Қызылордалық еріктілер жалғызбасты анаға асарлатып үй салып берді

Қызылордалық еріктілер жалғызбасты ана, ІІ топ мүгедегі Анаркүл Беласароваға асарлатып үй салып берді, деп хабарлайды «Хабар 24». 
Ораза айт мерекесіне орай жаңа баспананың кілті салтанатты жағдайда табысталды. Ауданның белсенді жастары 3 бөлмелі үйді небәрі 1 айдың ішінде салып шыққан. Қайырымдылық шарасына қатысушылардың дені енді ғана іс бастаған жас кәсіпкерлер. Бірі кірпіші мен ағашын алса, енді бірі іші-сыртын әрлеп берген. 
Сондай-ақ еріктілер тобы тұрмысы төмен отбасыларға арнап киім-кешекті тегін тарату мақсатында «Әлеуметтік дүкен» ашты. «Басты мақсатымыз – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында қазақтың жылу жинау дәстүрі мен асар әдісін қайта жаңғырту», – дейді ұйымдастырушылар. 
Қоғамбек Бисембиев, еріктілер тобының жетекшісі: 
- Тұрмысы төмен отбасыларды, жетім-жесірлерді біз де желеп-жебеп, мейірімділік көрсетпесек, алға қарай басу мүмкін емес. Сондай мақсатта құрылған болатын. Қазір мақсатымызға жеттік. Алға қойған мақсаттарымыз әлі де бар. Соны іске асыра береміз деп ойлаймыз.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 08 маусым 2019 г. 453 0