293 мектепте «Алғашқы қоңырау» соғылады

 ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің мәлімдеуінше, 1-қыркүйек жексенбіге сәйкес келгендіктен, ол күні сабақ болмайды. Республикамыздың барлық мектептерінде салтанатты сап түзеу шарасы өткізіледі.
Қоңыр күздің алғашқы күнінде еліміздің барлық білім беру ошағы оқушыларға есігін айқара ашады. Жаңа оқу жылында облыстағы 293 мектепке 164500 оқушы келеді деп күтілуде. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 мыңға көп.
Биылғы жылдан бастап мектепке қабылдау, ыстық та­мақпен қамту, лагерьге жолдама беру қызметтері авто­мат­­тан­дырылды. 2020 жылдан бастап министрліктің жос­парына сәйкес,  білім беру меке­мелері жан басына қаржы­ландыру механизміне көшеді. Қаржыландыру енді мектепке емес, әрбір оқушыға бағыт­талады.
Жаңартылған білім беру маз­мұнына  4, 9, 10 сыныптар кө­шуге дайын. Оларға оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер сатып алу үшін жергілікті бюджеттен 1,7 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ, 10-сынып оқушылары «Графика және жобалау», «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» сынды жаңа пәндер оқиды. Алғашқы әскери дайындық курсының мазмұны толық өзгертіліп, «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» деген жаңа атаумен оқытылады. Ал 9-сыныптар функционалдық сауаттылыққа негізделген жаңа форматтағы мемлекеттік емтихан тапсырады.
Қаладағы №№4,12,187, 278 мектептерге ІТ-лицей статусы берілді. Облыстық бюджеттен информатика және робототехника үйірмелерін жүргізуге қосымша қаржы бөлініп, компьютерлермен жабдықталды.
Жаңа оқу жылында 1450 оқушыға арналған 3 жеке мектеп ашылады. Сонымен бірге 600 орындық  мектептің құрылысы аяқталып, қазан айында пайдалануға беріледі.
Бүгінде 667 мектепке дейінгі ұйымда 61 мың бала тәрбие­ле­нуде. Осы жылы өңірде 4 тип­тік жобадағы балабақша ашыл­­ды. Тағы бір жаңалық, бала­ларды ерте жастан дамыту бағ­дарламасы енгізіліп, балабақ­шаға бару кестесі жаңартылады.
Бұл күн әсіресе, 1-сыныпқа аяқ басқан бүлдіршіндер үшін маңызды. Дәл осы сәттен бастап, алғашқы қоңырау үнімен бірге, әр адамның жеке тұлға ретінде қалыптасу кезеңі басталады. Жалпы, өңірде 21 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын алғаш рет аттағалы отыр. Ендеше, тарыдай болып кірген кішкентайларға келешекте таудай азамат болып шығуына тілектеспіз!

Айсәуле ҚАРАПАЕВА.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 31 тамыз 2019 г. 338 0