда Перовск уезінің жұмысшы және солдат депутаттарының шешімі бойынша жергілікті жердегі большевиктер барлық билікті өз қолына алғанын жария етті. Кешікпей Перовск уездік атқару комитеті, төтенше комиссиясы, милиция бөлімі және революциялық трибуналы құрылады. Уездік милициясының бастығы қызметін Жорабек Есенов деген кісі атқарса, уездік революциялық трибуналдың орынбасары Серікбай Бедебеков болған. Ерекше тергеу комиссиясынын төрағасы болып Александр Костенко, уездік төтенше комиссияның (ЧК) бастығы міндетін Антон Архипов атқарған. Жаңа билік бірінші кезекте байлардың тізімін алып, дүние-мүліктері және малын тәркілейді. Сонымен қатар, талаушылар мен тонаушылар, саудагерлер мен ұрыларға қарсы белсенді күреседі. Нәтижесінде, Перовск уезінде қысқа мерзімде қатаң тәртіп орнап, қылмыс едәуір азайған.       

Алғашқы жылдары асыра сілтеушілік, әділетсіздік және жергілікті халыққа қиянат көрсету әрекеттері кеңінен орын алғаны қазақ халқының тарихынан белгілі. Перовск уезіндегі депутаттар кеңесінің төрағасы Иосиф Гержот басшы болған екі жыл ішінде (1918-1919) оның жеке бұйрығымен 180-ге жуық адам заңсыз атылса, қалғандары зорлық-зомбылыққа шыдай алмай, басы ауған жаққа босып кеткен. Көбісі жол үстінде азып-тозып, аштықтан қырылған. Ұлы күрескер Мұстафа Шоқай «Кеңестер билеген Түркістан» атты кітабында: «Перовскіде Гержоть деген отырды. Одан тұтас бір халық – қырғыздар (қазақтар) үдере көшті. Бұл үдере көшу барысында бір миллионға жуық адам қырылды», – деп жазды.                                              

Айта кету керек, Орынбор қаласы 1925 жылға дейін республиканың астанасы болды. Кейіннен ұлттық-аумақтық межелеу барысында Орынбор губерниясы Қырғыз (Қазақ) АҚСР-і құрамынан шығарылып, 1925 жылдың бірінші жартысында республиканың негізгі мемлекеттік мекемелері Қызылордаға көшірілді. 1925 жылы 15-19 сәуірде республиканың жаңа астанасында Кеңестік Қазақстанның V съезі өтті. Қырғыз АҚСР-нің аты Қазақ Автономиялық Кеңес республикасы деп өзгертілді. Сонымен қатар, Перовск қаласы Қызылорда деп аталатын болды. Республиканың әкімшілік шекаралары бел­гіленіп, біртұтас орталық орган – Уәкілеттік Үкіметтің Қазақстан бойынша БМСБ-ның (ОГПУ) Алматы, Гурьев, Қостанай, Сырдария, Қарқаралы, Павлодар, Петропавловск, Семей, Қызылорда, Орал  аумақтық бөлімдері құрылды. Ресми мәліметтер бойынша 1925 жылға дейін Қазақстанда мемлекеттік қауіпсіздік мекемелерінің орталық органдары болған жоқ. Чекистік жұмыстарды Орынбор, Омбы, Челябинск, Орал, Семей, Сырдария, Семиреченская, Ақмола, Бөкей, Қостанай, Торғай губерниялық төтенше комитеттері және Түркістан төтенше комитеті (Ташкент қаласы) жүзеге асырды.

