Көпбалалы отбасыларға баспана кілті табысталды

«Бәйтерек» шағын ауданында аз қамтылған көпбалалы 100 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Баспана кілтін табыстауға арналған салтанатты шараға жұртшылық көп жиналды.

Аймақ басшысының баста­­ма­сымен көпбалалы отба­сы­лардың баспанаға мұқ­таж­дық мәселесін шешу үшін «Баламекен» жобасы аясында Болат Өтемұратовтың жеке қорымен бірлесе отырып 150 отбасыға бас­пана салып беру қолға алынған болатын. Оның 50-і жергілікті бюджеттен, 100-і аталған қор қаражаты есебінен. Үкімет Елбасының көпбалалы аналар мен аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамту бағытындағы аймақ бас­шы­сының бұл бастамасын өзге өңірлерге тәжірибе ретінде пайдалануды ұсынды.

Әне-міне дегенше, құры­лыс­шылардың қарқынды еңбе­гінің арқасында үй құрылысы да аяқталды. Қоныс кілтін тапсыру шарасына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Болат Өтемұратов қорының қам­қор­шылық кеңесі төрағасы Алмас Шарман, сала басшылары, ардагерлер, қала тұрғын­дары мен қоғам белсенділері қатысты.

– «Баламекен» жобасы ая­сын­да белгілі азамат Болат Өте­­мұратовпен облыс әкімдігі бір­лесіп, аз қамтамасыз етілген көпбалалы отбасыларды қолдау мақсатындағы келісім бойынша 100 пәтердің құрылысы рекордтық мерзім, екі ай ішінде салынып пайдалануға берілді. Қосымша облыс бюджетінен 50 пәтерге қаржы бөлініп, тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Маусым айында пайдалануға беріледі,– деді облыс әкімі.

Айта кетейік, тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің құны 70 мың теңгені құрайды. Бүгінгі таңда облыс бойынша 2246 көпбалалы отбасы тұрғын үйге мұқтаж.

 Аймақ басшысы соңғы алты жыл ішінде облыс орталығының өзінде 15 шағын аудан салынып, 139 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілгенін атап айтты. 2013 жылы өңірде 270 мың шаршы метр баспана салынса, биылғы меже – 800 мың шаршы метр.

Облыс әкімдігінің баста­масымен 2017 жылы халықтың аз қамтылған және әлеуметтік осал топтарына тұрғын үйге қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған «Орда» аймақ­тық жол картасы қабылданғаны белгілі. Жыл соңына қарай сол жағалауда 2628 пәтерлік 53 көп­қабатты тұрғын үй құры­лы­сы аяқталмақ. Оның 588-і аз қамтылған көпбалалы отбасы­ларға беріледі. Елбасының өткен жылғы Жолдауында айтылғандай, келешекте бір адамды 30 шаршы метр баспанамен қамтамасыз ету тапсырмасын орындауға сырбойылықтар белсене кірісіп кетті.

Осы аптада облыс әкімі Үкі­метте облыстың әлеуметтік-эко­номикалық дамуының 2022 жылға дейінгі жос­парын баян­даған еді. Нәти­жесінде рес­публикалық және жер­гілікті бюджет арқылы облыс дамуына қосымша 219 млрд теңге қаржы қаралатындығын  ай­­мақ басшысы жұртшылыққа жеткізді.

Шарада атап айтылғандай, мұнда салынған 150 пәтердің 149-на көпбалалы отбасылар қоныстанар болса, бір пәтерге халыққа қызмет көрсету орталығының филиалы орналасып, жаңа аудан тұрғындарына қызмет көрсетпек. Ал,  бала­бақ­ша, мектеп құрылысын бастау келер жыл еншісінде.

Мұқтаж отбасыларды бас­пана­мен қамтамасыз ету шарасы мұнымен бітпейді. Облыс әкімі аз қам­­тылған көпбалалы отба­сыларға арналған 431 пәтердің құры­лысына облыс қазы­на­сы­нан 3,6 млрд теңге қаржы бөлінетінін жеткізді.

Шарада облыс басшысы, сондай-ақ, туған же­­ріне жаңа нысандар салып жә­не еліміз бойынша ең арзан үй салып жатқан әлеу­мет­тік жа­уап­кершілігі мол сыр­бойы­лық құрылысшыларға алғыс білдірді.

Болат Өтемұратов қорының қамқоршылық кеңесі төрағасы Алмас Шарман баспаналы бол­ған отбасыларды құттық­тады.

– Еліміздің әлеуметтік саясаты халықтың әл-ауқатын арт­тыруға, өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Бұл бағытта мемлекет тарапы­нан көптеген әлеуметтік бағдар­ламалар жүзеге асуда. Сонымен қатар, бизнес өкілдері халықтың әлжуаз топтарына қамқорлық танытуда. Іскерлік пен ізгілік көріністері қатар жүргенде ғана ісіміз берекелі болады. Болат Өтемұратов қоры халықтың жағ­дайын жақсарту үшін құрылған. Соның бір мысалы – «Баламекен» жобасы аясында облыс әкімдігімен бірлесіп көпбалалы мұқтаж отбасыларға баспана салу болса, бүгін сол игі істің табысты орындалғанының куәсі болдық,– деді ол.

Халық қалаулылары мен бел­сенді азаматтардан құ­рыл­­ған тәуелсіз комиссияның ше­шімімен жаңа баспана бірінші кезекте 10, 9, 8, және 7 баласы бар көпбалалы отбасыларға бе­рілді. Баспанаға ие болған көпба­­лалы аналар атынан сөз алған Ізімгүл Тұрсанова  қамқорлық таныт­­қан ел ағаларына алғысын білдірді.

Жаңа баспана иелері қоныс­танып та үлгеріпті. Жиылған жұрт­ты дәм ауыз тиюге ша­қырып, ыстық бауырсағын ұсын­­ған көпбалалы ананың да,  өз үйінде асыр салған баланың да қуанышында шек жоқ.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 04 маусым 2019 г. 265 0