Жаңақорған ауданы: ел еңсесін тіктейтін елеулі істер

Кеше облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың жұмыс сапары Жаңақорған ауданында жалғасты.

Өрелі істері өрге бастаған қарт Қаратау бөктеріндегі жұрттың тыныс-тіршілігі де жанданған. Өндірісі өркен жайып, тамыры тереңге тартқан бірлігі мызғымас мекенде 85 мыңға жуық тұрғын бар. Аймақ басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысып, тұрғындармен кездесті. Сондай-ақ, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған емдеу мекемелерінің ашылу рәсіміне қатысты.

Сапар басы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының бойынан салынып жатқан қызмет көрсету кешенінен бастау алды. «Жан-Арай» серіктестігі қолға алған тірлікке кәсіпкер тарапынан 370 млн теңге инвестиция салынған. Мұнда алма бағы егіліп, жаңа технологиялар өндіріске енгізілген. Сондай-ақ, 300 орындық мейрамхана, 150 орындық қоғамдық тамақтану ғимараты, мотель, кемпинг, сауда, ойын-сауық аймағы, медициналық жәрдем бекеті, автокөліктерге техни­калық қызмет көрсету станциясы, жанар-жағармай құю бекеті, бөл­шек сауда, автокөлік жуу орындары бар.

Ел экономикасының серпінді дамуы өндіріспен өзектес. Жаңақорған ауданында «СКЗ-U» мекемесінің күкірт қышқылы зауыты жұмыс істейді. Бұл – жапониялық «Marubeni»,  «TEPCO» корпорацияларымен және канадалық «UrаniumOne» ком­паниясымен бірлесіп «Қазатом­өнеркәсіп» ҰАК» АҚ іске асырып отырған жоба. Аймақ басшысы мекеме қыз­меткерлерімен кездесіп, жұмыс барысымен танысты.

Айта кетейік, 2013 жылы қуаттылығы сағатына 420 кВт электр энергиясын өндіретін станция іске қосылып, зауытты электр энергиясымен толық қамтамасыз етуде. 285 адам жұмыс істейтін кәсіпорында жылына 500 мың тонна, күніне 1,5 мың тонна өнім шығарылады.

– Аграрлы өңірде химиялық зауыттың жұмыс істеуі – айтуға тұ­рарлық жетістік. Мұнда қыз­мет­керлерге барлық жағдай жа­сал­ған. Осы жерден нан тауып жүрген азаматтардың тең жартысы жергілікті тұрғындар. Қай қырынан алсақ та еңбек ел игілігіне бағытталады. Осы маңдағы Кейден ауылына су апару үшін жылына 4 млн теңгенің электр энергиясын жұмсаймыз. Нәтижесінде тұрғындар егінін егіп, өнімін теруде. Әсіресе, кейдендіктер жүгері егуге көп машықтанған, – дейді кәсіп­орынның бас директоры Мадихан Бекжанов.

Мұнан соң облыс әкімі Жаңа­қор­ған кентінде дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешеніне барды. Кешенде күрестің бірнеше түрі, таэквондо, ауыр атлетика, шах­мат тәрізді 7 секцияға 300-ге жуық бала қатысады. Оларды 7 жат­тық­тырушы спорт түрлеріне баулуда.

Ауданда халықты әлеуметтік қолдау жағы алдыңғы қатарда. Мұнда 2987 отбасы, 17176 адамға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Сонымен қатар, аудан бойынша 268 отбасына азық-түліктей көмек беріліпті. Сапар барысында Қуанышбек Ысқақов әлеуметтік көмек алушы Жанат Мұзаффарованың үйінде болды. Отағасы Жарылқасын Хайдаров – жұмыссыз, ал Жанат базарда. Алты баланың анасы. Күміс алқа иегері.

– Әлеуметтік көмек алдық. Бала­лардың тамағы мен киім-кешегіне демеу болды. Бір-бірімізге құла­ғанда қолдау көрсетіп, қол­ты­ғымыздан демеп, сүрінгенде сүйеніш болған елімнен айналдым, – дейді ол.

