ЫНТЫМАҚ ЖҮРГЕН ЖЕРДЕ ЫРЫС ЖҮРЕДІ

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен облыстық мәслихаттың кезекті 29-сессиясы өтті. Сессия төрағасы Шәкизада Әбдікәрімов күн тәртібін хабарлағаннан кейін, облыс басшысы депутаттар мен сессияға қатысушыларға соңғы уақытта елімізде және өңірде орын алған қоғамдық-саяси маңызды оқиғалар туралы айтып берді.
Аймақ басшысы осыдан бір ай бұрын Елбасы Н.Назарбаев тарихи шешім қабылдап, Мемлекет басшысы өкілеттігін тоқтатып, Конституцияға сәйкес Ел Президентінің өкілеттілігі Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа берілгенін, бүкіләлемдік қауымдастық еліміздегі жоғарғы билік тізгінінің заңды және бейбіт жолмен берілуін аса құрметпен және түсіністікпен қабылдағанын атап өтті. Облыс әкімі өз сөзінде Елбасының  Сыр еліне деген ерекше қамқорлығына да тоқталды.
– Егемендіктің алғашқы жылдарында Тұңғыш Президенттің жұмыс үстелінде «Қызылорда облысын тарату» және «Арал өңірі халқын көшіру» туралы екі Жарлықтың жобасы жатты. Шындығында, ол кезде мемлекеттің қаржылық жағдайы тым ауыр еді. Сол жылдары Елбасының бастамасымен Аралдың солтүстік бөлігін сақтап қалу туралы шешім қабылданып, үдере көшкен ағайын елге қайтып, атакәсібіне қайта оралды. САРАТС жобасы – осы тарихи шешімнің жемісі. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Әбішұлының шешімімен Қызылордада Орта Азия мемлекеттері басшыларының тарихи саммиті өтіп, Аралды құтқару қоры ашылды. Біріккен Ұлттар Ұйымының биік мінберінен Арал мәселесін көтеріп, әлем назарын Аралға аударды. Осыдан Елбасының Сыр еліне, Арал өңірі халқына айрықша қамқорлығын байқаймыз. Әрине, еліміздің барлық өңірлерінің Тұңғыш Президентке айтар алғысы шексіз. Дегенмен, Сыр елінің Нұрсұлтан Әбішұлына ризашылығы елден ерекше екенін айтқым келеді. Осы мәжілісті пайдалана отырып, Тұңғыш Президентімізге бүкіл Сыр елі жұртшылығы атынан алғысымызды білдіреміз, – деді облыс басшысы.
Мұнан соң  Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Үндеу жариялап, Конституцияға сәйкес елімізде кезектен тыс Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын үстіміздегі жылдың 9 маусымына тағайындағанын айтқан аймақ басшысы ішкі және сыртқы саясаттағы сабақтастық пен тұрақтылықты сақтап, Елбасы ұсынған әлеуметтік бағдарламаларды ойдағыдай сәтті әрі тиімді іске асыру үшін, кезектен тыс сайлау өткізу – өте маңызды іс екенін жеткізді.
–  «Ынтымақ жүрген жерде ырыс жүреді» дейді. Сондықтан, Сыр халқы да саяси науқанға барын­ша жауапкершілікпен қарап, өз құқықтарын пайдаланып, лайықты таңдауын жасайды деп сенемін. Біздің міндетіміз – сайлаудың заңды, таза, ашық әрі әділ өтуін қамтамасыз ету, – деді осы орайда облыс әкімі. Аймақ басшысы 23 сәуірде Елордада «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХІХ съезі, 29 сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVІІ сессиясының өтуі жоспарланғанын, оған біздің облыстан да арнайы делегация қатысатынын мәлімдеді.
Сәуір айының басында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған Үкімет мүшелері Елбасы тапсырған «Әлеуметтік қамқорлық» шараларын іске асыру барысымен танысу үшін облысымызда жұмыс сапарымен болды. Ал сәуір айының үшінші онкүндігінде Мемлекет басшысының облысқа жұмыс сапары жоспарлануда. Онда облыс­та атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерді Сыр еліне алғашқы жұмыс сапарымен келетін Мемлекет басшысына көрсету жоспарланып отыр.
