Кене шағу көрсеткіші 2,3 есеге көбейді

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова және облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Айна Мұхамбетова Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу шаралары жөнінде айтты.

Мамандардың мәлімдеуінше, биылғы көктемгі эпидмаусымда кенелердің белсенділігі артуда. Облыс бойынша 13 аптада тұрғындар арасында кене шаққан 33 адам медициналық көмекке жүгініп, көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 2,3 есеге артып отыр.

– Биыл 30 наурызда Жаңақорған ауданы, Екпінді ауылында Конго Қырым геморрагиялық қызбасына күдікті алғашқы науқас тіркеліп, ол облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Науқас мал ұстайды. Оған зертханалық зерттеулер, емдік шаралар жүргізілді. Бүгінде жағдайы орташа. Қазіргі кезде болжамды диагнозы алынып, науқасқа жедел респираторлы вирусты инфекция және ІІІ дәрежелі темір тапшылығы анемиясы диагнозы қойылып отыр. Былтыр ауруға күдікті алғашқы науқас 27 сәуірде түссе, биыл өздеріңіз байқап отырғандай, бір ай бұрын тіркелді. Яғни, биыл ауа райының жылы болуы салдарынан жәндік үшін қолайлы жағдай қалыптасуда,– деді облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері А. Мұхамбетова. Сондай-ақ, ол аурудың алдын алу шаралары бағытында дәрі-дәрмек пен құрал-жабдықтар қорының жеткілікті екенін де айтып өтті.

Өткен жылы жүргізілген зоопаразитологиялық барлау және зерттеу жұмыстарының нәтижесінде биыл қолайсыз елді мекендер санының 127-ден 123-ке азайғаны белгілі болды.

– Оның ішінде ауруға қолайсыз 49 елді-мекен сауықтырылып, жаңадан 45 елді-мекен қолайсыз аймақ қатарына енгізілді. Облыс бойынша 6646 кене зертханалық зерттеуге жиналып, Шиелі, Жаңақорған аудандарынан серопозитивті, яғни, қызба вирусы бар кенелер анықталды. Бұл көрсеткіштер облыста эпидахуалдың күрделілігін көрсетуде,– дейді департамент басшысының орынбасары Ә.Әбдіқайымова.

Десе де, мамандар  аурудың алдын алу бағытында жан-жақты бірлескен жұмыстардың атқарылып жатқанын жеткізді. Сонымен бірге олар тұрғындарды кенеден аса сақ болуға шақырады. Өйткені, кене адам үстіне жабыспаса да оның вирусын жұқтыра алады. Сондықтан мал күтімімен айналысқанда, мал қырыққанда, сауғанда тағы басқа жағдайда мұқият болуды ескертеді. Егер кене шақса не үстінен кене тауып алғанда дереу медицина қызметкеріне қаралу қажет.

Айнұр БАТТАЛОВА. 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 сәуір 2019 г. 484 0