КСРО үкіметінің шешіміне байланысты КСРО БМСБ-ның 1932 жылғы 14 ақпандағы №140/қ және Қазақстан бойынша УҮ 1932 жылғы 27 наурызындағы №45/12 бұйрықтарымен Алматы, Ақтөбе, Семей, Петропавловск, Орал, Шымкент жедел секторлары құрылды. Қызылорда облысының аумағы Шым­кент облысының құрамына кіруіне бай­ланысты облыс көлеміндегі жедел жұмыстарды Шымкенттік БМСБ секторы жүргізді. Оның құрамына Қызылорда қалалық бөлімшесі, Жаңақорған және Қармақшы аудандық аппараттары кірді.        Қауіпсіздік органдары 1946 жылдың наурыз айында КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен НМҚК Мемлекеттік қауіпсіздік министерствосы деп аталды. 1946 жылдың қазан айында МҚМ Қызылорда облысы бойынша басқармасы құрылып, облыстың 8 ауданында аудандық бөлімшелері ашылды. Басқарма басшысы болып майор Кравченко (1944), подполковник Семкин (1945) және подполковник Латыпов (1946-1948), подполковник Абузаров (1948-1950), подполковник Сакимов (1951-1954 ж.ж.) және подполковник Қансұлтанов (1954-1960) қызмет атқарды. 1962 жылдың 3 ма­­мы­­рында Оңтүстік Қазақстан өлкесі және МҚК өлкелік басқармасы құрылды. Осы өлкелік құрамға Қызылорда облысы да кірді. Бірақ Қызылорда қаласында МҚК бөлімі өз алдына бөлек сақталып қалды. КСРО МҚК-нің 1976 жылғы 12 ақпанындағы және Қазақ ССР МҚК-нің 14 сәуірдегі бұйрығымен Қызылорда облысының МҚК бөлімі Басқарма болып өзгертілді. 1978 жылдың тамыз айында облыстық басқарма Қазақ ССР МҚК Қызылорда облыстық басқармасы болып қайта аталды. Аталған жылдары облыстық басқарманы майор Қанатов (1960), подполковник Жалелев (1961-1970), полковник Бишімбаев (1970-1982), полковник Нуров (1982-1988), полковник Хадеев (1988-1990 және полковник Дауенов (1990-1992) басқарды.

1992 жылдың 20 маусымында ҚР Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен Елбасы қол қойған «Қазақстан Республикасының ұлттық  қауіпсіздік  комитеті туралы» Заңы күшіне енді. Осы Заң арқылы ҰҚК мемлекеттің жеке органы ретінде бекітілді. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың сол жылғы 13 шілдедегі Жарлығына сәйкес Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Ұлттық қауіпсіздік комитеті болып қайта құрылды. Сол күннен бастап тәуелсіз Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік органдары тарихының жаңа парақтары ашылды. Қазіргі кезде Ұлттық қауіпсіздік органдары – Қазақстан Республикасы Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін арнайы мемлекеттік орган. 

Ұлттық қауіпсіздік органдарын арнаулы қызмет дәрежесіне көтеруге үлес қосқан облыстық департамент басшылары: полковник Бапалақов (1992-1995), полковник Ералиев (1995-1999), полковник Алдияров (1999), полковник Орумбаев (1999-2002), генерал-майор Алиасқаров (2002-2006), генерал-майор Нишанбаев (2006-2011) және генерал-майор Байғазиев (2011-2014). 2014 жылғы желтоқсан айынан қазіргі уақытқа дейін Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаментінің бастығы лауазымында полковник Жунусов қызмет атқарып келеді.    Ұлттық қауіпсіздік комитеті үшін өткен 25  жыл – даму мен қалыптасудың, тұрақты жетілудің жылдарына айналды. Комитет құрылымындағы барлық өзгерістер әлемдегі және елдегі ахуалмен тығыз байланысты болды. Барлық реформалардың басты мақсаты – Комитетке жүктелген міндеттерді тиімді шешу, егемен Қазақстанның мүддесін қорғау. Қазір Ұлттық қауіпсіздік комитеті  кез келген қатер мен сынаққа шұғыл да барабар жауап бере алатын икемді әрі жоғары білікті арнайы қызмет.

