«Байқоңыр» кешенінде еркін экономикалық аймақ құрылады

Айтулы бастаманы жүзеге асыру үшін Қазақстан мен Ресей арасындағы келісімнің жобасы әзірленді, - деп хабарлайды «Хабар 24».
 Бұл - кезекті үкіметаралық комиссия отырысында талқыланатын негізгі тақырыптардың бірі болады деп күтілуде. Байқоңыр қаласындағы тұрғын үй тапшылығы көптен қордаланған мәселе еді. 30 жылдан кейін алғаш бой көтерген зәулім үйлер қаланың әлеуметтік жағдайына айтарлықтай оң әсерін тигізеді деп күтілуде.
«Арендалық тұрғын үйлерге осы 1 млрд 900 млн теңге ақша бөлініп, құрылысы жүргізіліп, 2019 жылы қалған қаржысы қаралып, 141 млн теңге құрылысы аяқталды. Онымен қоса, коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына жалпы сметалық құны 373 млн теңге ақша бөлініп, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта 2019 жылдың желтоқсан айында толық аяқталып, пайдалануға беріледі», - дейді Қызылорда облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім басшысы Бауыржан Еркебаев.
Бүгінде Байқоңыр қаласында 500-ден астам Қазақстан азаматы тұрғын үй кезегінде тұр. Олардың тең жартысы жуырда мынадай жаңа әрі жайлы пәтерлердің иесі атанады. Қазіргі уақытта 50 пәтерлі 5 көп қабатты тұрғын үйді су, жылу, жарық секілді инфрақұрылым желілеріне қосу жұмыстары жүруде. Сондай-ақ есік алдына мынадай тас төсемелер қаланып, ауласы абаттандырылып жатыр.
Байқоңырда бір текше метр сұйытылған газ шамамен 800 теңге болатын. Қалаға қазақстандық табиғи көгілдір отын қосылғалы тариф 21 теңгеге дейін арзандады. Қазір Қазақстанға қарайтын барлық әлеуметтік нысандар отандық газдың игілігін көруде. Ал биыл қазан айына дейін Байқоңыр қаласының барлық тұрғын үй қорын арзан табиғи газға қосу жоспарланып отыр. Қаладағы тозығы жеткен су, жарық желілерін де облыс меншігінге қайтарып, жаңғыртуға қаржы бөлу қарастырылған. Жұлдызды қалашықтың қарқынды дамуы еркін экономикалық аймақтың құрылуына тікелей байланысты болмақ. Өйткені мамандар келешекті кемел етер біраз жобаларды осы құжатқа топтастырған.
«Президент тапсырмасына орай еркін экономикалық аймақ құру бойынша жұмыс жүруде. Халықаралық ғарыш айлағын құру, инновациялық, жоғары технологиялар, туризмді дамыту, қолайлы инвестициялық ахуал жасау, ғарыш және көлік логистикасы секілді мәселелер қамтылды. Үкіметаралық келісімнің жобасы дайын. Бұл мәселе Мәскеу қаласында өткізу жоспарланған үкіметаралық комиссияның 6-шы отырысына шығарылады», - дейді ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілінің қызметін қамтамасыз ету басқармасының бөлім басшысы Жан Шайхысламов.
«Байқоңыр» еркін экономикалық аймағын салыстырмалы талдау мақсатында 15-тен астам елдің әлемдік тәжірибесі зерделенді, - дейді мамандар.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 тамыз 2019 г. 364 0