Ауданда көпбалалы отбасылар қамқорлыққа бөленген. «Жаңарған Жаңақорған жастары» еріктілер тобының бастамасымен көпбалалы отбасыларға арналған жеке тұрғын үй салуға жұмылған елдің игі ісіне аймақ басшысы да куә болды. Екі тұрғын үйдің іргетасын қалауға қатысты.

– Ұланғайыр атырабымыз қан­дай кең болса, қазақтың пейілі де сондай дархан. Басқа аудан азаматтары сіздерден үлгі алсын. Бас­таманы көтеріңіздер, оны қолдау – біздің міндетіміз. Қазақта «асар» атты үлкен ұғым бар. Бұл арқылы сіздер ұмыт болып бара жатқан ата дәстүрімізді жолға қойып отырсыздар, – деді Қ.Ысқақов іргетас қалау рәсімінде.

Аудан жастарының бастамасымен біріккен топ өткен жылы А.Исаметоваға 4 бөлмелі баспана салып берген еді. Биыл жал­ғыз­басты ана А.Беласароваға 4 бөл­мелі үй тұрғызды. Жас­тардың игі ісіне аймақ басшысы қолдау білдіріп, оң бағасын берді.

Жұмыс сапары кезінде аймақ басшысы «Байкен-U» ЖШС кәсіп­орнының жұмысымен таныс­ты. Серіктестік табиғи уранды жерасты ұңғылап шаю әдісі арқылы жылына 1000 тонна өнім  өндіреді. Мұнда 500 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Ауданда жол жөндеу жұмыс­тары да қолға алыныпты. Облыс әкімі «Жаңарық – Келінтөбе» бағы­тындағы автожолдың жай-күйімен танысты. Облыстық маңызы бар «Самара - Шымкент - Жаңақорған - Түгіскен - Келінтөбе» автомобиль жолының 8,7-шақырымындағы көпір апатты жағдайда тұр. Уақыт ұзатпай шешілуге тиіс мәсе­ленің мәнісіне қаныққан облыс әкімі жөндеу жұмыстарының жо­ғары сапада орындалуын тап­сырды. Бұл күнде жобалау-сме­талық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған.

– Бұл көпір сонау 1976-1977 жылдары салынған. Содан бері жөндеу көрмеген. Апатты деп танылып, 205 млн теңгеге жобалау-сметалық құжаттары әзірленді. Канал Түгіскен массивіне жатады. Жаңарық елді мекеніне су апарады. Он бір мыңға жуық халыққа қызмет көрсететін нысан мәселесі шешіледі деп ойлаймын, – дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Есдәулет Сейілов.

Сапар барысында Қуанышбек Досмайылұлы Өзгент елді меке­ніндегі мемлекеттік-жеке­меншік әріптестік аясында салынған дәрі­герлік амбулаторияның салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Нысан дәрігерлік қабылдау бөлімі, лаборатория, егу бөлмесі, әйелдерге кеңес беру, ерлерді қарау бөлмесі тәрізді арнайы кабинеттермен, заманауи құрал-жабдықтармен жасақталған. Жалпы құны 163 млн теңгені құрайды. Жиырма адам жұмыспен қамтылған нысанның ашылуына жиналған халықтың қуанышы зор.

– Облыстық бюджеттің 54 про­центі әлеуметтік салаға бағыт­тал­ған. Оның ішінде денсаулық сақтау, білім беру, халықты әлеу­меттік қолдау бар. Денсаулық сақ­тау саласы бойынша көптеген нысандар пайдалануға берілді. Жұртшылық олардың игілігін көруде. Заман дамыған са­йын құрал-жабдық та, маман деңгейі де жоғарылайды. Сапалы қызмет көрсететін емдеу мекемелеріңіз құтты болсын, – деді облыс әкімі салтанатты шарада.

