«Astana Musical» Сыр елінде

«Astana Musical» мемлекеттік театры  8-11 мамыр аралығында Сыр елінде гастрольдік сапармен болып, өз өнерлерін паш етпек. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өнер ұжымының артистері Игілік Оразалы, Инабат Ризабекова, Әділет Әбдуқадіров және театр әкімшісі Жұлқаш Жұмажан мәлімдеді.

– Жастар жылы аясында Орал, Ақтөбе, Қызылорда қаласында іссапарда жүрміз. Құрылғанына аз ғана уақыт болса да, театр ұжымы өнер саласында өз орындарын тапты. Бүгінде театрда 50-ге жуық өнерпаз бар. Барлығы дерлік кәсіби мамандар. Театр әртісінің ең үлкені 27 жаста. Сыр жұртшылығы үш күн бойына театр репертуарындағы Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» этно-фольклорлық мюзиклін, М.Мақа­таевтың «Ғашық жүрек» поэ­тикалық-музыкалық қойылымы мен М.Омарованың «Шәмші» мюзиклін тамашалайтын болады, – деді театр әкімшісі Жұлқаш Жұмажан.

Құрыл­ғанына үш жыл болған «Astana Musical» – еліміздегі «Қа­зақконцерт» мемлекеттік кон­церттік ұйымының негізін­де құрылған тұңғыш маман­дан­дырылған  мюзикл театры.  Жаңа театр заманауи бағыттарға негізделген. Қазіргі күні жас театр отандық мюзиклдердің бірегей репертуарының орталығына айналып үлгерген. Театрдың көр­кем­дік жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров.

Айта кету керек, осы күнге дейін театр «Қыз Жібек» мюзиклімен Берлин, Париж, Вена, Брюссель, Мәскеу де болып, шетелдік көрерменнің ықыласына бөленген. Сондай-ақ, Францияда “Авиньон” фестиваліне қатысып, франциялық көрерменді де таңдай қақтырды. Жас өнер ұжымы алдағы уақытта да өнерлерін әлде де шыңдап, елімізді ғана емес, шетелдік сахнаны бағындыруды жоспарлап отыр.


Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 09 мамыр 2019 г. 157 0