Сыр елі және Елбасы

  «Сыр – Aлaштың aнaсы» деген Елбaсы сөзі сырбойылықтармен қатар дүйім елдің аузындағы сөз маржанына айналды.  Қызылорда жайлы әңгіме қозғала қалса, оның тарихтағы, бүгінгі күнгі орнын осы сөзбен кестелегенде, рухымыз көтеріліп қалады. Тәуелсіздік алғалы бері Елбасының қалтқысыз қамқорлығына бөленген жұртшылық еңбекке деген құлшынысын еселеп, алдыңғы қатардағы аймақтардың сапына енді.

Тәуелсіздік тарихына жүгінсек,  алғашқы жылдардағы жағдай тым ауыр еді. Тұңғыш Президенттің жұмыс үстелінде экологиялық апат аймағына айналған Қызылорда облысын тарату және Арал өңірі халқын көшіру туралы екі Жарлықтың жобасы жатты. Бірақ Елбасы сақтардың ордасы, бертін келе оғыз-қыпшақ бірлестіктерінің орталығы, Алтын Орда мен Ақ Орда хандарының туын тіккен қасиетті топырақтың, 1925 жылы Қазақ Рес­публикасының алғашқы астанасы болып, ұлтымыздың тарихи қазақ атауы қайтарылған қасиетті жердің мәртебесін сақтап қалу туралы шешім қабылдады.

Сөйтіп жер бетінен жоғалғалы тұрған Аралдың солтүстік бөлігін сақтап қалу туралы шешім қа­был­данды. САРАТС жобасы – осы тарихи шешімнің жемісі. Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен Қызылордада Орта Азия мем­лекеттері басшыларының тарихи сам­миті өтіп, Аралды құтқару қоры ашылды. Біріккен Ұлттар Ұйымының биік мінберінен Арал мәселесін көтеріп, әлем назарын Аралға аударды. Осыдан Елбасының Сыр еліне, Арал өңірі халқына айрықша қамқорлығын байқаймыз.

Арал теңізінің қайта оралуы әлем жұртшылығын таңқалдырып, ол «ғасыр жобасы» деп аталды.  «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу» жобасына Қазақстан Дүниежүзілік Банкпен бірлесіп 86 млн АҚШ долларын бөлді. Жобаның алғашқы кезеңінде теңізді бөліп тұратын 14 шақырым «Көкарал» бөгеті тұрғызылып, «Ақлақ» су тоспасы салынды. Сырдария өзенінің арнасы реттеліп, «Қараөзек», «Әйтек» тоспалары қайта жаңғыртылды. Кіші Арал суы бұрынғы жағалауына жетіп, теңіз акваториясы бес есе ұлғайды. Аймақтың ауа райы өзгеріп, климаттық табиғи болмысы қалыптасты. Теңіздің тұздылығы бірнеше есе төмендеді.  Кіші Аралға балықтың 20-дан астам түрі қайта оралып, қазір 8000 тоннаға дейін балық ауланады. Аймақта 8 балық зауыты жұмыс істейді. Сала өнімдерінің тең жарымға жуығы Еуропа және ТМД елдеріне экспортталып отыр.

Елбасы Аралға сапары барысында Қамыстыбас көліне өз қолымен бекіре балығын жіберіп, кәсіптің өркендеуіне тілегін арнап, «Мен Аралға көмектессем деген арманыма жеткеніме қуаныштымын» деді. 

Кейін  «Nur Otan» партиясының кезекті съезінде Елбасы «Тәуелсіздік жылдарынан бері еске алатын болсақ, барлық жағдайымызды Қызылорда өңірімен-ақ салыстырып білуге болады. Кеңес одағы күйреген 90-жылдардың басында менің алдымда бүткіл Қызылорда халқын көшіру турасында мәселе тұрған болатын. Дала қаңырап қалды, жер сортаңданды. Арал аймағында жұмыс қалмай, Сырдың өзінде бірде су тапшы болса, енді бірде асып-тасып жатты. Сонда ақсақалдармен ақылдасып, бәрін қолға алып, жағдай жасауды бастадық. Кіші Аралға халық қайта келіп, балық кәсібіне ден қоя бастады. Қызылорда арқылы өтетін автокөлік желісі салынды. Газ құбыры да батыстан оңтүстікке келді. Сырдың үстінен көпір салынды. Қызылорданың өзі де көркейіп, әлемнің 20 елінде ғана жүрекке жасалатын операция осында жасалатын болды» деді.

Сонымен қатар, Қызылорда облысы аумағынан өтіп жатқан «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ магистралінің игілігі аудан орталықтарына да жетті. Бүгінде бірнеше аудан орталықтарының тұрғындары «көгілдір отынның» игілігін көруде. Алдағы уақытта өзге аудандардың тұрғындары отын мен көмірден арылып, газ пайдалануға көшеді.

Елбасы жыл сайын ақ күріштен тау тұрғызып, рекордтық өнім жинап келе жатқан аймақ диқандарын да жеделхат жолдап, құттықтайды. Елдің әл-ауқатының артуы, өңірдің гүлденуі тікелей еңбекпен байланысты екенін айтып, Жер-Ананың төсінде бел жазбай еңбек еткен азаматтар еңбегін жоғары бағалайды.

Жер кіндігі – Байқоңырға қатысты бастамалар мен ғарыш айлағына қатысты мәселелер де Сыр өңірімен тікелей байланысты.  Сондықтан Елбасы Қазақстан мен Ресей арасында қабылданған ынтымақтастық тұжырымдамасының іске асырылу барысын үнемі назарда ұстайды.

Тәуелсіздік жылдарындағы Сыр елі тұрғындарының болашаққа ұмтылысына, іргелі істерді жүзеге асырудағы әр бастамасына  Елбасы үзбей қолдау көрсетті. Соның арқасында ха­лықтың табысы артты, тұрмысы жақсарды,  ең бастысы, ертеңге деген сенімі күшейді.


Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 мамыр 2019 г. 208 0