АРМАНЫ БИІК АУЫЛ БАЛАЛАРЫ

Ауылдағы оқу орнын бітіргендерде ортақ стереотип бар. «Ауыл мектебінде оқығанмын». Бұл сылтау осы кезге дейін талай үмітті жанбай жатып сөндіргені анық. Қалалық емес, далалық болудың даналыққа жетелейтіні бар әрі шын қаласаң шеберлік шыңы алынбайтын асу емес. Мұны Назарбаев зияткерлік мектебінде білім алатын ауыл балалары дәлелдеп жүр.

Біздің облыста бұл мектепте бір орынға 11 оқушы бәсекеге түседі. Оқу жүйесі өзге, кішігірім университет сынды мектепті бітірген түлек­тер Қазақстанның 10 ЖОО-ға бірден екінші курсқа түсу мүмкіндігіне ие. Олардың қатарында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қазақстан-Британ тех­никалық университеті, КИМЭП секілді белгілі оқу орны бар. Иә, НЗМ-нің «Өркен» гран­тына қол жеткізудің оңай болмайтыны түсінікті. Қала балаларының бірнеше жыл бойы ағылшын тілі мен математикадан қосымша дәріс алатыны да сондықтан. Ал ауылда мұндай мүмкіндіктің жоқ екені рас. Қазір аймақтағы зияткерлік мектепте 677 оқушы білім алады. Соның 108-і аудандардан келіпті. Қуанарлығы, бой емес, ой жарыстыратын аламанда озық жүрген ауыл балаларымен тілдесу барысында олар біз айт­қан стереотипті елемейтінін байқадық.

Мағауия мен Нұрай өт­кен жылы АҚШ-тың Сан-Фран­циско қаласында екі апта болып, Стэндфорд универ­си­тетінің жазғы мектебінде дәріс алған. Ауылда оқысаң, шетел көріп, білім шыңдаймын деп ойлануың да екіталай. Ал олар мектепте үздік үлгерімі мен белсенділігі бойынша іріктелген 5 оқушының қатарында болды. Мағауия Мәжіт Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылының, ал Нұрай Бектай Жалағаш ауданы Аққұм ауылындағы мектепте 7-сыныпқа дейін білім алған. Екеуі де – 2013 жылы облыстағы Назарбаев зияткерлік мек­тебіне тұңғыш қабылданған оқу­шылардың бірі. Сондықтан, олар биыл жаңа бағдарлама бойынша 12 сыныпты толық тәмамдайды.

Нұрай зияткерлік мектепте оқу ойында болғанмен, арнайы жоспарламаған, тіпті байқау сынағына ең соңғы болып құжат тапсырыпты. Ал Мағауияның сол кездегі темірқазығы – қазақ-түрік лицейіне не НЗМ-ге қалайда түсу болған. Мүмкін, бұл ойына Нағи Ілиясов ауылына барған Тұңғыш Президент алдында өлең оқығаны да әсер еткен болар.

– Алғашқы ағылшын тілі са­бағында оқытушының тек аман­дасып, жөн сұрағанын ұқ­­­қа­ным болмаса, сабақ бойы түкке түсін­гем жоқ. Мұндайда намысың қалай келмес? Бүкіл сынып болып қосымша сабаққа бардық. Оқытушымыз тіл үйре­нудің тиімді жолы – ұнаған әнді жаттау­ды, ток-шоуларды ағылшынша көруді ұсынды. Қазір IELTS тесті бойынша нәтижем – 7,5 балл, – деді Нұрай.

Бұл ағылшын тілін ағыл­шындардың өзіне үйретуге болатындай жоғары көрсеткіш. Зияткерлік мектепте жоғары және кіші екі сыныпты бірік­тіретін «шаңырақ» ата­ла­тын ұйым­дар болады. Оқушылардың бірлігін, ұйым­шылдығын арттыру мақ­са­тындағы шаңырақта Нұрай 3 жыл көшбасшы әрі қайы­рымдылық шараларын ұйым­дастыру министрі болған. Қалаға келгелі ауылда әке үйрет­кен шахматта Нұрайдың зеректігін арттырып, ұтымды ұпай әкелді. Оқытушылары шах­матты ойнау әдісін жетіл­діріп, зияткерлік мектеп оқу­шылары арасында өткен чемпионатта алтын алқа тақты. Сондай-ақ, Елордада өткен медиафорумға қатысып, биология, математика, тарих, қазақ тілінен өткен олимпиадалардың жүлдегері атанған. Ал Мағауия «Туған елге тағзым» экспедициясымен Шығыс Қа­зақстанға, Өскеменге сапарлапты. Бірнеше жыл Жетіасар мәдениетінің Шіркейлі-Қосасар археологиялық орнына зерттеу жүргізіп, ғылыми байқауларда жеңімпаз атанған. Бірақ Маға­уияның ойы болашақта ІТ не өндірістік салада қызмет ету болса, Нұрай физика-математика бағыты бойынша Еуропада білім алып, елшілікте еңбек етуді жос­парлап отыр.

Назарбаев зияткерлік мек­тебінде Арал ауданының Қос­жар ауылынан келген тағы бір Нұрай бар. Қазір 9-сыныпта оқып жүрген Нұрай Өмірзақова 10-11 жасында-ақ Абайдың – 200, Шәкәрімнің 60 шығармасын жатқа білген еді.

Осыдан екі жыл бұрын оқушылары 150-ге жетпейтін шағын білім ордасынан келіп, зияткерлер жиылған зәулім мектепке қобалжи қараған Нұрай қазір алаңдауға емес, армандауға бейім.

– Жуырда облыстық архивте Қызылорданың соғыс жыл­­дарындағы саяси, мәдени, әлеуметтік ахуалы туралы зерттеу жұмысын жүргізіп, қала­ның 200 жылдығына орай ұйым­дас­тырылған ғылыми жоба бай­қауында І орын иелендім. Қазір еліміздегі медицина жаңа дең­гейге көтерілгеніне қара­мас­тан, дамыған елдердің тәжі­ри­бесін енгізу қажет. Бола­шақта осы салада еңбек етіп, эко­но­микалық табыс көз­де­рінің бірі – медициналық туризмді дамытқым келеді, – дейді ол.

P.S. Байқадыңыз ба, олар «мендегі білімнің іргетасы ауылда қаланған» деген син­дромнан аулақ. Ертерек ес­ті­лердің қатарынан табы­луға тырысады. Ал, ұққа­нымыз есті кісі болудың басты шарты – еңбек.


Айдана ЖҰМАДИНОВА.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 08 сәуір 2019 г. 589 0