ЖІГЕРЛІ ЖАСҚА ЖОЛ АШЫҚ

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аймақтағы белсенді жастар, жас мамандар, студенттер және мектеп оқушыларымен кездесті. Еркін форматта өткен жиында аймақ басшысы жаңа заман талабы, қазіргі жастардың мүмкіндігі туралы кеңінен сөз қозғады.
Атап айтқанда, тәуелсіз елдің іргетасын қалау, тіл, ұлт құндылығы мәселесі аға буынның жауапкершілігінде болғанмен, еркін елдің болашағын баянды ету жастардың қолында екенін атап өтті. «Бодандықтың өкініші, тәуелсіздіктің жауапкершілігі көп» екенін, жастарға қажырлы еңбек, қалтқысыз қызметті серік ету керегін жеткізді. Жиында ақын Мұхтар Ниязов пен Бағлан Аманбекұлы облыс әкіміне сауал қоюға мүмкіндік алды.
Кездесуде жастар өз сұраулары бойынша қашанда қызметі қауырт, аймақтың ауқымды да іргелі істерінің шешімін табуына ықпал ететін аймақ басшысының жұмыс кестесімен танысты. Ерен еңбек, тынымсыз тірлік алаңында жүретін облыс әкіміне рухани ұстаным, бала күнгі естеліктері мен жеке тұлғаның қалыптасуы туралы алуан түрлі сауалдар қойылды. Қырымбек Елеуұлы әр адам қашанда «Жаным – арымның садағасы» деген аталы сөзді жиі қайталап, «сасқанға сая, асқанға тосқан» болуға тырысып, ісіне адалдықпен, жұмысына жауапкершілікпен қараса, елге елеулі, жұртқа қадірлі болатынын нақтылап өтті. Ал бала күнгі сәттерден сыр тартқан жастарға, оқушы ке­зінде математика мен әдебиет пәндерінен үздік болғанын айтып берді. Айтуынша, алғашқы өлеңдері мен шығармалары «Лениншіл жас», «Балдырған» басылымдарына жарияланып жүрген талантты әдебиет пәнінің мұ­ғалімі ақындыққа, математик мұғалім есепке жүйрік маман даярлаймын деп, тіпті өзара келіспей қалады екен. Ұстазға деген құрметтің жоғарылығы соншалық, қыстың қақаған суы­ғында да сынып жетекшісінің алдынан кесе өтпей, күтіп тұрған сәттерді есіне алды.
Бүгінде инвестиция игергенге игілік екенін айтып, облыстағы қаржының басым бөлігі әлеуметтік салаларға, адами ресурстың дамуына бөлінетінін айтты. Қазіргі кезде Қызылорда – еліміз бойынша әлеуметтік салаға ең көп қаржы бөліп отырған аймақ. Өңірде жастардың өзекті мәселелері жұмысқа орналасу, тұрғын үй, білім беру, денсаулық сақтау, уақытты тиімді пайдалану мәселелері бойынша тиімді жобалар қарастырылған. Аймақта сандық технология мен инновациялық өндіріс мамандықтары бойынша түлектерді оқыту жолға қойылған. Атап өтсек, 2014 жылдан бас­тап Сыр елі мектептерінің үздік оқушылары отандық және Ресейдің жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік алды. Өткен жылы алғашқы 74 жас маман Ресейдің алдыңғы қатарлы инженерлік оқу орындарын аяқтаса, оның 29-ы аймақтың түрлі өнеркәсібінде еңбек жолын бастап, 45-і магис­тратурада оқуын жалғастыруда. Биылғы жылдан бастап ауылдық жерлердегі аз қамтылған және көпбалалы отбасынан шыққан дарынды түлектерге арналған облыс әкімінің гранттарының саны екі есеге артты. Олардың 70 проценті ІТ сала мамандықтарына бөлінген. Бүгінгі таңда грант иегерлерінің саны 900-ге жуықтапты.
Сондай-ақ, облыс әкімі бүгінде жастарға ең қажетті дүние –  кәсіпкерлікті игеру екенін айтып, облыста кәсіпкерлікті дамытудың үш жылдығы жарияланғанын атап өтті. Бизнесті дамыту тұрақты жұмыс орнының ашыл­уына, салықтық базаның нығайып, қоғамдық саяси-тұрақтылықтың қалыптасуына әсер ететінін баса айтып, шын кіріскен адамға шешілмейтін түйін болмайтынын, жауапкершілігі мол, жігерлі жасқа жол ашық екенін жеткізді.
Айдана ЖҰМАДИНОВА.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 12 наурыз 2019 г. 346 0