Ағайынның көңілі емен-жарқын

Арыс қаласының төтенше жағдайдан кейінгі тыныс-тіршілігі ел назарында. Мемлекет қамқорлығынан бөлек, барша қазақ жұртының жұмыла қолдау білдіруі ел бірлігінің бекем екенін дәлелдей түсті.

Арыстағы ағайынға көмек қолын созудан Сыр елі қалыс қалған жоқ. Қиын сәтте қи­налғанның жанынан табылып, аға буын да, ерікті жастар да көмек беруден аянып қалмады. Арысты қайта қалпына келтіруде біздің аймаққа жүктелген №6 секторда Сыр құрылысшылары уақытпен санаспай, еңбек етуде. Нәтижесінде төтенше жағдай салдарынан қираған үйлер қалпына келтіріліп, жаңа үйлер де бой көтерді.

Жуырда Қызылорда қалалық мәс­ли­­хат­ы­ның бір топ депутаты Арыс­та­ғы ағайынның жағдайын білуге ар­­найы барды. Қалалық мәслихат хат­­­шысы Роза Боқанова бастаған де­ле­­гация құрылыс компаниялары қал­пына келтірген үйлерді көріп, тұрғындармен кездесті. Арыс тұр­ғындары да емен-жарқын көңіл-күйде.

– Сырбойылық құрылысшы аза­маттарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Жөндеу жұмыстарын жүргізу барысында біздің ұсыныс-пікірімізге құлақ асып, сапалы жұмыс істеуде, – дейді олар.

Айта кетелік, қалалық мәслихат тарапынан арыс­тық­тарды қолдау мақсатында барлығы 1 млн 584 мың теңге көлемінде қаржы ауда­рылған. Оның ішінде 7 депутат ар­найы ашылған есепшотқа 724 мың теңге қаржы аударса, 5 депу­тат өздері басшылық ете­тін ұжым қызметкерлерінің бір күндік еңбекақысын аударуды ұйым­­дастырды. Сондай-ақ, бес құры­лысшы депутат – Қайрат Ерназаров, Бақдәулет Ысқақов, Алтынбек Сүйінтаев, Мұса Абдуқалықов, Ли Илларион  90-ға жуық үйді қалпына келтіруге атсалысуда.


Гүлмира ДІЛДАБЕКОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 тамыз 2019 г. 101 0