Қызылордалықтар Амал мерекесін атап өтті

Әз-Наурыздың бастауы саналатын Амал мерекесіне орай облыстық филармонияда «Армысың, дәурен тіршілік» атты мәдени шара өтті. Айдан аман, жылдан есен шыққан халық жыл басын қауышу, көрісу жоралғысынан бастап, ақ тілектерін арнады.

  Бұрын арабша амал аталған наурыз айының кіруіне байланысты тойланатын мереке жыл келіп, жердің жаңарғанын білдіреді. Астраномияға жетік халық 14 наурызда жыл келді, жаз жақындады деп есептеп, 22-не дейін тоқтаусыз тойлаған. Бұл күні таң сібірлеп атысымен әр үй ерте оянып, елең-алаңнан есіктерін ашып, жасы кішілер үлкендерге сәлем бере барған. Иә, амал мерекесі – сайын далада шашырай қоныстанған халықтың бір-бірімен қуана кездесетін, бір-біріне жақсы тілек арнайтын күні.

– Наурыз – халқымыздың көп жыл жоғалтып, қайта қауышқан мейрамы. Сол мейрамда қыстан аман шыққан қырдағы ел ойдағы ауылға сәлем бере барып, той тойлаған. Бүгінгі мерекелік шарада мен де қыстай кездесуге мүмкіндік болмаған мәдениет саласының ардагерелерін көріп, шат-шадыман көңілде жүрмін, – деді мәдениет саласының үздігі Шекер Орынбаева.

Ұлттың ұлық мейрамы саналған Наурыз тойының алғашқы күні ашық аспан аясында өткен бұл шараға қала тұрғындары да қатысып, думанды жиынның куәсі болды. Баба дәстүрі жаңғырып, жастар алтыбақан аясында ән шырқап, ұлттық ойындарымызды ойнады. Мерейлі мерекеде «Ақмешіт» фольклорлық, «Томирис» би ансамблі, жыраулар Ақмарал Ноғайбаева, Әділхан Қуаңбаев, Марат Сүгірбай, Бейсенбек Төлеубаев, Күнсұлу Түрікпен және Үміт Медеуова, Эльмира Қалқожаевалар өнер көрсетті.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы». 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 наурыз 2019 г. 571 0