Үлкен кәсіпке бастар жол

Кеше Қызылордада жастар корпусын дамыту жобасының аймақтық форумы өтті. “Арманда! Ұсын! Іске асыр!” атты шараға облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов, Жастар корпусын дамыту жобасы үйлестіру агенттігінің басшысы Вера Ким, “Атамекен” ҰКП, “Даму” ҚҚ өкілдері мен жоба қатысушылары және менторлар қатысты. Форум аймақта іске асырылып жатқан әлеуметтік жобалар көрмесінен бастау алды.

Жастардың түрлі жобаларды жүзеге асыруына ұйытқы болған бұл жоба Қостанай, Қызылорда, Ақ­төбе, Жамбыл, Шығыс Қа­зақстан және Солтүстік Қа­­зақстан облыс­тарының ау­ма­ғында Дүниежүзілік банк пен ҚР Білім және ғылым министрлігінің қол­дауымен өткен жылы басталған бо­латын. Жобаның бас­ты мақсаты – жастарды, нә­ти­желі жұмыспен қамту, олар­дың қажетті дағдыларын дамыту арқылы қоғамдық пай­далы қызметке ­тарту. Осы­ның негізінде бүгінгі күні аймақта 244 жоба жүзеге асы­рылып, өңір жастары өз мүмкіндіктерін көр­сетті. Олар­дың бастамаларын іске асыруға 1 млн теңгеге дейін грант берілсе,  жобаларды басқаруға оқытудың бірегей бағ­дарламасынан өтуге 836 жас қатысты. Сондай-ақ, жо­ба­ның қатысушыларына ай сайын әлеуметтік шәкіртақы төленген. Айта кеткен жөн, “Zhas Project” жобасы бойынша жеті ауданның ішінде Жаңақорған жастары 69 жобаны жеңіп алған.

Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов жоба қаты­су­шы­ларына сәттілік тілеп, жас­тарға қашанда қолдау көр­сеті­ле­­тіндігін жеткізді.

– Аймақта өткен “Zhas Project” жобасы бо­йынша 244 жоба таңдалды. Бұл жобалар алдағы уақытта бір мезеттік болмай, үлкен кәсіпке айналатын, ел игілігі жолында жүзеге асатын ауқымы кең жоба болады деп ойлаймын. Мұндай бастамалардың ма­ңызы зор. Өйткені, жас­тар­дың өз алдына кәсіп ашып, жұмыспен қамтылуына сеп­тігін тигізбек. Бұл жоба жалғасын тапса, нұр үстіне нұр болар еді. Біз оларды әрдайым қолдауға дайынбыз, – деді.

Ал, Жастар ­корпусын дамыту жобасы үй­лес­тіру агенттігінің басшысы Вера Ким жобаның маңыз­ды­лығына тоқталып,  Сыр жас­та­рының талпынысына тәнті екендігін  айтты.

– Жоба – өз әлеуетін, көш­басшылық қа­сиет­терін да­мы­туға мүдделі 14-29 жасқа дейінгі жастарға бағытталған. Негізгі басым­дылық жұмыс істемейтін және оқымайтын, табысы төмен қатысушыларға берілді. Алдағы уақытта өзге алты аймақта жалғасатын бо­лады. Дегенмен, өңір жас­та­рының белсенділігі, кәсіп ашуға деген құлшынысы мені қуантты, – дейді В.Ким.

Шарада бұдан өзге Жаңа­­қорған ауда­ны­ның әкімі Ғалым Әміреев, ай­мақ­­тық үй­лес­тіруші Баян Егізбаева, жастар жоба­сының көш­бас­шылары Ақжарқын Тасболат, Бексұлтан Тұрсын, жоба менторы Мейрамбек Әбдікәрімовтар сөз алып, жобаның ерек­шелігін, тың бас­тамалардың жарыққа шы­ғуына ықпал еткендігін, ең бастысы жастардың дам­уына серпін беретіндігін баса айтты. Өз кезектерінде осындай ауқымды шараның ұйым­дас­ты­рушыларына жоба жеңім­паздары алғыстарын айтуды ұмытпады.

– Біз алты бала болып, “Green plastic” жобасын қолға алдық. Яғни, құты қал­­дық­тарын өңдеу арқылы плас­тикалық плитка жасап шы­ға­рудамыз. Бұл қоршаған ор­таның таза­лығы үшін өте ма­ңызды. Ендігі жерде түрлі өл­шемде шығару жоспарда бар. Осы ретте өз кәсібіміздің бастамасына қолдау көрсеткен жоба ұйым­дастырушыларына айтар алғысымыз шексіз, – деді Бақытжан Ибрашев.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 қаңтар 2019 г. 326 0