Көш басындағы акционерлік қоғам

 Жуырда аудан әкімі Мұрат    Ергешбаевпен сұхбаттасудың сәті түсті. Әр салаға жеке тоқталған әкім кәсіпкерлікке келгенде әңгімені әріден бастады.

Ел ішінде Қазалыны «кіші Түркістан» деп атайды.  Өткен дәуірлердің өзінде жер шарының бірқатар мемлекетіне үздіксіз кер­уен жүргізіп, сауда-саттық дамыған  Қазалы өңірінің кәсіпкерлік бағытындағы толымды тірлігі бүгінгі таңда да өзгелермен салыстырғанда шоқтығы биік. Аудандағы кәсіпкерлік нысандары тізімінің басында есімі жұртшылыққа жақсы танымал Самұрат Имандосов басшылық жасайтын «Рза» акционерлік қоғамы тұр.

– Атағы әлемге мәлім Ричард атты іскер азаматтың «Бәрін тас­та, ал да баста» деген қанатты сөзі бар. Осынау қысқа да нұсқа айтылған пікірде аңғарған жанға нарға салмақ салатындай жүк жатыр. Самұрат Жұманұлының көпке үлгі болып жүрген  жаңашыл дағдысын, ізденімпаз, еңбекқор, қайсар мінезін көргенде жоғарыдағы есті сөз үнемі ойыма оралады. Өзіңіз ойлап көріңізші! Көктемі кеш келіп, күзі ерте түсетін, жазы аптап, қысы қытымыр аймақта мал өсіру оңайға соқпасы хақ. Самұрат Имандосов тізгінін ұстаған «Рза» акционерлік қоғамы әзірлеген өнімдер Қазалының мақтанышы. Ауданның қаншама тұрғыны аталған ұжымда тұрақты еңбек етіп, отбасыларын  асыраса,  салыққа да қомақты түсім түсіріп отыр. Әлденеше іргелі  ауылдың  бас­ты инвесторы. Мұндай жетістікке жету кез келген кәсіпкердің арманы. Сәкеңнің әрбір қадамын  аудан кәсіпкерлері үлгі тұтып,  ұқсауға тырысады, – дейді ауданы әкімі.

Әкімнің пікірінен соң жұрт­шылыққа түрлі өнімдерімен таныл­ған «Рза» акционерлік қоғамының аяқ алысы,  оның іскер басшысы Қызылорда облысы мен Қазалы ау­данының құрметті азаматы, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Самұрат Имандосов туралы тарқата айтуды жөн санадық.

Өзінің жұмысын ғасыр тоғысқан тұста бастаған «рзалықтар» арада өткен жылдарда небір асулардан өтті. Толағай табысқа жету жолында телегей тер төгіліп, қыруар қаржы жұмсалды. Самұрат Жұманұлы бас­таған ақционерлік қоғам – қазір облыс көлеміндегі қуатты техникалық және өндірістік базасы, кәсіби шеберліктері жоғары мамандары, бай материалдық ресурстары бар беделді мекеме. Акционерлік қоғамда нақты кезеңде 1300 адам тұрақты еңбек етеді. Сонымен қатар, қоғамға қарасты «Рза-Агро», «Рза-Транс», «Рза-Сүт», «Рза-асыл түлік» жауапкершілігі шектеулі серіктестері жұмыс істейді.

«РЗА» АҚ аттестациядан өтіп, мүйізді ірі қара малының қара ала тұқымын өсіретін асылтұқымды шаруашылық деп танылды. 2006 жылы «DUCK Export-Import-Vermittlungen» компаниясымен келісім шарт жасалып, шұжық цехы іске қосылды. Мұнда шығарылатын «Одесская», «Краковская», «Докторская», «Любительская», «Чайная», «Московская» және тағы басқа қақталған, жартылай қақталған шұжық түрлері, сарделька, сосиска, тұшпара, тартылған ет, котлеттер тұтынушы талғамынан табылуда. Күріш өндірудің кластерлік жүйесін енгізу мақсатында Оңтүстік Кореядан «KoreaIndustrial CO LTD» компаниясынан сағатына 5 тонна күріш ақтайтын жаңа технологиялық желі алынып,  күріш өңдеу зауыты іске қосылғалы да біршама уақыт өтті.

«Рза-Асыл түлік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қазақстанның индустриалдық даму картасының белсенді қатысушысы аталғанын да айта кетейік. Бағдарлама шеңберінде біршама уақыт бұрын ірі инвестициялық жобаны жүзеге асырған ұжым экспортқа бағытталған сүт және ет өнімдерін өндіру бо­йынша типтік жобадағы тауарлы сүт фермасына  қоса  ауысымына 30 тонна сүт өңдейтін сүт зауыты салынды. Венгриядан әкелінген голштино-фриз деген асылтұқымды 660 бас қашар қыруар еңбектің арқасында төлі есебінен көбейді. Өткен жылдың шілдесіндегі есеп бойынша асыл­тұқымды мүйізді ірі қара саны 1600 басқа жетті.

«Рза-Сүт» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігі сүт өнімдерін өңдеу,  өткізу қызметін жолға қойған. Кешенге қажетті құрал-жабдықтар Италия, Германиядан   алынған. Озық технология өзін толық ақтап тұр. Мұндағы дәмі тіл үйірген пастерленген және ультрапастерленген сүт, айран, қаймақ, ірімшік, сары май, құрт өнімдеріне  сұраныс мол. Өнімдері Қазалыға қоса көршілес аудандарға, Байқоңыр, Қызылорда қаласы мен Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарына сатылады. Зауыт ұжымының жетістігін жеткізе кетсек. 2011 жылы «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме- конкурсының «Үздік азық-түлік та­уарлары» номинациясы бойынша  дип­ломмен марапатталды. Табыстарды одан әрі тізбектесек. Араға сәл уақыт салып «Халық тұтынатын та­уарларды шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты атанды. 

Акционерлік қоғам құрамындағы «Рза-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін Нұрлан Самұратұлы Имандосов басқарады.

Тындырымдылығымен ерекше­лен­ген Нұрлан Самұратұлы бас­қаратын «Рза-Агро» ағымдағы жылы 4895 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын, оның ішінде 1950 гектар күріш егуді межелеуде. Серіктестік қуатты отандық және шетелдік ауыл шаруашылығы техникаларымен жарақтандырылған.

– Инженерлік жүйеге келтірілген жердің 900 гектары «Мара» агрегатымен тегістеліп пайдалануға  берілді. Алдағы уақытта мұны жылына 300 га жерге жүргізуді межелеп отырмыз. Биылдың өзінде 15 шақырым қашыртқы каналдары тазаланып, 7 шақырым дренаж қазылды. Бұл жұмыстар әлі де үздіксіз жалғаса беретін болады, – дейді шаруашылық басшылары.  

Акционерлік қоғамда мал азығын дайындауға да баса мән беріледі. Құнарлы жем-шөппен қоректенген мүйізді ірі қарадан алынар өнім де көңіл көншітеді. Көктемнің жайма-шуақ  сәтін ұтырлы пайдалануды ойлаған шаруақор жандар уақытпен санасар емес.

«Ауылына қарап азаматын таны». Олай болса, туған жерінің гүлденуіне қомақты үлес қосып жүрген Самұрат Имандосовты қалай мадақтасақ та артықтық  етпесі даусыз. 

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.

Қазалы ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 18 мамыр 2019 г. 120 0