ДАРИЯДАҒЫ ЖАҒДАЙ ЖІТІ БАҚЫЛАУДА

Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Сырдария өзеніндегі ахуалға байланысты брифинг өтті.

Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Асылбек Шәменов мәлімдегендей, қазіргі уақытта Шардара су қоймасынан секундына 800 текше метр су босатылуда. Оның 400 текше метрі Көксарай су қоймасында, ал қалған бөлігін облыс аумағында қабылданып жатыр.

– Осы күні өңірдегі қорғаныс бөгеттерінің тұсы су басуы мүмкін 56 аймаққа бөлінген. Оларға жауапты ретінде барлығы 111 мекеме бекітілді. Мекемелерде 425 арнайы техника, 1269 адам күші бар. Су тасу қаупі туындағанда пайдаланылатын материалдық-техникалық қор дайын, – деді басқарма басшысы.

Дарияның Арал ауданынан бастап Қызылорда қаласынан дейінгі бөлігінде мұз толық ұстасты. Синоптиктер алдағы уақытта өзен суы көтерілетінін айтады. Дегенмен, жауапты мекеме өкілдері күндіз-түні кезекшілік ұйымдастырып, жағдайды қатаң бақылауда ұстап отыр.

Еске салсақ, кеше Сырдария өзенінің Қызылорда қаласы тұсындағы ескі бөгетті су жарып өткен еді. Брифингте сала жетекшісі сол жағалауға ешқандай қауіп жоқ екенін жеткізді.

– Жаңа қала бой көтере бастаған аймақта былтыр қорғаныс бөгеті салынған болатын. Соның арқасында топан су арнасынан шыққан жоқ, – деді А.Шәменов.


"СБ"-ақпарат

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 09 қаңтар 2019 г. 551 0