Қарбыздың сөлі – көп кеселдің емі

Биылғы шілде тым ыстық болды ғой. Күн шыға аспан асты қайнап тұрғаны. Көлеңкеде қырық бір градус. Қырық күн шілде өткен соң, ыстықтың беті қайта бастады. Жә, ауа райын көп айтып күпір болмай-ақ, қоялық. Одан да назарымызды мына жағымды жаңалыққа қарай аударалықшы.

Жаңақорғанның Жайылмасының қарбыз шырынын шығаратын тәжірибелік шағын цех іске қосы­л­ды. Жыл басында халық алдын­дағы есеп беруінде аудан әкімі Ғалым Әміреев инвестор табылғанын, биыл Жайылмада қарбыз нәрінен сусын шығарылатынын айтқан еді. «Қарбыз сусынын неміс технологиясымен өндіретін серіктестіктің мамандары бұл мәселені зерттеу үстінде» деген-ді. Міне, ауыл тұрғындары асыға күткен сол игілікті іс бастау алды. Осы ауылдық округтегі «Сенім» шаруа қожалығының иелігіндегі нысанға  орналастырылған неміс технологиясының жабдығы жо­ғарыда аталған «Казэкспорт-Трейтинг» арқылы іске қосылды. Бұл жаңа технология бойынша сағатына 1 тонна 100 литр сусын шығарып, дайын өнімдер пакеттеліп, арнайы қоймаларда сақталатын болады. Бұл туралы инвестор Иохан Марс жаңашыл жобаның жай-жапсарын түсіндірді.

– Десе де, шаруа­шы­лықтарға ескертетін бір мәселе бар. Біздің өн­діретініміз табиғи шырын, қарбыз құрамында химиялық қоспалар болмауы қажет, – деді ол.

Біздің қосымша біл­ге­німіз, тәжірибелік алғашқы жұмыстар жүргізілгенімен, кейін өнімді өңдеу жолындағы арынды еңбек Алматыдағы зауытта жалғасын табады.

– Ауылдық округ­тегі шаруа­шы­лықтар мен же­ке тұр­ғындар әр жылы шамамен 500-600 гектар жерге бақша дақылдарын егеді. Тұр­ғын­дардың негізгі табыс көзі егіншілік болған­дық­тан, ала жаздай өндірген өнім­дерінің на­рыққа шық­қанын қа­лай­мыз. Жасыратыны жоқ, ал­ғашқы кезде қарбызға сұ­раныс мол, бағасы да лайықты болғанымен, күзге талап азаяды. Сондықтан бақша өнімі кештеу пісетін шаруалар алаң көңіл болатын еді. Аудан әкімінің Ғалым Әміреевтің бастамасымен ауылға инвестор тар­тылуы, яғни, жаңа технология арқылы қарбыз шырынын шығаратын цех іске қосылғалы бұл күмәннан арылды, – деді ауылдық округ әкімі Талғат Зейдалиев. 

Тәжірибелік негізде іске қосылған цехтың алдағы уақытта арнасы кеңи беретіні сөзсіз. Сол кезде шөліркеген жұртшылыққа қырық градус ыстығың оншалықты бөгет бола қоймас.

Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ.

Жаңақорған ауданы,

Жайылма ауылы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 тамыз 2019 г. 247 0