Адам, қоғам және мемлекет мүддесіне басты қауіп төндіретін терроризм болып есептеледі. Осы ретте ҰҚКД қызметкерлері террористік іс-әрекеттердің алдын алу, болдырмау және соның ішінде адам ұрлап кепілге алу фактілері төңірегінде бірқатар жұмыстар атқарды. Бұған 1992 жылдың ақпан айында Шиелі қыстағында рецидивистермен кепілге алынған жазықсыз адамдарды ҰҚК-нің «Альфа» (қазір «Арыстан») арнайы тобының күшімен тұтқыннан босату мысал бола алады. Бұл тек ҰҚК-нің тәжірибесінде ғана емес ТМД елдері бойынша бірінші рет орын алған жағдай. Операцияның сәтті  аяқталуына, оның мұқият жоспарланып, жедел штаб іс-әрекетінің тиянақтылығы мен Қазақстан Республикасының «Альфа» арнайы бөлімшесі жедел тобының өз жұмыстарына деген шеберліктері негіз болды.               

Сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізу аясы да заңмен белгіленіп, көрсетілген және ұлттық қауіпсіздіктің негізгі мүдделерінің бірі. 1996 жылы теміржол транспорты аясында жедел-іздестіру шараларын жүргізу кезінде желілік милиция қызметкерлерінің, ревизор-бақылаушыларының және т.б. лауазымды тұлғалардың тарапынан жолаушылар тасымалдайтын пойыз бригадаларымен жүйелі түрде ақша жинау туралы ақпарат алынып, пара алу үстінде 2 адам қолға түсіп, ҚР ҚҚ-нің 146-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында ұсталған азаматтар қылмыстық топтың басқа мүшелері туралы мәліметтер беріп, тағы да 3 адам тұтқындалды. Тінту жүргізу кезінде ұсталған азаматтардан 20 миллион ресей рублі, 400 мың теңге, 30 977 АҚШ доллары, алтын бұйымдар мен басқа да құнды заттар алынды.                                                                                                        

Аймақтың географиялық жағдайы, темір­жол мен автомобиль магистральдарының халықаралық байланысы, Байқоңыр қаласындағы екі Ресей әуежайы ТМД мен Еуропа елдеріне транзиттік жолдармен есірткі тасуға қолайлы жағдай туғызып отыр. 1998 жылдың қаңтар айында Ресейдің қауіпсіздік қызметімен біріге отырып, халықаралық қылмыстық топ құрықталды. Олар есірткі бизнесінен бөлек контрабандалық жолмен қару-жарақ сатумен және қарақшылықпен (рэкет) айналысқан. Операцияның соңы шегінде бір мезгілде Мәскеуде, Байқоңырда және Қызылорда облысының Қармақшы ауданында 17 қылмыскер тұтқындалды. Сонымен қатар, осы операцияны жүргізуге Ресей ІІМ есірткімен заңсыз айналысушылармен күрес басқармасының қызметкерлері де тартылды. Нәтижесінде 200 келіге жуық есірткі, қару-жарақ, ондаған мың доллар және миллиондаған Ресей рубльдері алынды. Ал 2000 жылы сәтті жүргізілген арнайы операцияның нәтижесінде Африка континенті елдерінің біріне Байқоңыр космодромынан контрабандалық жолмен жіберілген «Ан-12» әскери-транспорттық ұшағы елге қайтарылды. Бұл оқиға туралы кезінде отандық ақпарат құралдарының барлығында жарияланған болатын. Кінәлі тұлғалар мемлекеттің мүлкін талан-таражға салғаны үшін қатаң жазаға тартылды.

Департамент қызметінің негізгі міндеттерінің бірі – еліміздегі әлеуметтік, ұлтаралық және діни қақтығыстардың алдын алу. Осы бағытқа мысал ретінде 2006 жылдың желтоқсан айында «Хизб-ут-Тахрирдің» Арал және Байқоңыр қаласындағы ұйымдары анықталып, жолы кесілді. Аталған ұйымның үш белсенді өкілі тұтқындалды. ҚР ҚК-нің 170 және 337-1 бабтары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұйымның 20-30 жас аралығындағы 9 мүшесі «Хизб-ут-Тахрир» идеологиялық құрылымнан бас тартты.

Экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қауіпсіздік органдарының жұмыс бағытының басымды бөлектерінің бірі. 2006 жылы департамент ҚР ҰҚК-нің Шекара қызметінің арнайы бөлімшесімен бірлесе отырып, ірі көлемдегі операция жүргізіп, «КазТрансОйл» компаниясының «Құмкөл Қарақойын» мұнай тарату магистралі арқылы «Оңтүстік-Торғай» кенішінен мұнай ұрлаушы ұйымдасқан қылмыстық топты қолға түсірді. Ұсталған топ мұнай ұрлап, оны заңсыз өңдеумен айналысқан. Нәтижесінде Қызылорда қаласынан 200 шақырым жерде мұнай өңдейтін 18 кіші зауыт, 2 уақытша шикі мұнай сақтайтын орын табылды. Облыс орталығынан және аудандарынан келіп жұмыс істеп жүрген 56 адам ұсталып, 14 жүк автоцистернасы, 455 тонна мұнай, 19 тонна мазут, 99 тонна дайын өнім тәркіленді. Қылмыстық жолмен алынған өнімдер жасырын зауыттарда даярланып, «дайын өнімдер» (сапасыз бензин мен дизельді отын) қаланың жанар-жағармай бекеттеріне таратылған. Мұнайдың басқа бөліктері теміржол арқылы вагон-цистерналарға құйылып, еліміздің басқа аймақтарынағы мұнай өңдеу зауыттарына жолданып отырған. Аталған заңсыз әрекетпен тиісті рұқсат етілген құжаты жоқ жалған тұлғалардың атына тіркелген «бір күндік» фирмалар айналысқан. Олардың жұмыстарының нәтижесі мемлекетке экономикалық және экологиялық жағынан залал келтірді. Ұрланған мұнай мен олардың жасырын зауыттарда даярланған өнімдері ай сайын 1 миллион АҚШ долларын құрады. Осы фактілер бойынша 8 қылмыстық іс қозғалып, олардың кейбірі сот орындарына жіберіліп, қатысы бар деген құқық қорғау органдарының қызметкерлері де жауапкершілікке тартылды.

2015-2016 жылдары ҰҚК департаментінің тергеу бөлімімен 113 қылмыстық іс қозғалды. Солардың қатарында радиоактивті «Цезий-137» затын заңсыз өткізу дерегімен байланысты қала тұрғыны С.Байтуханов басқарған алты адам кінәлі деп танылып, сот үкімімен әртүрлі мерзімге бас бостандықтарынан айырылған қылмыстық істі айтуға болады. Сонымен қатар, «Жұмыспен қамту – 2020» Жол картасына мемлекеттен бөлінген қаражатты жымқыру деректері бойынша 38 қылмыстық іс қозғалып, Қызылорда қалалық еңбекпен қамту орталығының бұрынғы басшысы Нұржанов, сондай-ақ 4 жеке кәсіпкер әртүрлі жазаға кесілді. Облыс тұрғыны Шагировтың интернет желісі арқылы терроризмді насихаттау дерегіне қатысты қылмыстық іс қозғалып, сот үкімімен 5 жылға бас бостандығынан айы­­рылып, сотталды.                        

Айта кету керек, жоғарыда аталған жетістіктерге Ұлттық қауіпсіздік орган­дарының ардагерлері үлкен үлестерін қосуда. Отставкадағы полковниктер С.Ізтлеуов, Ә.Бапалақов, Н.Ерали және басқаларының өмір жолдары жас ұрпақтың Отанға адал және шексіз қызмет етуіне үлгі болатыны анық. Сондықтан да, олар ұжымда аталып өтетін мемлекеттік мерекелер мен басқа да іс-шараларға белсене қатысып, қазақстандық патриотизмді насихаттау бағытында аянбай қызмет етіп келеді.                   

Әмірхан БӘКІРҰЛЫ,

ҰҚК-ның ардагерлер кеңесінің төрағасы,

отставкадағы полковник.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз