Әселдің әлеуметтік шаштаразы

Айқын мақсаты мен өзіндік ұстанымы бар жас буынға қолдау көреткен «Zhas Рroject» жобасы бірталай адамның кәсіппен айналысуына сеп болды. Ауқымды жобаны қолға алғандардың арасында Әсел Бекбанова да бар. Бүгінде ол мемлекеттің қолдауын ұтымды пайдаланып, бөлінген грантқа «Көркем» атты әлеуметтік шаштараз ашып, кәсібін дөңгелентіп отыр.

Әсел – ес білгелі ата-анадан жырақ кетіп, еңбекке ерте араласқан жанның бірі. Ерте араласқаны тұрмыс жағдайының төмендігінен емес, еңбектің адал нанын жеу негізгі мақсаты еді. Ол мектеп жасында-ақ, шаштараздық кәсіпке қызықты. Бүгінге дейін осы саладағы ұстазы Ләззат Маутенованың қарауында жұмыс істеп, шаш­тараздықтың қыр-сырын үй­ренді. Зейінді жас сүйген кәсібін жылдам меңгеріп алды. Қазір өзі де өзгелерге тәлімгер болуға жарап қалды.

Әсел көптен бері сұлулық мектебін ашуды армандап келген. Уақыт өте келе ол жеке шығуды көздеп, бағдарламалар ережесімен танысады. Жос­парын «Zhas Рroject» жобасы  арқылы жүзеге асыруға бел буды. Ұстазы Ләззаттың келсімімен, өз алдына бөлек шығып, кәсіпкерлік нысан ашып, қала тұрғындарына қызмет ете бастады. Қызылорда қаласындағы Торайғыров кө­шесінің бойынан «Көркем» сұлулық салонын ашты. Салон 6 ай ішінде әлеуметтік аз қамтылған 100 адамға ақысыз қызмет көрсетеді. Әсел жалғыз емес. Жанында сіңлісі Арайлым мен құрбысы Айтолқын бар. Екеуі де маман. Тәжірибелі жас­тардан құралған шаштараздың бұл күнде аяқ алысы жаман емес.

– Елде жастарға демеу бар. Тек тірлікке талпынсаң болғаны. Қуанышымда шек жоқ. Бағыт- бағдармен жеке ісімді бастадым. Жемісті жобаның жеңімпазы болғаныма разымын. Көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға, зейнеткерлерге алдағы 6 айда өз қызметімізді тегін ұсынамыз, – дейді Әсел Бекбанова.

«Zhas Project» әлеуметтік жобасы жастарға қаржылай демеушілік көрсетіп, жеңімпазға 1 000 000 теңге көлемінде қайтарымсыз грант негізінде қаржы береді. Халықаралық қайта құру және даму банкі, ҚР Білім және ғылым министрлігінің бірлесуімен жүзеге асқан жоба өткен жылы басталып, еліміздің төрт облысынан 2000-ға жуық жасты қамтыған. Облыс бойынша жобаға қатысуға 670-тен астам жас тәуекел еткен. Жуырда олар іріктеу сынынан өтіп, 266 жеңімпаз бір миллион теңге ұтып алды.

Шынар БЕКБАН

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 18 қаңтар 2019 г. 426 0