Викторияның шуақты көктемі

 Жыл сайын 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай Ақордада Мемлекет басшысы еліміздің бірқатар қыз-келіншектерімен кездесіп, мерекелік көңіл күй сыйлайтыны белгілі. Биылғы дәстүрлі шара «Көктем шуағы» деген атпен өтті. Жылы жүздесуге жиылған әйелдер қауымы арасында қызылордалық дәрігер Виктория Юн да болды. 

Облыстық онкология орта­лығы химиотерапия бөлі­мінің меңгерушісі Виктория кездесуден алған әсерін былайша жеткізді:

– Жақында мен Президенттің әйелдер күніне арналған мерекелік қабылдауында болдым. Қабылдауға қатысатын нәзік жандылар тізіміне кіргенімді естігенде қатты қуандым. Елбасы шарада қоғам дамуындағы әйелдердің маңызды рөліне ерекше назар аударды. Бұл серпінді және инновациялық ғасырда әйелдер қауымы өз әлеуетін ел игілігі үшін жемісті пайдаланып, жетістіктерге, түрлі салаларда жақсы нәтижелерге жетіп жатқаны туралы айтты.

Менің медицина саласында еңбек етіп жүргеніме 13 жыл. Барлық уақытта біліктілігімді көтеруді мақсат тұтамын. Осы мақсатта бес елде іс-тәжірибеден өтіп, бүгінде аспирантурада оқимын.

Президентпен кездесуде маған тек өз атымнан ғана емес, сонымен бірге, ақ халатты нәзік жандардың атынан да сөйлеу мүмкіндігі туды. Әйел дәрігер ретінде айтарым, медицина саласында жұмыс жасау – аса жауапкершілікпен қарайтын ауыр міндет. Біз өз өмірімізді адамдардың денсаулығына арнаймыз. «Өмір сүру ұзақтығы» сияқты көрсеткіш бар. Біреулер үшін бұл жай ғана сандар. Ал мен үшін, маман ретінде бұл – жасап жатқан жұмысымыздың ең маңызды нәтижесі. Ойымды қорытындылайтын болсам, кездесуден өте жоғары құлшыныспен қайттым. Жаңа істерді жүзеге асыруға деген керемет күш сыйлады.

Виктория Юн 1983 жылы Қызылордада дүниеге келген. 2000 жылы орта мектепті бітірген соң М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық академиясына оқуға түсіп,  емдеу ісі мамандығы бойынша бітіреді. Еңбек жолын 2007 жылы №6 емханада терапевт дәрігер болып бастаған. 2012 жылы «онкология» бойынша қайта даярлау курсынан өтті. Сол жылы №3 қалалық емханасында онколог, маммолог дәрігер, 2014 жылдан бастап облыстық онкология орталығында онколог, маммолог және химио­терапевт болып еңбек етеді. 2016 жылдың шілдесінен бері сол орталықта химиотерапия бөлімінің меңгерушісі қызметін атқаруда.

Виктория өзі айтып өткендей, білімі мен біліктілігін көтеруден жалыққан емес. Заман талабына сай маман болуды мақсат тұтқан ол елімізден бөлек шет елдерде де біліктілігін көтеруде. Атап айтқанда, Ресей, Испания, Чехия, Оңтүстік Корея  және Италия елдерінде болып, олардағы ең ірі клиникалардан іс-тәжірибеден өткен.

Дәрігерлік қызметімен қоса Виктория ғылымға ден қойды. Жаңалыққа жаны құмар, үнемі ізденіс үстінде жүретін ол Уфа қаласындағы Башқұртстан мем­лекеттік медициналық уни­вер­ситетінің аспирантурасын тәмамдаған.

Болмысынан ақжарқын, көпшіл, қарапайым Виктория осы қасиеттерінің арқасында ұжымдастары арасында сый-құрметке бөленіп жүрген жан. Ізденуден, еңбектенуден тынбайтын ол қоғамдық жұмыс­тарға да белсене араласады. Кә­сіби біліктілігін шыңдауда түрлі байқауларға қатысып, ше­берлік сыныптарынан дәріс алудан жалыққан емес. Сол бай­қаулардың бәрінде түрлі номинациялар бойынша жеңімпаз атанып, марапаттарға ие болуда.

Бәрінен бұрын Виктория үшін биылғы көктем шұғылалы шуағымен ерекшеленгендей.

Айнұр Батталова.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 наурыз 2019 г. 226 0