Көшпелі көрме Қызылордада бір ай бойы жалғасады

 Бүгін Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі қорының көрмесі салтанатты түрде ашылды, - деп хабарлады syrboyi.kz сайты Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, кітапхана директоры Әмірхан Рахымжанов, қала тұрғындары мен студент жастар қатысты.
Көрменің басты мақсаты – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанның тағдырындағы бірізді толық рөлін көрсету.
Көрермендер назарына Елбасы кітапханасының архив, кітапхана, музей қорларының материалдары ұсынылды. Алғаш рет Қызылорда жұртшылығының назарына Н.Ә.Назарбаевтың жоғары мемлекеттік марапаттарының бірегей жинағы, мемлекет басшылары және қазақстандық авторлар тарту еткен қолтаңбасы бар кітаптар, сонымен қатар шет тілдерге аударылған еңбектері ұсынылады.
Көрме төрт бөлімнен тұрды. Экспозицияның негізінде шолу экскурсияларынан басқа «Тарихи таңдау», «Атамекен», «Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі» тақырыптық экскурсиялары жүргізілді. Экскурсиялар түрлі санаттағы топ өкілдеріне арналды.
Ауқымды ғылыми-білім беру және мәдени-ағартушылық іс-шараларды, сонымен қатар Қызылорда облысының аудандарында өтетін  экскурсияларды қамтитын қор көрмесі – жобаның басты шарасы.
Елбасы кітапханасы көрме жобасын 2017 жылғы қарашадан бастап жүзеге асырып келеді. Осы уақыт аралығында көрме Түркістан, Атырау, Ақтөбе облыстарында, Алматы және Шымкент қаласында ұйымдастырылды. Оны 730 мыңнан астам адам тамашалады.
«Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасы Қызылорда облысында маусымның ортасына дейін жалғасады.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 08 сәуір 2019 г. 508 0