АСЫРАУШЫ САЛАҒА АЙРЫҚША ҚОЛДАУ

Аймақта ауылшаруашылық саласына мемлекет қолдауы айрықша сезіледі. Сөзіміздің дәлелі, өткен жылдың өзінде осы мақсатқа 10,7 млрд теңге бөлінді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 15,1%-ке артық.
Ауыл шаруашылығы қай кезде де қазақ елінің экономикасында негізгі басымдыққа ие. Сондықтан саланы дамыту мен елді мекендерде кәсіпкерлікті дамытудың өзіндік артықшылықтары бар. Соның ішінде арнайы кооперативтерді дамыту ар­қылы ауыл тұрғындарын жеңілде­тілген субсидиялармен қамтамасыз ету және соның негізінде ауыл шаруашылығы өндірісін тұрақтандыру аса маңызды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінгі күні өңірде 106 кооператив жұмыс істейді. Олар 2688 қосалқы шаруашылықты қанатының астына алып отыр. 253 шаруашылық былтыр 19 кооперативтің төңірегіне топтасты. Нәтижесінде 801 отбасылық мал бордақылау алаңы, 385 шағын отбасылық сүт фермасы құрылды. Өткен жылы 5 кооперативке 167 бас мүйізді ірі қара, 14 200 бас құс сатып алу үшін 55,2 млн теңге несие берілді. Жаңақорған ауданындағы «Ақұйық қаратал» кооперативі үйрек өсіріп, оның етін сатуға ерекше ден қойды. Осы мақсатта облыс орталығындағы «Береке» шаруашылығымен тығыз байланыс орнатты.
Буферлік аймақтар қатарынан шыққалы бері көрші облыстармен, алыс-жақын шет мемлекеттермен ынтымақтастық арта түсті. Тек өткен жылдың 9 айында 66 564,9 тонна өнім сыртқа жөнелтіліп, алдыңғы жылғы көрсеткіштен 27,2%-ке асып түсті. Оның басым бөлігі өңделген күйінде өткізілген. Өзбекстанға 285 бас түйе, 100 бас сиыр, Біріккен Араб Әмірлігіне – 72 бас түйе, Иранға – 7991, Ресейге 200 бас қой экспортталды. Одан бөлек, ауыл шаруашылығы өнімі нарығын, экспорттық әлеуетін ұлғайту аясында Қытайға алғаш рет 48,2 тонна мақсары майы шығарылды.
Былтыр агроөнеркәсіп бағытында құны 2522,9 млн теңге болатын 12 жоба жүзеге асырылды. Олардың қата­рында Шиелі, Жаңақорған, Қармақ­шы, Жалағаш аудандарындағы күріш ақтайтын зауыттар, Қызылорда қаласындағы шұжық өндіретін, сүт өңдейтін кәсіпорындар сияқты жобалар бар. Ал ағымдағы жылы «Сыр маржаны» серіктестігі ет өңдейтін комбинат, «СырАгро и К» компания­сы тауарлы сүт фермасы мен сүт өңдейтін зауыт, «Қармақшы құс» ЖШС құс фабрикасы, «Самұрық құс» серіктестігі құс фермасы құрылысын жүзеге асырмақ.
Жалпы, өткен жылы жергілікті ауыл шаруашылығының негізгі қоры­на өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 10%-ке артық көлемде инвестиция тартылды. 

Назерке Саниязова,
"Сыр бойы".
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 ақпан 2019 г. 279 0