Амал келді, жыл келді!

 Бүгін, 14-наурыз – Амал мерекесі. Бұл – Абай айтқандай, «қырдағы елдің ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасатын мезеті. Иә, айдан аман, жылдан есен шыққан жұрт жаздың жайын ойлайтын, қыстың сызы қайтқан уақыт. «Амал» кей жерде «көрісу» деп аталатын мереке, әсіресе батыс­та тойланып, Маңғыстау жұрты Отпан тауда ұлан-асыр той жасайды. Көрісу жоралғысының кей өңірлерде ұмытыла бастауына кеңестік кезең идеологиясы әсер еткен. Жалпы, «амал» атауы қайдан шыққан, «көрісу күні» қашаннан бері тойланады, қалың қазаққа қатысы қанша? Тарқатайық.

Батыс қана емес, бұл мерекені барша қазақ тойлаған. Бұл туралы деректер қазақ ойшылдарының еңбектерінде де кездеседі, этнографтар да растайды. Мерекенің қалыптасуы жайында өңірлік «Рухани жаңғыру» орта­лығының бөлім меңгерушісі, түркітанушы Серікбай Қосанов айтып берген еді.

 –  Наурыз ескіше үт жұлдызы мен қамал жұлдызының тоғысуы кезінде пайда болған. Үт айы ескіше – ақпан айына, ал қамал наурыз айына сәйкес келеді. Арабша – амал, парсыша – қамал. Қазақтар амал деп те, қамал деп те атаған. Амал мерекесі осы жұлдыздардың тоғысуы кезінде тойланған. Ескіше 13-нен 14-не қараған түні, жаңаша 21-22 наурызға келеді.

Жұлдыз аттарын қазақтар қаңтардан бастап амал, сәуір, саратан, зауза, әсет, сүмбіле, мизам, ақырап, қауыс және жәді, үт деп атайды. Үт айы келген кезде, жаңаша ақпанның 14-і келгенде «үт келді, құт келді» дейді. Сыр бойындағы қазақтар үшін үт келген кез жаздың жақындап қалғанын білдіреді. Ал Арқадағы қазақтар үшін «үт келді, жұт келді» деген сөз бар. Оларда қыстың әлі бітпеген уақыты. Бекасыл деген атақты әулие, ғалым ХІХ ғасырда былай деп жазыпты: «Көк қарға он бесінде келер, жиырма екісінде күн мен түн теңелер. Қамал мен сәуір отыз бірінде келер. Сәуір келгенде бәбісек келер. Жыл жақсы болса, оншақты күн бұрын шақырар». Бұл кісінің айтқан он бесі нау­рыз­дың он төртіне шамалас. Көк қарға келгеннен кейін, күн жылып, күн мен түн теңеседі. Күн мен түннің теңесуі әр аймақта әртүрлі. Маңғыстау елі 14-нен бастап тойлайды, – деген болатын.
Демек, жер жаңарып, жыл басталған уақытта тойланатын амал мерекесінің атауы ескіше ай атына, қазіргі наурызға байланысты шыққан. Бұл ту­ра­лы Шәкәрімнің ұлы Ахат­тың жазбасында: «14 март – ескіше 1 март. Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1 март, қазақша Жаңа жыл, Ұлыстың ұлы күні дейді. Ал жаңа жылдың бұрынғы аты – Наурыз, бұл фарсы тілі. «Жаңа күн» деген сөз. Қожа-молдалар «ескі әдетті қал­ды­рамыз» деп, құрбан, ораза айттарын «Ұлыс күні» дегізіп жіберген. Ескі қазақша, ескі түрікше Жаңа жыл күнінің аты – Ұлыс. Жаңа жыл басының ұлыс екеніне мынадай дәлел бар. «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар», – деп жазған.
Бұл жазбалар жаңа жыл­дың келуі, оны мерекелеу 14 наурыздан басталатынын ай­ғақ­тайды. Ал Қажымұқан Ғаб­долла «Көрісу күні керек пе?» мақаласында тағы да былай деп нақтылай түсіпті.
«Еліміздің батыс өңірі Маң­ғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында, көр­шілес Ресейдің Астра­хан, Саратов, Орынбор, Қарақал­пақ­стан­ның қазақтар көп қоныс­танған жерлерінде Наурыз мере­кесі айдың 14-і күнінен бас­талып, «көрісу» (яғни, қауышу) салты (кей жерлерде «Амал мерекесі» деп те аталады) басталады. Қазақтың танымал табиғат тамыршысы Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы өзінің жан-жақты зерттеу еңбегінде “се­гіз күндік Нау­рызнама өтетінін” жазған екен (ескіше 1-8 наурыз, қазіргі күнтізбеде 14-21 наурыз аралығы). Демек, ұлтымыздың көктемді тануы қадым заманнан шындыққа тым жақын.
...Наурыз парсыша – Жаңа күн. Ертеде қазақ бұл күнді «Наурыз» демей, «Амал» деп атаған».
Өз заманында дүние жүзі мойындаған күнтізбе жасау­шы ғалым Омар Хайям «Нау­рызнаме» кітабында да жаңа жылдың 14 наурыздан баста­латынын айтыпты.
Демек, бұрын қазақ елі Ұлыстың ұлы күнін тойлауды 14-наурызда бастаған. Де­рек­терге сүйеніп, қазақ ойшыл­да­рының сөзіне сенсек, онда бүгін жаңа жыл басталды! Наурыз – жаңару, тазару, құр­мет­теу, кешірім сұрау деген ұғымдарды біріктіретін мереке. Ендеше, оның алғашқы күнінің «көрісу» жоралғысымен бас­талуы заңдылық сынды. Маң­­­­ғыстауда бұл күні түске дейін кемінде үш үйге барып үлгеріп, амандық сұрау ха­лық­тық қағида екен. Пай­ғам­барымыздың (с.ғ.с.) хадис­терінде бір-біріне сәлем берген екі адамға да сауап жазылатыны айтылған. Соның ішінде, бі­рін­ші сәлем берген адамға кө­бірек сауап бар. Ендеше, бұл – иман мен дәстүрді біріктірген мереке. Демек, Амал мерекесі – ғасырдан ғасырға аттауы тиіс, ұлттық мейрамымыз.
Бұл мереке біздің облыста да ескерусіз қалған емес. Өткен жылы Халыққа қыз­мет көрсету орталығында күні бойы думанды көрме өтіп, тұрғындарды ерекше сал­та­натпен қарсы алғаны есі­міз­де. Ал бүгін облыстық филар­мония ауласында мере­кеге орай «Армысың, дәурен тіршілік!» атты концерт қойы­лып, бірқатар шаралар ұйым­дас­тырылмақ.
Иә, бүгін – қыстан қуатты шыққан елдің тәубе мен тілек айтатын күні. Жылдан жылға жеттік. Сіз де кездескен жанға қуана қарап, «жаңа жасқа шығ­уыңмен» деп тілек арнаңыз!

Айдана ЖҰМАДИНОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 наурыз 2019 г. 267 0