Адамзаттың асыл қазынасы

Қорқыт ата мұраларының ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралары тізіміне енуі – Сыр бойының ғана емес, күллі түркі халықтарының мәдени және рухани өміріндегі зор жетістік.

Қорқыт ата мұраларын ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралары тізіміне енгізу бағытында соңғы 4 жыл бойы үздіксіз жүр­гізілген жұмыстар нәтижелі аяқталып, былтыр жыл соңына таяу Шығыс Африкадағы Маврикий елінен сүйінші хабар жетті. Порт-Луис қаласында  кезекті отырысын өткізген ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жөніндегі комитеті «Қорқыт ата мұрасы: дастан, аңыз және музыка» деген атаумен ұлы ұзанның бүгінге жеткен қазыналарын әлемдік жауһарлардың тізіміне қосты.

Қорқыт ата мұрасын адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының реп­резентативтік тізіміне енгізу туралы шешім қабылданған ЮНЕСКО-ның 13-сессиясына әлемнің 217 елінің өкілдері қатысты. Олардың арасында біздің облыстан да өкілдер болды. 

Бұрын Қорқыт ата мұраларын туыстас түркі халықтарының ортақ мұрасы деп есептейтін болсақ, енді ол бүкіл адамзатқа ортақ қазынаға  айналды. Осылайша Қорқыт атадан бері айтылып келген «өмірді мәңгілік ететін – өнер» деген байлам өміршеңдік сатысына көтеріліп, мәңгілік ұлағатқа айналды.

Біздің аймақта 2013 жылдан бері құрамында елімізге белгілі тарихшы, археолог, этнограф ғалымдар, реставратор-мамандар бар облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңес жұмыс істейді. Кеңестің 2014 жылғы отырысында облыс әкімі Қ.Көшербаевтың қолдауымен Қорқыт ата мұраларын ЮНЕСКО-ның «Материалдық емес Мәдени мұралар тізіміне» енгізу мәселесі көтеріліп, одан бері қажетті мате­риалдар жинақталып, Қазақстан Республикасы ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық Комиссиясына ұсынылған еді.

Кейін Қызылорда, Алматы қалаларында сарапшы өкілдердің қатысуымен тиісті жұмыстар атқарылып, «Қорқыт ата мұралары» көпұлттық номинациясын ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізу бойынша сараптамалық кездесулер ұйымдастырылды. «Қорқыт атаның мұрасы: эпикалық мәдениет, халық аңыз-әңгімелер және әуендері» номинациясы бойынша тиісті өтінім әзірленіп, ЮНЕСКО-ның репрезентативті тізіміне қосуға көктемде ұсынылды.

Оған қоса Қызылордада түркітілдес елдердің дәстүрлі орындаушыларының басын қосатын «Қорқыт және Ұлы дала сазы» халықаралық фестивалі, «Қорқыт. Қобыз» атты қылқобызшылар мен қобызбен жыр айтушылардың республикалық байқауы өтті. Қорқыт ата мұраларының әлемдік рухани құндылықтар қатарына қосылуы біздің ұлттық өнерімізге деген қызығушылықты арттырып, музыкалық дәстүрдің кеңінен насихатталуы түркі халықтарының бірігуіне қызмет етеді.


Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 мамыр 2019 г. 165 0