Өнегелі өмір иесі

Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов мемлекет және қоғам қайраткері Нариман Қыпшақбаевты 85 жасқа толуымен құттықтады. Кездесуге су шаруашылығының мамандары мен сала ардагерлері қатысты.
Еңбек жолын 1958 жылы учаскелік инженер-гидротехниктен бастаған Нариман Қыпшақбайұлы 1974 жылдан еліміз Тәуелсіздік алғанға дейін Қазақ­КСР мелиорация және су шаруашылығы министрлігін басқарды. Одан кейін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасы Су ресурстары мемлекеттік комитетінің төрағасы болып, 5 жыл осы салаға жетекшілік етті. Ал 1996 жылдан Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы Ғылыми-ақпараттық орталығының Қазақ филиалы директоры қызметінде жұмыс атқарып келеді.
– Нариман Қыпшақбайұлы Тәуелсіздік жылдары Су кодексі жобасының әзірленуіне жетекшілік жасап, Орталық Азия, Ресей Федерациясы және Қытай мемлекеттері арасында трансшекаралық өзендердегі су ресурстарын пайдалану жөнінде халықаралық ұйымның құрылуына, соның ішінде Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан мемлекеттері президенттерінің ұсынысы бойынша Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылуына үлкен үлес қосты. Елбасының тікелей бастамасымен қолға алынып, ғасыр жобасы атанған «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС) жобасы бірінші фазасының жүзеге асуына бұл кісінің ерекше еңбек сіңіргенін Арал өңірінің тұрғындары жақсы біледі, – деді аймақ басшысы. Сонымен бірге Нариман Қыпшақбайұлының зейнетке шыққаннан кейін де қарап отырмастан жиған-терген бай тәжірибесін ізінен ерген жастарға үйретіп, оның ішінде, Арал-Сырдария бассейнінің өзекті мәселелерін шешу жұмыстарына да аянбай атсалысып келетінін атап өтті.
Оның елге жасаған адал қызметі мемлекет тарапынан бағаланып, «Еңбек Қызыл ту», «Құрмет белгісі», «Құрмет» ордендерімен, «Қажырлы еңбегі үшін», «Тыңға 50 жыл», «Қазақстанның еңбек сіңірген гидротехнигі» медальдарымен марапатталған.
– Біз қашаннан елдің жүгін қара нардай көтеріп, келешектің қамы үшін аянбай еңбек еткен ерлерімізбен мақтанамыз. Келешекке сеніммен қадам жасау үшін жас ұрпаққа тәлім аларлық өнегелі істерді, парасатты өмір иелерін үлгі етеміз. Нариман Қыпшақбайұлы – қай жерде, қай жұмыста болмасын өзінің өшпес ізін қалдырған, өзіне тән қолтаңбасы бар, туған еліне елеулі еңбек сіңірген азамат. «Ағаға – құрмет, кішіге – ізет» деген пайымды мығым ұстанған өмір жолы – кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге, – деп толықтырды облыс әкімі.
Аймақ жұртшылығы атынан мерейлі мерейтой иесіне сый-сияпат жасалды.
Салтанатты шарада ардагердің әріптес інілері Серікбай Сағымбаев, Бегеш Жақып және қоғам қайраткері Мұрат Шәменов сөз сөйлеп,  тілектестігін жеткізді.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 шілде 2019 г. 94 0