Мұндай нысан Ақүйік елді меке­нінде де ашылды. 27 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған дәрі­­герлік амбулаторияның жалпы құны 157 млн теңгені құрайды. Облыс әкімі мұндағы салтанатты шараға да қатысып, халықпен кездесті.

Бұдан әрі аймақ басшысы облыс­тық олимпиадалар және қосымша білім беру орталығында болды. Мұнда Арыс қаласынан 150 бала тегін тынығып жатыр. Солардың бірі – Нұрдәулет Арапбек.

– Арыстан келгенімізге бірнеше күн ғана болды. Демалысымыз жақ­сы өтіп жатыр. Көне қалаларға сая­хаттап, тарихты таныдық. Әр күні бір-біріне ұқсамайтын түр­лі шаралар өтеді. Концерттік бағ­дар­ламаларда белсенділік танытып жүр­міз. Осында Қармақшы ауданы­нан келген балалар да бар. Жаңа дос­­тар таптық. Қызылорда облысы­на келгеніме қуаныштымын, – дейді ол.

Облыс әкімі «Шалқия-Цинк ЛТД» АҚ кәсіпорнында сапарын жал­ғастырды. Мұнда 450-ге жуық адам жұмыспен қамтылған. Кен байыту комбинатының өнімдерін гидро­металлургиялық әдіспен өңдеп, мырыш пен құра­мын­да қорғасын, мыс, күміс және басқа да сирек кездесетін метал­дары бар қорғасын кегін алу жос­парлануда. Ол үшін кен байыту комбинатының жанынан метал­лургиялық зауыт салынатын бола­ды. Мұндағы қазба байлықтың қоры 265 млн тонна шамасында. Бүгінге дейін «Шалқия» кенішінде ұзындығы 1,8 шақырымға жететін өрттен қорғау депосынан үш қабатты әкімшілік-тұрмыстық ғи­ма­ратына және «Выдачная» шахтасына дейін баратын жолға күрделі жөндеу жүргізілген.

Қуанышбек Ысқақов Жайылма елді мекеніндегі №195 мектеп-лицейіне барды. Мұнда ауданның жаңа оқу жылына және жылу беру маусымына дайындығы мәсе­ле­лері қаралды. Аймақ басшысы жауап­ты мамандарға дайындық жұмыс­тарына мән беріп, дер кезінде тиісті шараларды атқаруды тапсырды.

Ауданда 2010 жылдан бері 21 мектеп пайдалануға беріліпті. Биыл Жаңарық ауылында, май бекеті аумағында және «Ипподром» шағын ауданында 300 орындық жаңа мектептердің құрылысына құжаттар дайындалуда. Ауданда 17 мыңнан астам оқушы білім күнін қарсы алса, оның 2250-і бірінші сыныпқа қадам басады.

– Бұл білім ошағы – 2014 жылы ашылған жаңа мектеп. Жоғары сапалы материалдық базамен жасақталған. Робототехника, химия, физика тәрізді кабинеттер ең соны технологияларға ие. Ғылыми жобалар байқауынан да, спорттан да, білімнен де, тіпті робототехника үйірмелерінің жарысынан да шәкірттеріміз алдыңғы орында көрініп келеді. Жаңа оқу жылына сақадай саймыз. 307 бала білім алады, 40 бала бірінші сыныпқа қабылданады, – дейді Жайылма елді мекеніндегі №195 мектеп-лицей директоры Жанат Жүсіпова.

Сапар соңы Сығанақ тарихи қалашығын реставрациялау жұ­мыстарымен танысумен қоры­тын­дыланды. Қалашыққа Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ғалымдары 2003 жылдан бастап археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүр­гі­зіп келеді. «Мәдени мұра» бағ­дарламасы аясында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде қаланың шығыс қақпасының алдынан ғалым, ислам дінінің көрнекті өкілі Хиссамидин (XIV ғ) салғызған мешіт-медресесі табылған еді. Нысанды топырақтан тазарту, қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Аймақ басшысы көне дәуірден мирас боп қалған жәдігер қаланы аралады.


Дәулет Қырдан.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 03 тамыз 2019 г. 281 0