Бал арасын бағамын десеңіз...

 Бұған дейін басылым бетіне ара өсіруді дамытып, табыс тауып жүрген жаңақорғандық Орынбек Асылбаевтың шаруашылығы жайында жазғанымыз бар. Міне, енді Аралдағы Серік Якудаев ақсақалдың кәсібімен танысудың сәті түсті.

Ара демекші, бал арасын зерттеп тану қиынның қиыны. Белгілісі, адам ден­саулығына мың дауасы бар. Бір ғана мысал, араның қанатының суылы бізге байқалмаса да, онымен демалған адамға күш-қуат беретін қасиеті бар екен. Табиғатынан ерекше жаратылысқа ие жәндіктің өмір сүру қағидаты да тым бөлек. Сан түрлі гүл мен өсімдіктен түрлі қорек жинайтын   бал араның емге шипа болар, адам денсаулығында маңызды рөл атқаратыны айтпаса да түсінікті.

Құмбазар ауылының тұрғыны Серік ақсақал 42 жыл ветеринария саласында абыройлы қызмет атқарып, зейнет дема­лысына шыққан. Зейнеттемін деп қарап жатпағанға ұқсайды. Бұрыннан жал­қаулыққа жаны қас ақсақал өзі қызығатын ара өсіру ісін қолға алған. Сөйтіп, облыстағы түрлі омарташылардан сабақ алып, 15 күндей арнайы курстарда оқыған көрінеді. Әбден ізденіп, жан-жақты саралаған соң, бар ынтасымен бизнес жоспар дайындапты. Онысын «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына ұсынып, жобасы үздіктер қатарынан көрінген.

– «Даму» қоры арқылы 1 млн 275 мың теңге қайтарымсыз грант ұтып алған соң, 20 ұя «карпат» тұқымды ара мен бал өндіруге қажетті құрал-жабдықтарымды сатып алдым. Қасыма көмекші ретінде бір жұмысшы бекіттім. Бастапқыда жергілікті ауа райы аралардың үйренісуіне қиындық туғызды. Сондықтан, оларды 20 күндей қолдан бал дайындап бақтым. Артынша, дарияға жақын апарып орналастырдым. Себебі, мұнда оларға азық боларлық шеңгел, жиде, түрлі өсімдік гүлдеп жатыр, – дейді омарташы Серік.

Расымен де, аралар айрықша тіршілік иелері. Олар бір ұяда бір аналық, бірнеше жүз аталық және 100 мыңнан астам жұмысшы аралар өмір сүреді. Яғни, бір-бір әулет. Өз патшайымы, оның күтушісі мен күзетшісі болады. Бұдан бөлек, араның ауыз қуысы кішігірім цех. Себебі, гүлден алған шырынды ұя­сына жеткенше ауыз қуысында балға ай­налдырады. Серік ағамыздың ай­туынша, олардың басты жауы – кө­гершін, тышқан мен құмырсқа көрі­неді. Аралар да бірнеше ауру түр­лерімен ауырады. Тағы бір ерекшелігі, олар темекі мен ішімдіктің, әтірдің иісін жақтырмайды. Жанына жақындаған адамнан осы иіс сезілсе, талап тастауға дейін барады. Сонымен қатар, үнемі қозғалыста болатын олардың ұяшықтарында қысы-жазы 30-35 градус температура сақталады екен.

Бүгінде Серік омарташының аралары бал жинау үстінде. Мамыр айының ортасынан бастап тамыз айына дейін жиналған балды алуға мүмкіндік бар. Бір ұядан аптасына 6-7 келі бал алынса, бір маусымда 100-200 келіге дейін бал қолға тиеді деген сөз. Ал бұны, қаржыға айналдырсаңыз, пайдасы жеткілікті. Міне, қол қусырып жүрген зіңгіттей жігіттерге зейнеткердің үлгісі осындай.

Ержан ҚОЖАСОВ.

Арал ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 03 мамыр 2019 г. 353 0