Қызылордада шетелдік бишілер сынға түсті

Әдемілік пен шеберлікті тоғыстырған «Feerіe Dance – 2019» халықаралық балдық би турнирі мәресіне жетті. Еуразия кубогы үшін өткен байқауға еліміздің және 6 шет мемлекеттің 500-ге тарта дарынды жастары қатысты.

Көрермендер екі күн бойы «Евразия» спорт кешеніндегі спорт пен өнердің, мәдениеттің әдемі үйлесімі – балдық би түрлерін тамашалады. Атап айтсақ, бишілер еуропалық және латын-америкалық би бағдарламалары, танго, румба, джайв, самба, ча-ча-ча және вальс түрлері бойынша сынға түсті. Айта кету керек, байқауда қаладағы «Алекс» би-өнер мектебі бишілерінің хореографиялық мүмкіндіктері көрерменнің де, қазылар алқасының да көңілінен шықты.

Сыр елінде халықаралық балдық би турнирінің екінші рет ұйымдастырылуы өнерге, мәдениетке деген үлкен қолдау екені рас. Ал балаларды кішкентайынан нәзік өнерге баулу олардың тәртіпті де тәрбиелі болып өсуіне ықпал ететіні белгілі. Бұл турнирде де көбелекше қанат қағып, бал қылығымен баураған кішкентай өнерпаздар аз болмады. Соның бірі байқау жеңімпазы, турнирдің ең кіші қатысушысы 8 жастағы – Алтынай Саттыбаева. Тараз қаласынан келген Алтынай балдық би спорттың ең әдемі түрі екенін, ал турнирде қазылар алқасы нақты әрі әділ шешім шығарғанын айтып, әсерімен бөлісті.

Алыс-жақын шет елдердің тәжірибе алмасуына мүмкіндік берген халықаралық балдық би турнирі сенбі күні шоу бағдарламамен қорытындыланып, жеңімпаздар марапатталды.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 08 сәуір 2019 г. 176 0