Аймақ басшысы сондай-ақ облыс үшін маңызды бірнеше ауқымды шаралар да өткізілгенін жеткізді. Ақпан айында облыс әкімінің халық алдындағы есепті кездесуі, Елбасының биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялауына байланысты «Жастар жырлайды» республикалық ақындар айтысы, дәстүрлі «Жүрек жылуы» қайырымдылық акциясы, Жастар жылының облыста ресми ашылу салтанаты өтті. Наурыз айында мерекелік шаралармен қатар, Түркия, Ресей, Германия және Қазақстан ғалымдары қатысқан «Сыр өңірінің түркі халықтарының тарихы, мәдениеті мен өнердегі алатын орны» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция, «Nur Otan» партиясының құрылғанына 20 жыл, жалпы білім беретін пәндер бо­йынша республикалық олимпиада, қазақстандық ғарышкерлер Талғат Мұсабаев пен Айдын Айымбетов және әлемдік ғарыштық ғылыми ұйымдардың (SpaseX, NASA) өкілдері қатысқан «Ғарыш. Білім. Интеллект» тақырыбында ІХ Нау­рыз кездесулері жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Тұңғыш Президент-Елбасы Кітапханасы көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Күзет қызметінің Президенттік оркестрінің концерті ұйымдастырылды және «Н.Назарбаев: болашақ бүгіннен басталады» халық­аралық ғылыми-практикалық конференция өтті. 12 сәуірде Ресей Президенті Владимир Путиннің қатысуымен Мәскеудегі Мемлекеттік Кремль сарайында халықаралық ғарыш және авиация күніне әрі Юрий Гагариннің ғарышқа ұшуына 58 жыл толу мерекелік шарасына орай салтанатты шара ұйымдастырылды. Аталған шараға Қазақстан тарапынан облыс әкімі, ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өндірісі, цифрлық даму министрі Асқар Жұмағалиев қатысып, сөз сөйлеу құрметіне ие болды.
Осы ретте облыс басшысы сессияға қатысушыларды алдағы кезеңдегі қоғамдық-саяси шараларға белсенді қатысуға шақырды.
Сессияның күн тәртібінде алдымен «Облыста тарихи-мәдени мұраларды пайдалану мен қорғаудың жай-күйі және оны жақсарту шаралары» туралы облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов хабарлама жасады.
Хабарламашы айтып өткендей, бүгінгі күні облыс көлемінде 517 тарихи-мәдени мұра объектілері мемлекет қорғауына алынған. Оның ішінде 30 ескерткіш республикалық, 256 ескерткіш жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізілсе, облыстық комиссия шешімімен 231 нысан тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын ала тізіміне алынған. Қолданыстағы заңдылықтарға сәйкес мемлекет қорғауына алынған әрбір ескерткішке төлқұжаттары рәсім­деліп, қорғау тақтасы орнатылуы тиіс. Бүгінгі күні 517 ескерткіштің 493-не төлқұжаттары мен қорғау міндеттері рәсімделген.
Кеңестің шешімімен археологиялық зерттеу жұмыстарына облыстық бюджет­тен 2017 жылы 37,2 млн, 2018 жылы 50,8 млн теңге бөлініп, Сығанақ, Жан­кент, Сортөбе, Жент, Кердері, Шірік-Рабат, Қышқала, Бәбіш мола қала­шықтарына қазба жұмыстары жүргізілген.
Мұнан соң тарихи-мәдени мұ­ралар жөнінде құрылған облыстық мәслихаттың Уақытша комиссиясының төрағасы Наурызбай Байқадамов ес­керткіштерге қатысты атқарылған жұ­мыстарға оң бағасын бере отырып, комиссия тарапынан бірқатар ұсы­нысын жеткізді.
Сессияда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен болдырмау бағытында атқарылып жатқан шаралар туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департамент басшысы Абзал Мұхимов баяндады. Қоғамның әртүрлі әлеуметтік топтарының қатысуымен 2018 жылы 4785 іс-шара өткізілген. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 3 есеге артық.
Стратегиялық бастамалар орта­лы­ғы жүргізуімен аймақтардағы кәсіп­керлердің пікірі зерттеліп, кәсіпкер ер­кіндігі мен адалдық көрсеткіші бо­йынша облысымыз адал аймақтардың үштігіне (Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қызылорда облыстары) кіріп, кәсіпкерлердің жемқорлық фактілермен кездесуі төмендегені белгілі болды. Бұл облыс басшылығының  кәсіпкерлерге кедергісіз қолайлы орта құрып, оларға деген қолдаудың арқасында болып отыр.
Сессияның күн тәртібінде бел­гі­лен­ген басқа да мәселелер талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 сәуір 2019 г. 396 0

Едел-Жедел

Күнтізбе

«    Қаңтар 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031