Жастар мерекесі тойланды

12 тамыз – Халықаралық Жастар күні. 1998 жылдың 8-12 тамыз күндері Лиссабонда өткен Дүниежүзілік жастар ісі жөніндегі министрлер конференциясының ұсынысымен БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған.
Басты мақсат – дүниежүзі бойынша жастар жөніндегі білім, жұмысқа тұру, кедейшілікпен күрес, денсаулық сақтау, қоршаған орта секілді мәселелердің түйінін шешу, сол туралы бағдарламаларды тарату.

Бұл күнді Сыр жастары да ерекше қарсы алды. Жастар мерекесі авто және велошеруден басталып, марафонға қатысушылар Тұңғыш Президент атындағы саябақтан, қаланың негізгі көшелері Бейбарыс Сұлтан, Н.Назарбаев даңғылы арқылы Ғ.Мұратбаев көшесімен сол жағалаудағы “Жастар орталығы” ғимаратына дейін жүріп өтті.

Мұнан кейін орталық алаңында жиналған көпшілік жастардың ұйымдастыруымен өткен “Мектепке жол” акциясының куәсі болды. Жиында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қуаныш Жанұзақов  барлық жастарды мерекемен құттықтады.

– Биыл өңір жастары айтулы мерекені өз алаңында, яғни жастар орталығында қарсы алып жатыр. Өздеріңіз білетіндей, аймақта арнайы зәулім ғимарат салынды. Бұл – жастарға жасалған сый. Аз ғана уақыт өтсе де жігіттер мен қыздар осы орталық қызметін пайдаланып үлгерді. Өңір жастарының басын біріктіріп, ауызбіршілігі мен ынтымағының жарасуына сеп болған ел ағаларына алғысымыз шексіз. Бізде өнерлілер мен белсенділер жетерлік. Олар барлық мүмкіндікті пайдалана отырып, елдің дамуына өз үлестерін қосатын болады, – деді Қ.Жанұзақов.

Бүгінгі шарада көпбалалы отбасыларға қуаныш сыйлауға бастама көтерген жастарға ризашылығын жеткізіп, бірқатар белсенділерге облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемовтің “Алғыс хатын” табыстады.

Шара онан әрі шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ сайысына жалғасты. Одан бөлек аймақ жастары ұлттық спорт түрлері – қол күрес, арқан тарту, асық атудан бақ сынасты. Обливашки және бампербол сайыстары да өткізілді.

Бұл күні жастар мүмкіндіктер алаңына барып,  “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясынан, “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен”, “Жастар денсаулығы орталығынан”, “Кәсіпкерлерге қызмет көрсету “ орталығынан, “Жасыл ел”, “Жас құрылысшылар”  еңбек жасақтарының мамандарынан бір терезе аясында кеңестер алды. Елімізге танымал жұлдызды жайдарманшылардың қатысуымен өткен “Stand up” шоуын тамашалады. Онда  әзілкештер қызықты монологтары мен арнайы дайындаған әзілдерін ортаға салды.

Шара соңы мерекелік концертке ұласып, отшашумен аяқталды.

Айта кету керек, кейбір мемлекеттерде жастар күні мемлекеттік деңгейде аталып өтіледі. Мысалы, Қытай, Түркия, Тунис, Камерун мемлекеттері, посткеңестік елдерде Әзірбайжан, Беларусь, Украина, Ресей, Қазақстан, Федерация құрамындағы Оңтүстік Осетия елдері де атап өтеді.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 12 тамыз 2019 г. 175 0